"Астананың" жаңа ойыншысы ай сайын 40 мың еуро жалақы алатын болады

"Астананың" жаңа ойыншысы ай сайын 40 мың еуро жалақы алатын болады
Футболдан Албания ұлттық құрамасының шабуылшысы 28 жастағы Аздрен Лулаку "Астана" футбол клубымен екі жылдық келісімшартқа отырды. Бұл туралы елордалық команданың баспасөз қызметі хабарлап отыр.

Албан футболшысы шабуылшының да, жартылай қорғаушының да позициясында ойнай алады. Соңғы екі маусымда ол румындық "Газ-Метан" футбол клубының сапында ойнап, Румынияның ең үздік сұрмергені атанған.

Биылғы маусымда румын чемпионатында 20 матч өткізген Лулаку 16 гол соғып, сұрмергендер көшін бастаған. Албанияның БАҚ өкілдері хабарлағандай, Лулакудың "Астанадағы жалақысы 35-40 мың еуро аралығында болмақ.

"Мен Астанаға баратыныма қуаныштымын. Біз клубты отбасымызбен бірге таңдадық. Өзге клубтар да шақырды. Мәселен, Түркияның командасы бар, еуропалық "Легия " мен "Лех" бар. Бірақ, менің таңдауым "Астанаға түсті. Өйткені ол Еуропа чемпиондар лигасында ойнап жүрген команда. Таңдауды жасауға көмектескен агентімен де алғысым шексіз", - дейді Лулаку.