Елеусізов: Билік Ресейге зымыран құлайтын жер беру үшін халықпен ақылдасқан жоқ

Ақтөбе мен Қостанай облыстары аумағынан "Байқоңыр" ғарыш айлағынан ұшатын "Союз" зымыран тасығышының қалдықтары құлайтын жер телімдерін Ресейге жалға берген Қазақстан билігі, бізбен кеңескен жоқ, деді «Табиғат» экологиялық одағының басшысы Мэлс Елеусізов Caravan.kz тілшісіне берген сұхбатында.

Елеусізов: Билік Ресейге зымыран құлайтын жер беру үшін халықпен ақылдасқан жоқ«Ақылдасқан жоқ. Біздің ғалымдар не қарап отыр. Академия бар, неге үндемей отыр? Қаншалықты зиян келтіретінін әуелі зерттеп алу керек еді. Өйткені, оның биологиялық жағы бар. Ауыл шаруашылығына әсері болады», - деп күйінді белгілі табиғат жанашыры.

Елеусізовтың пайымдауынша, соңғы жылдары киіктердің жаппай қырылуына 80-ші жылдары табиғи жолмен сұрыпталудың болмауы әсер еткен. Енді зымыран тасығыштар Қостанай мен Ақтөбе өңірлеріне құлайтын болса, онда жағдай тіпті мүшкіл болуы ықтимал көрінеді.

«Табиғатта жануарлардың әлсізі өліп, мықтысы қалады. Ал бізде 1980 жылдары керісінше, мүйізі үлкен ең ірілерін жаппай атып, қыру басталды. Мүйіздерін вагондап Қытайға тасыдық. Осыдан барып киіктердің иммундық жүйесі бұзылып, әлсіреді», - деді ол.

Дегенмен, ғарышты игеру саласын қолдайтын эколог, нақты зиянын көрмей жатып, аталған шешімді тоқтатуға болмайды, деген ой айтады.