Ерлан САЙЫРОВ. ЖАС ҰРПАҚ ӨЗБЕКТЕНБЕСІН ДЕСЕК...  

Бүгінгі әлемдегі «алқакөл сұлама» заманда жан-жақта шашыраған қазақтың басын рухани тұрғыда қосу мәселесі өте өзекті. Соның бірі – Өзбекстандағы қазақ қандастарымыздың жәй-күйі. Өзбекстанда ресми түрде 1,5 млн қазақ тұрады. Арғы жағын қазбаламай-ақ қояйық. Егер қазбалап жіберсек, 3 млн-нан асып жығылуы да ықтимал. Сол көрші елде қазақ мектептері жаппай жабылуда. Көршіміз де  ұлттық мемлекет құрып жатыр, сондықтан оларға ренжудің жөні жоқ. Одан да «біз, қазақ, не істей аламыз?» деген сұраққа жауап іздейік. Өзбекстандағы білім саласындағы негізгі мәселе – олар латын әліпбиіне көшкен, ал қазақ мектептері кириллицаны қолданады. Яғни, ондағы қазақ мектебін бітірген қандастарымыздың көрші елдің жоғарғы оқу орындарына түсу мүмкіндігі жоқ десе де болады. Сондықтан көптеген ата-ана өз балдырғандарын өзбек мектептеріне беруге мәжбүр. Бұл – өзі аз қазақтың бүтін бір бұтағын жоғалтып алу деген сөз. Яғни, мемлекеттік деңгейде шешілуге тиіс мәселе. Көрші елдегі қазақ мектептерінің азаю динамикасын мына деректерден көруге болады. Мәселен, «Өзбекстан Республикасы халыққа білім беру Министрлігінің мәліметтері бойынша 2002-2003 оқу жылында Өзбекстанда 157 863 оқушы білім алатын 581 қазақ және қазақ тілінде оқытатын аралас мектеп болса, 2006-2007 жж. 521  мектепте қысқарып, оның 234-і қазақ мектептері, бар болғаны 102 372 оқушы білім алған». Ал кейінгі деректерде «қазақ мектебі 207, қазақ тілінде оқытатын сыныптары бар мектептер 265 (жалпы саны – 472), қазақ тілінде оқитын оқушылар саны 61 873» деген мәліметтер келтірілген. Көріп отырғанымыздай, оқушылардың саны кейінгі бес жылда екі есеге жуық азайған. Ал Өзбекстандағы демографиялық даму үрдісін есепке алсақ, қаншама қазақ баласының рухани әлемінің өзбектеніп бара жатқанын болжауға болады. Осы бір түйінді шешудің бір жолы – Өзбекстанда қазақ мектебін бітірген жас жеткіншектер үшін Қазақстандағы жоғарғы оқу орындарында білімін жалғастыруға мүмкіндік беру. Сонда, егер оңтайлы тетік табылатын болса, шеттегі қазақтың біраз бөлігін өз құшағымызға қайта алып, қауышар едік. Мектепті жаңа бітіріп келген жас бала үшін үй беру, көтерім төлеу, жер телімін қарастырудың қажеті жоқ. Оқуды бітіріп шыққаннан кейін ол елімізде өз бетінше-ақ орнын табатыны анық. Бұл өзекті мәселені тиісті құзырлы орындардың назарына ұсынумен қатар, оңтайлы шешуді біздің Мәжіліс депутаттарына және Қазақстан Халықтары Ассамблеясы төрағасының орынбасары, жан-дүниесі қазақы, іскер азамат ретінде Ералы Тоғжанов (суретте) мырзаға жолдаймын!
  1. Өзбекстандағы қазақ мектептерін оқулық, ғылыми-әдістемелік материалдармен қамтамасыз ету мәселесін Қазақстан Халықтары Ассамблеясы өз құзырына алса дұрыс болар еді.
  2. Көрші елдегі қазақ мектептерінің тізімі түгел есепке алынып, белгілі бір кадастр жасалса.
  3.  Өзбекстан Республикасы халыққа білім беру Министрлігімен бірлесе екі ел білім беру стандарттарын жақындастыра отырып, ол жеткіншектердің Қазақстан жоғарғы оқу орындарында білімін жалғастыруының тетігін жасау – кезек күттірмейтін мәселе.
Ералы Лұқпанұлы! Егер осы кезек күттірмейтін мәселені тиісті орындарға жеткізе отырып, шешу міндетін Өзіңіз басқарып отырған орган өз бақылауына алса, еліміздегі азаматтық қоғамның ғана емес, қаншама қазақтың батасын алатыныңыз сөзсіз! Абай.kz