Шенеуніктердің мемлекеттік қызметтен өз еркімен кетуінде не сыр бар?

011Жуырда шетелдік басылымдардың бірінде «Қазақстан, Ресей және дағдарысқа қарсы басқару ісіндегі мүлде екі бөлек тәсіл» атты мақала жарық көрді. Онда экономикалық сарапшы Владислав Иноземцев көптеген қазақстандық шенеуніктердің қызметін тастап, бизнеске кетіп жатқанын, әрі оның жағымды құбылыс екенін атап көрсетеді. Бұл шынымен де солай ма?

Independent басылымындағы мақалада экономикалық сарапшы Владислав Иноземцев қос мемлекеттің экономикалық ахуалынан мынадай өзгешеліктер байқаған. Оның ойынша Ресей мен Қазақстан элитасы дағдарыспен күресте мүлде екі бөлек тәсіл қолданады.

– Ресей үкіметін ел экономикасы қызықтырмайды, олар бар қаражатты қарулы күш пен құқық құрылымына жұмсап жатыр. Ал Қазақстанда былтыр бюджет шығынының 39 пайызы, ал биыл 55 пайызы ел экономикасын дамытуға бағытталған, – деп жазады сарапшы. Сондай-ақ, ол Қазақстанның саяси элитасындағы ерекше құбылысқа айырықша тоқталады. «Қазақстандық жоғары лауазымды шенеуніктер көптеп мемлекеттік қызметтен кетіп, өздерінің жаңа бизнесін ашып жатыр. Олар мемлекеттік қазынаны ұрлап-жырлағысы келмейді, керісінше шетелдік инвестицияларды қолдайды», – дейді ол.

Үш себеп

dalanews timur_nazhanovТәуелсіз кәсіпкерлер қауымдастығының вице-президенті Тимур Назханов қазақстандық шенеуніктер арасында қызметінен өз еркімен кетіп, бизнеспен айналысып жүрген адамдардың бар екенін айтады. Бірақ мұны жаппай құбылыс деуге келмейтінін алға тартты.

– Елімізде VIP-тұлға дейміз, яғни жоғары лауазымды атқамінерлердің қызметін тастап, бизнеске ат басын бұруы ілуде бір кездесетін жағдай. Ондайлар көп емес. Керісінше, біздің шенеуніктердің майлы да жайлы орнында отырып-ақ, бизнесін дөңгелете беретіні ешкімге жасырын емес. Олар тек фирмасын туысқанының немесе бөтен біреудің атына тіркеп қояды. Бұл Қазақстан ғана емес, посткеңестік мемлекеттердің барлығына тән құбылыс, – деді. Дегенмен Тимур Назханов жоғары шенді тұлғалардың өз қызметін тастап, кәсіпкерлікке бет бұруының мынадай үш себебін атап берді.

– Біреуі ұрлаудан шаршайды, бірақ жүйе оны мәжбүрлейді. Содан кейін еріксіз кетеді. Тағы біреулері – жұмыссыз қалғандар, отставкаға кеткендер. Енді біреулері Үкіметтің бір саласында бірнеше жыл тер төгіп, еңбек еткеннен кейін, сол саланың қыр-сырын игеріп, мықты байланыс орнатады. Мұндайлар Үкіметтің беретін жалақысына, тағы біреулердің қас-қабағына қараудан шаршаған жандар, –  деп жіктеп көрсетіпті Т.Назханов.

Қызметтен кеткенімен мемлекет қаржысына қол сұғуын доғармайды

dalanews dos_koshimАл саясаттанушы Дос Көшім де Иноземцовтің мақаласында келтірілген фактілерді жартылай қолдамайтындығын айтады. Оның пікірінше, өкінішке қарай, Қазақстанда сыбайлас жемқорлық деңгейі өршімесе, ортаймай тұр.

– Қазақстанда шенеуніктер бизнеске кетіп, мемлекет қазынасын ұрлау-жырлау тыйылды деген мүлде қате пікір. Біздің билікке мақсатты түрде байығысы келетіндер барады. Рас, шенділердің арасында бизнеске кетіп жатқандары бар шығар. Бірақ олардың бизнесі айналып келгенде мемлекеттік сатыпалулар, тендерлерден тұрады ғой. Өйткені олар «бармақ басты, көз қыстымен» тендерді қалай алуға болатынын, кімге, қандай «отметкасын» беруді біліп алған қулар. Демек, олар мемлекеттік қызметтен кеткенімен, мемлекеттің ақшасына «қол сұғуды» доғармайды. Ал осындай былықтардың ортасында отырған кейбір шендіні жұмыстан шығармақ түгілі, орнынан қозғаудың өзі қиын. Негізі, қандай да бір дауға іліккен мемлекеттік қызметкер біздегі «Мемлекеттік қызметкердің ар кодексі» бойынша өз еркімен жұмысынан бас тартуы тиіс. Бірақ бізде «портфелінен» өз еркімен бас тарта қоятындар өте аз. Өйткені билікке келгендердің көздейтіні байлық.

Дерек көзі: 365info.kz