Алтай Әбибуллаев өзі туралы қауесет таратқандарға ескерту жасады

Алтай Әбибуллаев өзі туралы түрлі қауесет таратқандарға заң арқылы ескерту жасады. Бұл туралы Қазақ Үні ұлттық порталы хабарлайды.

"Мен туралы кез-келген алыпқашпа әңгіме мен керексіз пікірлерді айтпауды сұраймын, бұл ҚР заңымен қудаланады", - деп жазды ол өзінің Twitter-дегі аккаунтында.

Еске сала кетейік, Сыртқы істер министрлігі таратқан ресми мәліметке сүйенсек, Қазақстанның Польшадағы экс-елшісі Алтай Әбибуллаев шаруашылық жүргізуші субъектінің коммерциялық қызметіне араласуға әрекеттену түрінде мемлекеттік қызмет туралы заңнаманы бұзған.

"2017 жылғы 9 ақпанда өткен ҚР Президенті жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссиясының отырысы барысында ҚР Польшадағы Төтенше және Өкілетті Елшісі А.И. Әбибуллаевты шаруашылық жүргізуші субъектілерінің коммерциялық қызметіне араласуға әрекеттенумен байланысты мемлекеттік қызмет туралы заңнаманы бұзғаны үшін тәртіптік жауапкершілікке тарту туралы мәселесі қаралды", - делінген хабарламада.

Осыған дейін хабарлағанымыздай, Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссия отырысы өткен болатын. Отырыста Қазақстан Республикасының Польшадағы Төтенше және өкілетті елшісі А.Әбибуллаевты мемлекеттік қызмет туралы заңнаманы бұзғаны үшін тәртіптік жауапкершілікке тарту туралы мәселе қаралды. Комиссия отырысының қорытындысы бойынша А.Әбибуллаевқа қызметке сәйкестігінің толық еместігі туралы ескерту түріндегі тәртіптік жаза қолдану жөнінде Мемлекет басшысына ұсыныс енгізуге шешім қабылданды.

2017 жылы 1 наурызда Мемлекет басшысының Жарлығымен Алтай Ибрагимұлы Әбибуллаев Қазақстан Республикасының Польша Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметінен босатылды. Осыған дейін елшіні жауапкершілікке тарту ұсынылған. Алтай Әбибуллаев Қазақстанның Польшадағы елшісі болып 2016 жылдың 11 мамырында тағайындалған еді.