Асқар Жұмаділдаев: Ағылшын тілі варварлардың тілі деп есептелген

Танымал математик Асқар Жұмаділдаев Алматыдағы жиында физиканы адам ана тілінде жөндеп ұқпай, оны ағылшын тілінде ұқтырамын деген бос әңгіме екенін айтты. Бұл туралы NUR.KZ хабарлайды.

Жұмаділдаев қазақ тілінің мектепте оқуға жарамай қалғанына күйінді

Асқар Жұмаділдаев бұл сөзін Қазақстан мектептеріне үштілділікті енгізу мәселесіне арналған IQ Studio сараптамалық жиынында айтты. Академиктің айтуынша, ол балалардың ағылшын тілін меңгеруіне қарсы емес, бірақ олардың бастауыш сыныптан бастап үш тілде миын ашыту дұрыс емес.

"Физиканы адам ана тілінің өзінде де жөндеп ұқпайды. Оны ағылшынша ұғамын дегеннің барлығы бос сөз. Бізде қазақшаның өзіне, өзіміздің тілімізге құрмет жоқ. Қазақ тілі 9-сыныптың физикасын оқуға жарамаса, ол қандай тіл болды? Намыс деген қайда сонда?!", - деді ол. Сонымен бірге, ол әлемдегі қайсыбір тілдің басым болуы турасында да өз ойын ортаға салды. Оның айтуынша, "дүние алма кезек" деген тіркесті тілге қатысты да айтуға болады.

"Исаак Ньютон бірінші рет ағылшынша мақала жазғанда, жұрттың бәрі қарсы шыққан. Ол кезде ғылым тілі латын тілі болатын. Ағылшын тілі неміс тілі сияқты варварлар тілі деп есептелген. "Бұл тілде ғылым жасауға болмайды. Қалай, сен не істеп отырсың, күпірлік жасап отырсың. Бәрі латын тілінде болуы керек деген" пікірлер айтылған. Бірақ қазір латын тілі қайда, ағылшын тілі қайда? Демек, заман тұрғысынан, тарих тұрғысынан алғанда, "дүние алма кезек" екенін түсінуге болады. Бір кезде білінбейтін, айтылмайтын, ештеңе шықпайды дейтін тілдер алға дамып кетті. Ешкім білмейтін халықтар алға шығып кетті. Сондықтан, біз, бұл арада міндетті түрде қазақтың тілі ғылым тіліне айналуы керек дегенді мақсатқа айналдыруымыз керек. Шыға ма, шықпай ма оған бас ауыртудың керегі жоқ", - деді ол.

Еске салсақ, Алматыда Қазақстан мектептеріне үштілділікті енгізу мәселесіне арналған IQ Studio сараптамалық жиыны болып өтті. Оған академик Асқар Жұмаділдаев, журналист Әміржан Қосанов, қоғам қайраткері Дос Көшім шақырылып, енгізілгелі отырған реформаға қатысты пікірлер мен ойлар ортаға салынды.