КӨКТЕМ - ӨЛЕҢ

koktem-1-1

  Түлегендей күйге түстім түнде мен, Шалдырған соң шалдықтырып шабыт бір. Түрегелсем түлен түрткен түрменен, Көктем келіп, тереземді қағып тұр… Жазбай кетсем, жалым жидіп бір демде, Жазалайды жайбарақат жай, тегі. Күміс күмбір күзден күтіп жүргенде, Қыс та кетіп барады ма, қайтеді… Кешіккенде менің муза-періштем, Күттім шыдап, түспесін деп сөз құны. Көру үшін көркемдікті келіскен, Кемеліне келу керек көз нұры. Қыспен бірге күнімді ойлап өткен аз, Көп өкініп отырамын. Ішім –от … Көктем келсе, көңіл байғұс көкке мәз, Уақыт өтіп кеткенімен ісі жоқ… Наурыз лебі тұманды айдап басымнан, Қанаттанып кездім бір сәт жер түбін… Сүйіншілеп қардың құтын қашырған Бәйшешектің ерлігіне елтідім… Үмітіме үзеңгі арттым тыншып мен, Тірлік көзі - көктегені көненің. Қара талға қаптай біткен бүршіктен Өлең өсіп кететінін көремін!… Қазыбек ИСА