ӨЗ ТІЛІҢДІ ҚҰРМЕТТЕ!

Орталық байланыс қызметінде Елбасының жаңа Жолдауын талқы­лағанда, депутат Берік Дүйсенбинов үш тілділік туралы былай деді: – Елбасымыздың осы Жолдауын­дағы қазақ тілінің мемлекеттік рөлі мен мызғымас орыны туралы айтқан сөзін толық қолдаймыз. Кезінде ақын Қадыр Мырза Әли: Ана тілің арың бұл – Ұятың болып тұр бетте! Өзге тілдің бәрін біл, Өз тіліңді құрметте! – деген еді. Сол секілді, үш тілділіктен бұрын біз мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру туралы ойды қолдап, болашақта қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту керек. Халық қалаулысының пікірінше, мемлекеттік тіліміздің мәселесі қашан да болсын өзекті бола бермек. – Оның тағдыры мен болашағы – Отанымыздың әрбір азаматының қолында. Қазақ тілі – тұғырлы тіл болып, халық арасында өзінің айрықша бағасын алуы керек. Тіл – ұлттың жаны, жүрегі болғандықтан, тіліміз тұғырлы, ғұмырлы болуы керек емес пе? Сондықтан, әрбір Қазақстан азаматының бір-бірімен қазақ тілінде сөйлеп, ана тіліміздің мәртебесін өркендетуі керек. Бұл – азаматтың ел алдындағы борышы, міндеті! Ал, үш тілде білім беру жүйесіне келсек, Қазақстанның әрбір болашақ жас өскіні – болашақта әлеуетті, прогресті, жан-жақты дамыған интеллектуал, эрудит болып, кез келген елдің азаматымен білім-ғылым, заманауи прогресс жолында бәсекеге қабілетті болып, тар­тыс­қа түсуі үшін үш тілді білім беру жүйе­сінен тәлім алуының маңызы өте зор. Президентіміз Жолдауында көрсеткендей, казіргі кезде әлемдік ғылыми ақпараттың 90 пайыздан астамы ағылшын тілін қолдануда. Елімізді өркениет жолына шығарамыз десек, осы көштен кейін қалмауымыз қажет. Оны түсінбейтін қазақ жоқ. Бірақ Елбасымыз көрсеткендей, бұл кезең-кезеңмен, салмақтап жүзеге асатын дүние. Қазақ: «Сабыр түбі – сары алтын» дейді, бұл жүйеге тек сабырмен, төзіммен қарап, болашақтың жарқын сәтінен үміт күтейік. Сол уақытта жаңа технологиялардың тетігін ұстайтын қазақ балалары үш тілді білім беру жүйесінен білім алғандықтан, өз ойларын бүкіл әлемге емін-еркін айтары анық, – деді Берік Сәлімжанұлы. «Ақ жол» ҚДП-ның баспасөз қызметі qazaquni.kz