Халықтан 300 млн доллар жымқырған Храпуновқа қатысты сот АҚШ-та өтеді

Мұхтар Әбіләзов пен Виктор Храпуновтың қылмыстары өткен аптадан бері талқыға түсіп жатқан жаңа заңмен қарастырылмайды екен. Яғни, олардың әрекеті "Мемлекеттің мүддесіне қарсы ауыр қылмыс" деп танылмайды деп хабарлайды 31 арна.

Халықтан 300 млн жымқырған Храпуновтың қымбат вилласы қайда?Сондай-ақ, ұлтаралық алауыздық және әлеуметтік жік туғызғандар да осы құжат бойынша жазаланбайды. Бүгін бұл мәселе туралы Әділет министрі мен орынбасары түсініктеме берді.

Алматының жерін сатып, жүздеген миллион доллар ұрлады делінген Виктор Храпуновқа қатысты әңгімені ең алдымен Әділет министрі қозғады. Марат Бекетаев, Алматының бұрынғы әкіміне қатысты сот АҚШ-тың Калифорния штатында өтеді деді. Өйткені, Храпунов активтерінің көп бөлігін Швейцариядан осы аймаққа аударыпты.

"Егер Калифорния туралы айтар болсақ, ол жерде бірнеше вилла мен қымбат көліктер бар. Храпунов ең мықты деген заңгерлерді жалдап, тыңғылықты дайындалған. Айтылған мүліктерді оффшорлық компаниялар арқылы рәсімдеген. Алдымен қожайыны Храпунов екенін дәлелдеу керек. Содан кейін тәркілеу туралы айтуға болады. Әлі жұмыс көп. Бірақ, осының өзі ешкімнің де Қазақстан халқынан ұрлаған ақшасын шетелде де игілігіне жарата алмайтынын дәлелдейді", - деді Әділет министрі Марат Бекетаев.

Шағымда Храпуновтың халықтан жымқырғаны 300 миллион долларға жуық деп көрсетілген. Осы орайда, 6 миллиард долларды ұрлады деген Мұхтар Әбіләзов те ойға оралары сөзсіз.

Бірақ, Әділет министрлігінің өкілдері, Храпунов пен Әбіләзовтың әрекеттері "Мемлекеттің мүддесіне қарсы ауыр қылмыс" атты баппен қарала ма дегенге жалпылама жауап берді.

Нақтырақ айтқанда, әлі талқыланып жатқан заң күшіне енгеннен кейін ғана жасалған қылмыстар қарастырылмақ екен. Сондай-ақ журналистер, ұлтаралық және әлеуметтік алауыздық тудырғандар осы құжаттың аясында жазалана ма деп сұрады. Жер мәселесіне қатысты митингке шыққан Макс Боқаев пен Талғат Аян осы 174-бап бойынша сотталған болатын.

Бұдан бөлек, вице-министр "мемлекет мүддесіне қарсы ауыр қылмыс" жасағандарды азаматтықтан айыру мәселесіне де тоқталды. Жаңа заңға сәйкес мұндай жазаға лаңкестік әрекет жасағандар, геноцид себепкерлері ілінуі мүмкін екен. Билікті тартып алуға ұмтылғандар да азаматтықтан айрылмақ. Айта кетерлігі, былтыр сотталған Тоқтар Төлешов, билікті тартып алмақ болды деп айыпталған-ды.