ЕЛ ЕСІМІ ҚАШАН АЗАТТЫҚ АЛАДЫ?

Қазақстан Ресей мен Қытайдың қысымында қалып, анық тәуелсіздікке қол соза алмай жатыр. Тұтастай мемлекетті былай қойғанда «Қазақстан» деген атауымыздың өзі азаттығын ала алмай, «Kazakstan» деп іргедегі орыстың тілімен әлемге көзі жәудіреп қарайды. Қазақстанның осы бір азат бола алмаған атауын батыстың баспасөзі талқыға салып жатыр, - деп хабарлайды Abai.kz.

Біз Ресейдің кириллица әріптерін қолданып келгендіктен де құлдық қамытты мойнымыздан сыпырып тастай алмай отырмыз. Осыдан бірер жыл бұрын әрпіміздің латын әріпіне көшіреміз деп аттандай шапқылаған едік. Тіпті, мұны Елбасының өзі құптап, Үкіметке нақты тапсырмалар берген.

Сол кезде Ресейден бөлініп, тәуелсіздігімізді алсақ та, толық азат бола алмай тұрған күйіміз өзгерер деп үміттенген едік. Сондай-ақ,  «латын әліпбиіне көшу арқылы жаhандану үдерісіне ілесе алу мүмкіндігіміз бар» деп ала шапқын болғанбыз. Бертінде Қасымжомарт Тоқаевтің өзі «Әлем алдында тәуелсіз мемлекет болсақ та, орыстардың «Казакстанынан» неге айырыла алмай жүрміз?» деген сыңайда пікір айтып, біздің басымызды қуаныштан айналдырып жіберген.

Мұның бәрі бос сөз болып қалған сыңайлы. Әлде билік қай ұлтқа жүзін бұрса, сол ұлттың сойылын соғып кететін әдет бар ма, түсіне алмай дал болғанбыз?! Мәселен, латынға көшу жайы сөз болғанда тек қазақ мектептері ғана көшіп, орыстілділер ескі әріпте қалатыны айтылған-ды. Мұны айтқандар «бір мемлекетті екіге жарып, елімізде хаос жасағысы келе ме?» деп шуладық. Сөйтсек, шулайтын түгі де жоқ екен.

Білім реформасы қайтадан жасалып, қазақ тілі түкке қажеті болмай қалды қазір. Негізгі пәндер ағылшын тілінде оқытылмақ. Енді латынға көшсең де, көшпесең де түк өзгермейді. Себебі, қыспақта отырған билік заманның көшін басқа жолға бұрып жіберді.

Десе де халықты қуантатын латын әрпіне көшу деген секілді жаңалықтар не үшін дабыра жарияланып, артынан түк те өзгермей сиырқұймышақтанып кетеді. Оның бәрін экономикалық жағдайдан іздеу керек секілді. Мәселен, Қазақстанның сыртқы қарызы 155,57 миллиард долларды құрайды. Ал, Қытайға қарызымыз 2015 жылдың 1 тоқсанында 13,35 млрд доллардан асқан.  Бұған Гонконг үкіметіне қайтарылуы тиіс 5,12 млрд долларды қосыңыз.

Мұның бәрі мемлекеттің, мемлекетті былай қойып, қазақ ұлтының аяғына түскен тұсау деп қарауымыз қажет. Қазір Қытайлар осы қарыздың арқасында елімізге келіп, түрлі кәсіпорындар салып, білгенін жасамақ ниетте.

Біз осы жайларды жаппай қозғай бастасақ болды, «әйелін ұрған еркек 40 мың айыппұл төлейтін болды» деген сыңарезу ақпарат алқымнан ала түседі. Оны ысырып тастап, тағы ақиқаттың жүзіне тура қараймыз дегенше «полицейді ұрған адам 11 млн. теңге айыппұл төлеуге міндеттеледі» деп министрің бүйректен сирақ шығара қояды.

Қазіргі таңда, Қытай тарапынан қысымға алынып жатқан Моңғолияны қараңыз. Ресей 174 млн доллар қарызын кешті, ал Қытай Халық республикасы қаhарына мініп, 580 млн доллардың өтеуін сұрап жатыр. Моңғолияның жағдайы мүшкілденіп барады. Осыған байланысты ҚХР Қытай-Моңғолия үкіметаралық келісімдерін тоқтату көзделген.

«Кейбір дереккөздерге сүйенсек, осы жағдайға байланысты Моңғол үкіметі елде «Отан сүю» атты қайырымдылық акциясын бастады. Осылайша, халықтың банктерде сақталған депозиттерін, алтындары мен бағалы бұйымдарын, тіпті ауылдағы жұрттан астындағы аттарын қайырымдылыққа алу арқылы мемлекетті қарыздан құтқаруға шақыруда. Бұл қайырымдылық акциясын моңғолдың бір экономисті бастап, өзі 100 миллион тугрик (шамамен $40 мың), 10 бас жылқы және алтын жүзігін салған. Тағы бір шенеунік өзінің үш айлық еңбекақысын берген» дейді.

580 млн доллары үшін Моңғолияны осындай қыспаққа алып жатқан Қытай бізді аямақ па? Олар Қазақстанның 20 млрд долларға жуық қарызын сұрай бастаса, біздің шенеуніктер қайырымдылық акциясын ұйымдастыруды қаперіне де алмай, шетел асып кетер. Ойлаудың өзі қорқынышты. Орыстың «Kazаkstan» деген атауынан арылуға батылы бармай отырған біздің мемлекет Қытай тізесін батырса, жаялығын сулап қоятын шығар.

Мөлдір Байбөрі