Бүгін Алматыда теракт болды - Назарбаев

бүгін, 18:38
ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қауіпсіздік кеңесінің жиынында бүгін Алматыда болған атысты теракт деп атады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Қазақстан Президенті қаза болғандар мен зардап шеккендердің туыстарына көңіл айтып, мемлекеттік органдарға оларға қажетті көмек көрсетуді тапсырды. "Бүгін Алматыда террористік акт болды, өкінішке қарай, адамдар қаза тапты. Қаза тапқандар мен зардап шеккендердің туыстарына көңіл айтамын, оларға сәйкес психологиялық және материалдық қолдау көрсетілуі керек. Құқық қорғау органдарына қалада тәртіпті сақтау бойынша қажетті шаралар жүргізуді тапсырамын", - деді Мемлекет басшысы. Айта кетейік, бүгін Алматыдағы Алмалы аудандық ІІБ және ҰҚКД ғимараттарына шабуыл жасалды, қазіргі уақытта Алматыда "Жедел ұстау" арнайы жоспары жарияланды. Осы орайда полицейлер тұрғындарға үйлерінен шықпауды өтінген. Қаладағы барлық қару-жарақ сататын дүкендер жабылған. Үш полиция қызметкері және бір бейбіт тұрғын қаза тапқан. Шабуыл жасағандардың екеуі ұсталды", - делінген Алматы ІІД таратқан ақпаратта. Жансақтау бөлімінде 8 полицей жатыр. Алматыда террорлық қауіптің "қызыл деңгейі" жарияланған. Алматыда болған оқиғаға байланысты әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы көптеген қауесет таралып жатыр. Мысалы "Жұлдыз" ықшамауданында және Қапшағайдағы әскери бөлімге шабуыл жасалды деген ақпараттар расталмады. kaz.tengrinews.kz