Ресейдің 35 дипломатына АҚШ-тан кетуіне 72 сағат уақыт берілді

АҚШ билігі 35 ресейлік дипломатты елден қуып, Мәскеуге жаңа экономикалық санкция салу туралы шешімін жариялады. Бұл - Вашингтонның АҚШ-тағы президент сайлауы кезінде "Ресей ұйымдастырды" деп сипатталған хакерлік шабуылға жауабы деп хабарлайды Азаттық.

Ресейдің 35 дипломатына АҚШ-тан кетуіне 72 сағат уақыт берілдіАқ Үй 29 желтоқсан күні жариялаған бұл шешімнің қабылданғалы жатқанын президент Барак Обама бұған дейін де айтып қалған. Обаманың президенттік мерзімінің бітуіне бір айдай ғана уақыт қалды. Жаңа сайланған президент Дональд Трамп Ақ Үй мен ЦРУ-дың президент сайлауы кезінде Ресейдің хакерлік шабуыл жасағаны туралы мағлұматтарына құлақ аспай келген. 20 қаңтарда қызметіне кірісетін Трамп АҚШ-тың Ресейге салған санкцияларын созуға қажеттілік бар ма деген де мәселе көтерген.

Бейсенбіде Ақ Үй таратқан мәліметте Ресейдің Мэриленд пен Нью-Йорктегі дипломатиялық өкілдіктерінің тыңшылық жасады деген күдікпен жабылатыны жазылған. Сонымен бірге 35 ресейлік дипломат тыңшылық жасағаны үшін "персона нон грата" деп жарияланып, олардың АҚШ-тан кетуіне 72 сағат уақыт берілген. Бұған қоса Вашингтон ресейлік арнайы органдар - ГРУ мен ФСБ-нің тоғыз өкіліне қаржы және саяхат санкцияларын салды.

Президент Обаманың атынан жарияланған мәлімдемеде: "Ресейдің агрессияшыл іс-әрекетіне қарсы жасаған тұтас шарамыз бұл ғана емес. Уақыты мен мекеніне қарай тиісті шара қолдана береміз, олардың кейбірі әлі жарияланған жоқ" деген жолдар бар.

ЦРУ, ФБР мен америкалық басқа да барлау ұйымдары Ресей үкіметінен нұсқау алған хакерлер сайлауалды науқан кезінде АҚШ Демократиялық партиясының және басқа да лауазымды өкілдердің сервері мен электрондық пошталарына бұзып кірді деген тұжырым жасаған.

9 желтоқсанда The Washington Post газеті ЦРУ ресейлік хакерлер тек америкалық сайлау жүйесіне нұқсан келтіріп қоймай, Трамптың президент сайлауында жеңіп шығуына көмектеспек болды деп хабарлаған. The New York Times газеті хакерлердің Республикалық партияның компьютерлеріне де бұзып кіргенімен бұл партияға нұқсан келтіретіндей электрондық хаттар мен материалдарды әшкере етпеген деп жазған.

Сарапшылар бұдан соң Ресейдің хакерлері Трамптың қолын Ақ Үйге жеткізуді мақсат етті деген қорытынды жасаған. Дональд Трамп 8 қарашада өткен президент сайлауында демократ кандидат Хиллари Клинтоннан үстем түскен болатын.

Бұл тұжырымдарды Трамп үнемі жоққа шығарып келген. 11 желтоқсан күні берген бір телесұхбатында ол демократтар өзін жеңістен айыру үшін ЦРУ-дің мәліметін пайдаланып бағып жатыр деген пікір айтқан.

Бірақ Трамп Конгрестегі Республикалық партия өкілдерінің тарапынан да қысымға ұшырай бастады. Республикашыл заң шығарушылар ресейлік хакерлердің әрекетін жан-жақты тексеруді талап етіп жатыр. Қаңтарда Сенаттың үш бірдей комиссиясы бұл мәселені қарамақ.

Кремль АҚШ-тың Демократиялық партиясы мен сайлау жүйесіне жасалған хакерлік шабуылға қатысы жоқ екенін мәлімдеп келеді. Бірақ Ресей президенті Владимир Путин бұл мәселеге қатысты екіұшты комментарийлер айтып қалған.