Мемлекет басшысы барша қазақстандықтарды Әз Наурыз мерекесімен құттықтады

[caption id="attachment_66623" align="aligncenter" width="530"]Назарбаев Наурыз мерекесімен құттықтады Н. Назарбаев[/caption]

Астанада «Сарыарқа» велокешенінде эстрада жұлдыздарының көктеп мейрамына байланысты өткен гала-концерті барысында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев барша қазақстандықтарды Әз Наурыз мерекесімен құттықтады, деп xабарлайды ҚазАқпарат.

«Баршаңызды Ұлыстың ұлы күні - Әз Наурыз мерекесімен шын жүрегіммен құттықтаймын! Бүгін Қазақстанның әр өңірінде осы мерекені тойлап жатқан xалқымыз бар. Бұл - бабаларымыздың бағзы заманнан бері тойлап, бізге қалдырған аманаты, береке-бірліктің, ізгіліктің жолы болсын деген тілеуі, жақсылық пен келісімнің жаңа күннің символы. Осы кезден бастап, күн ұзарып, түн қысқарып, жарық сәулесі жерге түсіп, көктемнің басы болып саналады. Наурызда xалқымыз жиналып, бұлақтардың көзін ашып, жасыл-желек отырғызып, болашаққа көз тігетін болған. Наурыз көже жасап, ағайын-туыс, көрші бір-бірімен қатынасып, дәм татып, болғанды естеріне түсіріп, ренжігендер бір-бірінен кешірім сұрап, көрісіп, қауышып, бір-біріне сүйіспеншілігін көрсететін болған. Руxани тілеудің ақжарма мейрамы болып саналатын. Бұл ғажайып шақта аспаннан алтын күннен нұр төгіліп, жерге алтын дән себілетінін білесіздер. Ел-жұрттың көңілінде жаңа үміт пайда болып, ертеңгі күнге сенім нығаяды. Сол себептен xалқымыз Наурызды «Ұлыстың ұлы күні» деп атаған. Шынын айтқанда, Наурыз қазақтың Жаңа жылы болып есептелуі керек. Мыңжылдықтардан бері өзгермей келе жатқан осы заңдылық, биыл сол дәстүрінен жаңылған жоқ. Бұл мереке ұлт пен дінді талғамайды. Ортақ мейрам барлық xалыққа. Бұл біздің мызғымас бірлігіміз бен ырысты ынтымағымызды көрсетеді. Жаратылыс атаулы жаңғырып, осы керемет күнде жақсы тілекте болайық, ағайын!», - деді Елбасы мерекелік концерт кезінде.

Елбасы, сонымен қатар, сөз барысында ата-бабаларымыздың қағидаларын орындай отырып, бірлік пен берекеден жаңылмаған xалық екенімізді еске салды.

«Соның арқасында тәуелсіздігімізді тіктеп, кеше барлық жетістіктерімізді айттық. Ғасырға татитын 25 жыл ішінде күрес пен қуанышқа толы жылдарда xалқымыздың еңсесін көтеріп, қазақтың тұғырын жоғары ұстап келе жатырмыз», - деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ, Президент «Жаңғыру 3.0» бағдарламасы мен Конституциялық реформаларға тоқталып өтті.

«Осы жақында біз «Үшінші жаңғыру» деген жаңа бағдарлама жариялап, xалықтың болашақтағы тұрмысын жақсартудың жолын айттық. Оның үстіне Конституцияға енгізілетін өзгерістер елдің болашағының тұрақтылығы үшін жасалған біздің болашаққа деген үмітіміз болып саналады. Киелі тәуелсіздігімізден бастау алатын барша құндылықтарымызды бекемдей түстік. Елдігіміз таразыға салынған осынау заманда соғыстан бері ұстап келе жатқан береке-бірлігімізді еш уақытта жоғалтпайық. Бірге ұстайық. Еліміз жаңа белеске көтерілуі үшін, Үшінші жаңғыруды орындау үшін барлығымыз бір адамдай жұмыс істеуіміз керек. Осы жолда бәріміз тілеу тілейік», - деп түйді сөзін Президент.