Елімізге «Қазақстан халқы Ассамблеясы» керек пе? - БАҚ

Картинки по запросу қазақстан халық ассамблеясы

Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХV сессиясы 26 сәуір күні өтетін болды. Шыны керек, жұрт арасында Қазақстан халқы Ассамблеясына қатысты түрлі пікір айтылады.

Ғалым Тұрсын Жұртбай «Ассамблея тарқатылмай, Қазақ елі толық тәуелсіз ел бола алмайды», деген болатын.

Жалпы, осы сарындағы пікірлерді зиялы қауым өкілдері жиі айтады, - деп хабарлайды  365info.kz порталы.

Ассамблеяны неге асқақтата береміз?

Әйтсе де кейбір саясаттанушылар ҚХА-ның елімізде жұмыс істегенін қолдайды. Саясаттанушы Әбдіжәлел Бәкір Ассамблеясының пайдасы зор дейді.

Бірақ Ассамблея әлі де өз міндетін дұрыс атқара алмай отыр. Шын мәнінде, Ассамблеяның ең басты жұмысы – халықтардың арасында болып, олардың достығы қандай деген сұрақтарға жауап іздеу болатын. Қазақстандағы ұлттар арасында шешілмей жатқан мәселелерді қалай шешуге болады деген сұрақтарға жауап іздеуі керек еді. Өкінішке қарай, аталған ұйымның жиындары көбінесе «Урадан» әріге аса алмады. Кезінде Ассамблея құрылған кезде оған белгілі бір деңгейде заң жобасын әзірлеу керек деп мақала жазған болатынмын. Бірақ Ассамблеяны өз деңгейінен көтеруге болмайды. Бірақ біз аталған ұйымды өз деңгейінен асыра көтеріп жатамыз,

– дейді саясаттанушы.

Оларда «қазақ мемлекетінде тұрамыз» дейтін тектілік бар ма?

Саясаттанушы Дос Көшім де Қазақстан халқы Ассамблеясы керек деген пікірде. Алайда ол аталған ұйымның қоғамдағы саяси қажеттіліктен туып отырғанын айтады.

Өкініштісі сол, «Біз қазақпыз. Қазақ мемлекетінде тұрамыз» дейтіндей бір тектілікке келген жоқ. Шыны керек, басқа ұлт өкілдерінің арасында пиғылдары елдігімізге зиян келтіретін азаматтар баршылық. Сондықтан да Ассамблеяны саяси жоба ретінде қолдаймын. Мемлекет түрлі диаспора өкілдерін бір идеяға бағыттап отыруы үшін Ассамблея керек. Егер осындай ұйым болмаса, табиғи түрдегі лидерлер шығып, ұлттық мүддеге зиян келтіретін бастаманы жақтап кетуі әбден мүмкін. Әрине, сол лидерлердің барлығының бірдей беделі бар деп ойламаймын. Дегенмен мемлекеттік құрылым болып, түрлі диаспораларды біріктіріп отыру – амалсыздықтан туып отырған жағдай. Бірақ болашақта Қазақстан халқы Ассамблеясының болмайтыны айдан анық, күннен жарық. Сондықтан да Тұрсын Жұртбай Ассамблеяның саяси ойын екенін түсінуі керек,

– дейді саясаттанушы.

Қазақ ешкімді өзектен теппейді

Бірақ Дос Көшім Ассамблеяның атынан 9 өкілдің мәжіліс депутаты болғанына қарсы. Оның ойынша, бұл әрекет қазақ халқына деген теріс көзқарас қалыптастырады.

Еліміздегі диаспораларға арнайы орын берілмесе, олардың өз күшімен Парламентке келуге қабілеті бар ма? Бізде 1994 жылы Шымкенттегі қалың қазақтың ішінен Валентина Щербакова деген орыс депутат болған. Бұл дегеніміз,

қазақтар адамның ұлтына қарамай, оның іскерлігіне мән беретін текті халық.

Өзге ұлт өкілдерін қазақтар сайламағаннан кейін, олар Ассамблея арқылы депутат болып жатыр деген ой қалыптасады. Бір қызығы, Мәжіліс депутаттарын халық сайласа, 9 депутатқа Ассамблеяның мүшелері ғана дауыс береді. Бұл барып тұрған әділетсіздік болып саналады, – дейді Дос Көшім.

Иә, еліміздегі диаспоралардың арасындағы ауызбірлікті сақтау қажет, әрине. Алайда осы татулықты сақтаймыз деп қазақтың ұлттық мүдделерін қашанғы екінші орынға ысыра береміз?

Дереккөз: 365info.kz