Ұстаз ойлап тапқан қалам "Бесік жырын" айта алады

017Ұлағатты ұстаз тәлім-тәрбие берген шәкіртінің болашағына алаңдайды.

Әрқайсысы өмірден өз орнын адаспай тапса дейді. Ол үшін рухани тәрбие мен ағарту жұмысының қаз-қатар жүргенін қалайды. Осындай ұлағатты ұстаздың бірі – бүгінде жас мамандарға өнеге көрсетіп жүрген Бижан Игенбаева.

Бесік жырын қоңыр үнмен шырқап тұрған Бижан апайдың қолындағы қаламның «сөйлей» алатын қабілеті бар. Құрылғыны қосып, кітаптың мұқабасында көрсетілген таңбаға жақындатсаңыз, оның ішіндегі мәтінді құлаққа жағымды дауыспен оқып, ән салатынына көз жеткізуге болады. Тіпті домбыра мен қобыздың үнін де естисіз. Бұл дүниені жасап шығару үшін автор 3 жылға дейін мемлекеттік қызметтен бас тартқан. Нәтижесінде 12 кітаптан тұратын «Даналық әліппесі» атты тәрбиелік құрал кешені жарық көрді. Ал әліппенің маңыздылығын Елбасы алғысөз ретінде білдірген.

Бижан Игенбаева, ҚР БҒМ Мектепке дейінгі балалық шақ республикалық орталығының директоры:

- Бесік жырынан кейін адам баласына не керек? Ертегілер керек, ертегіден кейін аңыздар, аңыздардан кейін әдемі әңгімелер, тәрбиелейтін Алтынсаринның жинақтаған әңгімелері. Одан кейін нақыл сөздер, мақал-мәтелдерді «аталар сөзі» деп бердік.

Педагогтың бұл әзірге соңғы жұмыстарының бірі әрі инновацияны қолдана отырып шығарған жинағы. Бижан Құрманғалиқызының үздіксіз ізденісінің арқасында 1991 жылы республиканың барлық мектептерінде «фонохрестоматия» деп аталатын мұғалімдерге қалай мәнерлеп оқу керектігін үйрететін құрал шықты. Әліппе, Өзін-өзі тану, Ана тілі хрестоматиясы, Адамгершілік сабақтары, Мен – адаммын сынды басқа да оқу-бағдарламалық еңбектері және бар.

Бижан Игенбаева, ҚР БҒМ Мектепке дейінгі балалық шақ республикалық орталығының директоры:

- Аз уақыттың ішінде маған мүмкіндік туды бастауыш сыныбының мұғалімі болуға. Сол сәттен бастап «білім негізі бастауыш сыныпта екен ғой, ендеше мен осы ғылымның басын іздейін» деп бастауыш сыныптың мұғалімі болуға тырыстым. Нәтижесінде осы әліппе дүниеге келді.

Ұстаздың тәуелсіздік жылдары төл оқулықты шығаруға атсалысқаны мен тынымсыз ізденісі назардан тыс қалған жоқ. ҚР Білім беру ісінің үздігі атағымен, Жас ұрпақты оқыту және тәрбиелеу ісіндегі елеулі табыстары үшін Ы.Алтынсарин медалімен және Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдық медалімен марапатталған. Дерек көзі: 24.kz