С. Әбдiрахманов: Шетелдік фильмдердің барлығын қазақ тіліне аударудың қажеті жоқ

Мәжiлiс депутаты Сауытбек Әбдiрахмановтың пiкiрiнше, шетелдiк фильмдердiң барлығын қазақ тiлiне аударудың қажетi жоқ, деп хабарлайды Bnews.kz тілшісі.

«Өткен жылдары қабылданған заңның өзiнде кiнәрат бар. Ол кiнәрат «барлық» деген сөзде болып отыр. Бүкiл фильмдердi аударудың қажетi жоқ. Нақтылап айтайын, барлық қаржыландыру көздерi табылған кезде, студиялар жабдықталған кездiң өзiнде бүкiл фильмдердi қазақ тiлiне аудару керек емес. Қазақ тiлiне аударуды қажет етпейтін зиянды фильмдер бар. Мәселе осында», - дедi депутат келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап прокатқа шығатын барлық шетелдiк фильмдердi қазақ тiлiне аудару ұсынысын талқылау барысында.

Оның айтуынша, заңнан «барлық» деген сөздi алып тастау керек.

«Қазақ халқына керек фильмдердi ғана аударуымыз қажет.  Бiз қазаққа әлемдiк кино өнерiн насихаттау миссиясын өз мойнымызға алмаймыз. Бұл мүмкiн емес. Елiмiзге келетiн фильмдердiң санының өзi 270», - дейдi депутат.

Айта кетсек, 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап прокатқа шығатын барлық шетелдiк фильмдердi қазақ тiлiне аудару ұсынылып отыр.  Атап айтқанда, қазақ тiлiнде кадрдан тыс аударма және субтитр түрiндегi аударма немесе дубляж жасалуы тиiс. Мәдениет мәселелерiне қатысты жаңа заң жобасына осы түзетудi ұсынған Мәжiлiс депутаты Шаймардан Нұрымовтың айтуынша, заңның бұл нормасы 2012 жылдан берi күшiнде болса да, жұмыс iстемей келедi, себебi фильмдердi дубляждау көп шығынды қажет етедi. Сондықтан елiмiзде тек кейбiр фильмдер ғана дубляждалады, ал көптеген кино туындылар қазақ тiлiне мүлде аударылмай қалып жатыр. Кадрдан тыс аударма дубляждауға қарағанда әлдеқайда арзанға түседi, яғни заң нормасын орындауға мүмкiндiк туады.