Астанада аты өшкен Мирзоян Ақтөбеде неғып тұр?

Соңғы кездері әлеуметтік желіде көп бөлісіп, қатты сынға алынған тақырыптың бірі — Ақтөбе қаласының қақ ортасында орналасқан Левон Мирзоянның ескерткіші. Бұл туралы qazaquni.kz порталы kaz.365info.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

"Мынау — Ақтөбе қаласы. Мұнда Мұқағали Мақатаевтың, Қасым Қайсеновтың, Бауыржан Момышұлының, атақты күйші Құрманғазының атында көше жоқ, бірақ қазақ халқын жаппай қырған Мирзоянның ескерткіші қаланың қақ ортасында қасқайып тұр… Достар, бәріміз жабылып, осы ескерткіш пен Мирзоян атындағы көшені алып тастайық. Астанада алып тастады ғой!" - дейді Берік Өтебаев Фейсбуктегі жеке парақшасындағы жазбасында.

Әрине, ақтөбеліктердің бұл ұсыныс-тілектерін қабыл алып, өткен тарихтағы қандықол басшының белгісін аты-затымен жойсақ, тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында осы өңір үшін үлкен сый болар еді.

Бірақ бұл бір ақтөбеліктердің ғана талап-тілегі емес. Мысалы, қазақ зиялыларына қынадай тиген совет жүйесінің өкілі атындағы көше атауын  Алматы, Солтүстік Қазақстан мен Шығыс Қазақстан облыстарының бірқатар қаласы мен аудандары алмастыруды сұрап келе жатқанына біраз уақыт болды.

Осыған орай "Қазақ Үні" ұлттық порталы кезінде жарияланып, оқырманның қолдауына ие болған мақалаларын назарларыңызға қайта ұсынады. Мәселе 2014 жылы болған жағдайға қатысты. Астана қаласының қақ ортасында Левон Мирзоян атындағы көшесіне Сәтпаев есімін беру бастамасын алғашқы болып көтерген "Қазақ үнінің" сол кездегі мақалалары Ақтөбе үшін де актуалді болып отырған секілді.

Ғаббас Қабышұлының "Қазақты қырған Мирзоянды неге әспеттеп отырмыз?" және Қазыбек Исаның "ӘКІМДЕР МИРЗОЯННЫҢ КІМ ЕКЕНІН ӘЛІ БІЛМЕЙ МЕ?!." атты мақалалары қоғамдағы проблеманы дер кезінде көтеріп, ел қолдауының арқасында билікке жетіп, ақыры Астанада Мирзоян есімі өшкен болатын.

"Қазақтың қаймақтарын қырып тастаған, елдің жартысына жуығын аштан қырып, бірінің етін, біріне жегізген заманға қарап, “қойдай қырыла берген екенбіз ғой” деп те ашынасың… Өз халқын өзі қырған, өз асылдарын өзі азаптап, әлемдегі ең үлкен мемлекетті ең зор қасапханаға айналдырған елдің қандықол көсемдеріне лағынет айтасың…  Сол зұлматта  1920-1950 жылдар арасында Кеңес одағы бойынша 4 миллиондай адам құрбан болды. Тек Қазақстанда 131 мың адам қуғын-сүргін көріп, 30 мыңға жуығы  атылған екен…  Осындай халықты қыру үшін қанды  қылмысқа құрылған саясатпен жасалған  ғасыр қасіретнамасының  авторы Сталинді әлі де мақтай қалатын біреу  табыла қалса, жағасынан ала кететінің анық… Әрине, Сталин жалғыз емес еді… Оның Қазақстанды жалаңаш жерге айналдыру үшін жіберген  жандайшаптары Голощекин, Ягода, Мирзояндар адам ату “жоспарын” асыра орындады. Жергілікті бір-бірін көре алмайтын қазақтар да қарап қалмай зор “үлесін” қосты…", - дейді өз мақаласында белгілі ақын Қазыбек Иса.

qazaquni.kz