Қ. Жұмаділов: Қазақ орысқа еш уақытта өз еркімен қосылмаған

Тарих саясатпен байланысты. Тарих сая­сатқа бағынады. Саясатқа бағынды деген сөз билеуші топқа бағынды деген сөз. Сон­дық­тан Кеңес заманындағы тарихымыз бұр­ма­ланған тарих болды.

Картинки по запросу қабдеш жұмаділов

Жавахарлал Нерудің сө­зі бар: «Отар елдің тарихын отарлаушы жа­зады» деген. Бізде дәл сол болды. Біздің тарихты орыстар жазды, не болмаса солардың айту-көрсетуімен Ресейдің ыңғайына орай­ластырып қазақ тарихшылары жазды. Еш­қан­дай нақтылық жоқ, бұрмаланған тарих болды да шықты. Соған қарап тұрсаң, бір кездері Қа­зақстан Ресейге өз еркімен қосылған бо­лып шығады…

Орысқа қазақ еш уақытта да өз еркімен қосылмаған. Әбіл­қайыр заманынан кейін де алаш жұрты өз еркіндігі үшін орыстармен талай соғысты. Тіпті он тоғызыншы ғасырдың өзінде оңтүстік жақ берілген жоқ. Тек Черняев зеңбіректің оғы­ның астына ала отырып көндірді. Демек қазақтың орысқа өз еркімен бағынуы жалған.

Қазақ қашанда бостан болуды, азат болуды сүйген ел. Біз кешеге дейін тарихты кері оқып келдік. Ал қазір заман өзгерді. Тәуелсіз елміз. Сондықтан ащы да болса тарихты келер ұрпаққа дұрыс жеткізу парызымыз. Құдайға шүкір, қазір кезінде айтылмаған шындық айтылып жатыр. Тасқа басылып, қатталып жазылып жатыр. Елдің көзі ашылды. Бұрыс пен дұрысты таразылады. Тәубә!

Қазір біз жоң­ғар заманынан өтіп, Шыңғысхан дәуірін зерттеуге көштік. Ұлы қаған ешқандай моң­ғол емес, таза түркі екенін дәлелдеуге тыры­сып жатырмыз. «Моңғолдың құпия тарихы», сол секілді Рашид ад-Диннің «Жылнамалар тарихы» секілді дүниелер кезінде дұрыс аударылмаған. Менің ше, әдейі аудармаған секілді. Осыдан келіп қателіктерге ұрындық. Шыңғысхан – түрік. Ал осы «түрік» деген сөзді әдейі қоспаған. Сол тарихи дүниелерді қазір қытай тіліне жетік білетіндер қайтадан аударып жатыр.

Шындық әлі айтылады. Оның бүкіл нояндары түркі тайпаларынан шыққандар, қайын жұрты, нағашы жұрты қоңырат. Тарихты жетік білетін Мұхтар Мағауин «Шыңғысхан және оның заманы» дейтін төрт томдық кітап жазды. Бар ащы шындық сонда көрсетілген. Өзге де зерттеу­шілер Шыңғысханның түрік екеніне көз жет­кізді. Солай деп көрсетуде.

Кейбір импе­риялар тарапынан жүргізілген кезіндегі со­лақай саясат Шыңғысханды түрік емес, моңғол етіп көрсетуге тырысты. Өйткені ұлы қаған­ның түрік екенін мойындау, Шыңғыс­ханды түрік деп тану, сан-салалы түрік жұртын қайта көтеру, рухын оятып жіберу деп ұғып, одан қорықты.

Енді қазір біз Ұлы қа­ғанды қалайда әлемге түрік екенін мойын­датуға күш салуымыз керек. Мәселе, оны қазақ деп, мына тұрған Түргенде, Жаркентте туған, сол жерде өсіп-өнген деген өтірікті айтпауымыз керек.

Бұрхан-Халдун қайда, Жаркент қайда? Өтіріктің құйрығы бірақ тұтам деген. Мәселе, Шыңғысханның қазақ болуында емес, мәселе оның «арғы атам ер түрік» деп кешегі алаш зиялылары жырла­ғанындай, түркі азаматы болуында. Біз осы жағынан келуіміз керек.

Жазушы Қабдеш Жұмаділовтің «Айқын» газетіне берген сұхбатынан үзінді