Имам жас қызға өзіне тоқал болуға ұсыныс жасаған

Мен Саматпен өмір бойы шағын ауылда көрші тұрдым. Екеуміз төртінші сыныпқа дейін бірге оқыдық, бір партада отырдық. Ауылымыздағы мектеп бастауыш болғандықтан, мен совхоз орталығындағы мектепке кеттім де, Самат облыс орталығындағы интернатта оқуын жалғастырды. 

Самат өте жуас бала болатын. Партада отырып оған өзім тиісіп, бірдеңе десе, басынан кітаппен бір соғатын едім. Ол мені егіз әпкесіне айтып, олар келіп ұрсып кетуші еді. «Жуастан жуан шығады» деген рас екен, Саматымды да өмір өзгертіпті. Негізі, Самат – өте жақсы жігіт. Мектепті тәмамдаған соң имандылық жолына түсіп, медресе тәмамдап, Пәкістанға оқуға кетті. Ол жақта оқып жүргенде мұсылман елдерінің бірінде кезекті атыс-шабыс басталып кетіп, Самат елге қайта алмай, біраз қиындық көргені бар. Елге келген соң үйленіп, шаңырақ құрды. Құдайы көршім болғандықтан, оның үйіне ара-тұра барып тұратынмын. Келіншегімен де жақсы сыйласамыз. Екеуінің екі баласы бар. Қазір облыс орталығында тұрады.

Өзім жолдасым қайтыс болып, жесір қалғанмын. Ержетіп отырған бір ұлдың анасымын. Жалғызбасты болғандықтан, «қызды кім айттырмайды, қымызды кім ішпейді» демекші, сөз салатындар көп. Дегенмен бірінші орынға баламды қойып, «балама әке бола ала ма?» деген сұрақ тұрғысынан қараймын ер-азаматтарға. Кейінгі бір жыл ішінде әлгі Саматтың Берік деген ағасы (көрші қалада тұрады) қырындап жүрген болатын. Үнемі телефон соғып халімді біліп, ұзақ-ұзақ әңгімелесе жүріп, ол ылғи менің өзіне тұрмысқа шығуымды өтінеді. Мен жекеменшік пәтері жоқ адаммын. Әлдебір кәсіпорында күзетшілікте жұмыс істейтін Берікке құмарта қоймайтын себебім – оның пәтері жоқ. Пәтерден пәтер жалдап жүруге құлқым жоқ. Сол себепті Берікпен қарым-қатынасымыз телефоннан әріге аспай жүрді. Дегенмен жалғыз жүргеннен гөрі арасында әңгімелесіп жүретін адамыңның бары көңілге демеу екен. Берік кейде қоңырау соққан кездерінде қайда жүргенімді сұрап, тергеп-тексеретін бір мінездер көрсетті. Мұнысы маған, әрине, ұнамады. Бірде тату болып, бірде қырын қарап, солай жүріп жаттық.

Бірде мен жұмыстарыммен облыс орталығына бардым. Самат сол қалада тұрады. Сол үйде қонып, бәріміз әңгіме шертістік. Айтпақшы, Саматым бұл күнде қаладағы үш мешіттің бірінде білдей бас имам болған жайы бар. Астында көлігі, басында үш бөлмелі үйі бар, жағдайы жаман емес. Самат менің жұмыстарымды жылдам бітіруіме көмектесіп, көлігімен анда-мында апарды. Онысына риза болдым. Жұмыстарым біткен соң, «Сенімен сөйлесетін сөз бар еді...» - деп, көлігін жолдың шетіне тоқтатты. «Ойбай, кешеден бері таусылмай жатқан не сөз ол?» - деп қоямын қалжыңдап. Саматым қалжыңдайтынға ұқсамайды. – Алтын, – деп бастады ол сөзін байсалды дауыспен. – Сен менің әйелімді жақсы танисың. Әйелім – өте қызғаншақ адам. Мені кез келген әйел затынан қызғанады, адымымды бастырмайды. Жан баласына жолатпайды. Бірақ таңғалатыным, сенен қызғанбайды. Сен сездің бе, жоқ па, өзің білесің, көптен айта алмай жүргенім – сені бала кезімнен ұнатамын. Кезінде мен шет жақта жүргенде тұрмыс құрып кеттің. Қазір басың бос. Балаңды да өзім оқытамын. Екеуіңді де өзім асыраймын. Мен әйелімнен рұқсат сұрадым. Дәл сенімен бас қосуыма қарсы емес, сенен еш қызғанбады. Қаласаң, бізбен бір шаңырақ астында тұр. Қаламасаң, жеке пәтер жалдап беремін. Екінші әйелім бол! – деді нығырлап. «Өй, Самат, қалжыңдап отырсың ба? Мен саған дос ретінде ғана қараймын. Сенімен арамда ешнәрсе болуы мүмкін емес» - деймін ат тонымды ала қашып.

Сен асықпасаңшы. Ойлан. Уақытың жетеді емес пе? – деді Самат. «Самат, мен ойланады деп әуре де болма. Бұл ойланатын тақырып емес. Екеуміздің арамызда әйел мен еркектің арасында болатын сезім ешқашан орнамайды! Басыңды қатырма!» – деп, мен ашуға мінейін дедім. Екеуміз үндеместен үйге қайттық. Заттарымды жинап алып, шай ішпестен мен үйге қайтып кеттім. Саматқа қатты таңғалдым. Талай жылдан бері танитын адамымнан мұндай шығады деп кім ойлаған? Оған не болған? Әйелі, баласы бар. Не жетпейді сонша? Әлде байлығы тасып бара ма? Некелесуге қатысты жергілікті мешіттерде шаралар қолданылып жатқанын білетінмін. Анығырақ айтқанда, соңғы уақытта мешіттер заңды некеге тұрмаған жұптардың некелерін қимайтын болып жүр ғой. Сонда қалай, Самат өзі имам бола тұра, мұндай заңға бағынбағаны ма?

Бір жағынан күлкім де келеді. Оның туған ағасы Берік те маған ынтызар ғой. Отбасымен ғашық болып не көрінген бұларға?

Осы оймен үйге жетіп, келесі күні жұмысыма шықтым. Жұмыста баяғыдай алдымнан жылтыңдап Байрон атты әзірбайжан жігіт шықты. Бұл – бір баласы бар, ажырасқан жігіт. Үш қабатты үйі бар. Өзінің айтуынша, маған ғашық. Алдымды орап, соңымнан қалар емес. Әріптестерімнің бәрі «Өй, Алтын, ойланатын несі бар? Алтын таңдап қайтесің? Қазаққа тиген біздер не қызық көрдік? Жүрміз, міне, шаршап-шалдығып. Ертең бұл сені үлде мен бүлдеге орамай ма?» - деп, басымды қатырады. Кейде қолымды бір сілтей салып, соған тие салайын ба деп те ойлаймын. Пәтердің жоқтығынан, ақшаның жетімсіздігінен налыған кезде сан түрлі ой басады емес пе. Бір құрбыларым болса: «Әзірбайжанға тигенше, имамның екінші әйелі болсаңшы. Сенімді адам ғой», - дейді. Тағы бір қалжыңбастар: «Туф, әрбір махаббат сайын дәрет алып жүремісің», - деп қағытатыны және бар. Не істесем екен? Жалғыз жүргеннен гөрі имамның тоқалы бола салайын ба? Қандай ақыл бересіздер?

Алтын Сармұратова,

Дереккөз: Алаш айнасы