Шыңғысхан өсиетінің құпиясы ашылды

Ғалымдар А.В. Анохин атындағы Алтай Республикасы Ұлттық Мұражайында сақталған Шыңғысханның қолжазбасының құпиясын шешті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ұлы қолбасшы Шыңғыс хан

«Ақыл кілті» қолжазбасы — ғылымға белгілі ең ежелгі моңғол жәдігерінің бірі. Ол XIII-XIV ғасырлардағы көне моңғол тілінде жазылған.

Шыңғысхан кеңестерінде «әйелдердің сөзіне аса сенбеуге» үндеген. «Құл арқылы ұлыңа бұйрық берме», «жауыз немесе іші тар адаммен кеңеспе», «көпшілік адам мақұлдағанды теріске шығарма» деген үзінділер бар.

Жазбада Шыңғысханның кейінгі ұрпаққа  кеңестері жазылған, онда «сенімсіздік тудырған адамға сырыңды ашудың қажеті жоқ» делінген.

Таулы алтай мұражайы қызметкерлерінің хабарлауынша, қолжазба сутра үзінділерін қамтиды. Сутра балаларды тәрбиелеу кезінде тапсырма, өсиет түрінде ауызша таратылған болуы мүмкін. Бастапқыда оны Шыңғысханның өзі айтқан. Ауыздан-ауызға тарап, қолбасшының жолдауы қатты өзгеріске ұшыраған. Көп парағы жоғалып кеткен.

Ғалымдардың пікірінше, қолжазбаны хат жазуға жаттығу үшін пайдаланған болуы мүмкін. Парақшаларда ежелгі моңғол әліпбиі мен жазу үлгісі бар. Мәтінді үш адам жазғанға ұқсайды. Олардың бірінің жазуы әдемі. Ғалымдар бұл мұғалімнің не жазуға машықтанған адамның жазуы екенін айтады. Қалған екі жазу жаңа жазып үйренгендер сияқты. Мәтінді бамбук таяқшаларымен және қылқаламмен жазған. Жоғарыдан төмен қарай жазылған классикалық моңғол хаты, жолдар оңнан солға қарай орналасқан.

Шыңғысханның жолдауын РҒА СБ филология институтының бас ғылыми қызметкері Ирина Невскаяның басшылығымен ғылыми диссертация қорғау аясында германиялық университеттің студенті Херлен Больд шешті.