18 баланы құтқарған полицей: О дүниеге барып қайттым

18 баланың өміріне араша болып, басын қатерге тіккен павлодарлық тәртіп сақшысы Мұрат Нұрсейітов қазір өз шаңырағына оралды.

Тасжолдағы батыл әрекеті ерлікке баланған полицей ақпанда болған апат жайында Baq.kz тілшісіне айтып берді.

Естеріңізге сала кетейік, Павлодар облысының полицейлері жүк көлігі мен балалар отырған автобустың соқтығысуына жол бермеді. Оқыс жағдай Павлодар-Астана тас жолында Спутник және Пограничник ауылдарының арасында болған еді. Автобуста 18 бала мен 4 тәрбиеші болған.

Қазіргі таңда Мұрат Нұрсейітов Баянауыл ауылында ем қабылдап жатыр. Дәрігерлердің айтуынша, тәртіп сақшысының денсаулығын оңалту үшін әлі жарты жылдай уақыт керек.

«Павлодарлық ақ халатты абзал жандар мені о дүниеден әкелді. Ал астаналық дәрігерлер өмір үшін күресу керектігін үйретті. Алғысым шексіз. Олар болмаса, қазір сізбен емін-еркін сөйлесіп, туған-туысқандарымның ортасында отырмас едім. Арманым сол, тезірек сауығып, қатарға оралғым келеді», - дейді Мұрат Нұрсейітов.

Соңы қайғыға ұласуы мүмкін жантүршігерлік жол апатын Мұрат қорқынышпен еске алады.

«БАҚ болған оқиға менің есімде жоқ екенін жарыса жазды. Бұл шындыққа жанаспайды. Есімнен танып қалғаным рас, бірақ мән-жайдың бәрін білемін. Әлі есімде, жол көктайғақ болды. Біз балалармен Баянауылдан Павлодар қаласына бара жаттық. Жолда кездескен жеңіл көліктер бізге жол беріп отырды. Бізге қарсы үш жүк көлігі келе жатты, бірақ жол беретін түрі жоқ. Олар бізге жарты шақырымдай қашықтыққа жақындаған сәтте, бізге КамАЗ-дың автобуспен соқтығыспауы үшін әрекет ету керек болды. Батыл шешім санаулы секундттардың ішінде қабылданды. Әріптесіміз екеуміз қызметтік көлігімізбен соққыны өзімізге алдық», - дейді Мұрат Нұрсейітов.

Қазіргі уақытта Мұрат дәрігерлердің кеңесімен көп қозғалмайды. Десе де, сүйікті жұмысына асық. Жанында жары Әсел бар. Бүгінде үйдегі шаруашылықтың бәрі жұбайына жүктелген.

«Дәрігерлер денсаулығымды күтіп, көбірек тынығуға кеңес берді. Тезірек жұмысыма оралсам екен. Мен өміріме араша болған дәрігерлердің алдында басымды иемін. Шыны керек, бір күні осындай жағдайға тап боламын деп ойлап көрмеппін. Есімнен кетер емес. 17 ақпанда Павлодар қалалық №1 ауруханасының жансақтау бөліміне түстім. Жағдайым оңды болды. Дене жарақаттарым көп болғанына қарамастан, есімнен танған жоқпын. Бірақ, екі күннен соң денсаулығым нашарлап кетті. Комаға түсіп, жасанды демалу аппаратының көмегімен тыныстаппын. Абырой болғанда, менің өмірім үздік дәрігерлердің қолына тапсырылды. Олар болмаса, «Бүгінгі жағдайым не болар еді? деген сауал қоюға да қорқамын», - дейді батыр полицей.

"Мен батыр емеспін. Тек қана қызметтік борышымды өтедім" дейді ол.

34 жастағы Мұрат 16 мамырда Астанаға қаралуға аттанады. Полицей оптимистік көңіл-күйде, оңалу процесі тез өтетініне сенімді.

«Өкінішке қарай, әзірге өзім жүре алмаймын. Қазіргі уақытта туған-туысқандарым қонаққа келіп, хал-жағдайымды біліп тұрады. Жүре бастаған соң, балалармен кездескім келеді. Олар шахмат турнирінде бірінші орынды қанжығасына байлап, жеңістерін маған арнапты. Қуаныштымын!» - дейді Мұрат Нұрсейітов.