«Жетпіс төрттің жеті ақыны» – Сергей Жаданның құрдастары

7 aqyn
Дәл қазіргі уақытта «Тәуелсіздік» үшін бас қатырған кез келген украинның жүрегінде Жаданның есімі жарқырап тұр. Ол украин халқының ресейшілдермен жан алысып, жан беріскен күресінің күре тамырын басқан ақын. Украин тілі, украин болашағы турасында әу бастан-ақ ашық көзқарасын қаймықпай айтып келеді. Тіпті жалғыз өзі жар салып,тіл үшін көшеге де шықты кезінде. Жадан ақын кеше ғана Харьковтегі қақтығыста зардап шекті. Ресей туын сүйгізбек болған орыстардың соққысын көрді, «Азаттық» радиосының хабарлауынша, ол миы шайқалып, жағы сынып, қабағы жарылып ауруханаға түсті. Украинада аса танымал ақын бұл зорлық-зомбылықты Харьков тарихындағы «қайғылы кезең» деп сипаттады. Бірақ, қанша жәбір көрсе де, Жаданның жігері жаншылмады. Қайта, «Ресейдің Қырымды басып алуы украиндықтарды біріктірді» деп, ортақ мүдде төңірегінде ұлтының топтасқанына шын қуанышын білдірді. Біз Жаданның өмір дерегіне көз жүгірттік. Ол өнеркәсіп орындары мол, орыстілді азаматтар көп тұратын қалада, қарапайым жұмысшы отбасында 1974 жылы дүниеге келеді. Әдебиет саласы бойынша білім алады. Жадан шығармаларында көбіне Украинаның өндірістік қаласының жадау өмірін суреттейді. Орысшаға жетік болса да, патриот ретінде ол шығармаларын украин тілінде жазады. Өткен айда ресейшіл президент Януковичті биліктен тайдырған «Еуромайдан» қозғалысын да белсенді қолдады. Харьков тұрғыны үшін ондай позиция қауіпті еді. Ол филология ғылымының кандидаты, аудармашы. 2010 жылы «Жазушылар» аталымы бойынша «Жыл адамы» атағын алды. Иә, 1974 жылғы жігіт ұлтының шын тәуелсіздігі үшін бір сәт тыным таппапты. Осы орайда, біздің «жетпіс төрттер» не істеп жүр екен деген ой келеді. Еліміздің Жаданмен түйдей құрдас, замандастары қайда? Сөйтсек, біздің «Жетпіс төрттер» наурыз айының 14-і күні Қазақстан Жазушылар Одағының «Әдебиетшілер үйінде» жыр кешін өткізбекші екен. Қазақ поэзиясына өз қолтаңбасымен келген талантты жеті ақын жұртын өлеңмен сусындатпақ. Кеш авторлары – Әлібек Шегебай, Талғат Ешенұлы, Бақытжан Алдияр, Бекжан Әшірбаев, Анар Шамшадинова, Мұратхан Шоқан және Руслан Нұрбай. Әлқиса, ұлт тәуелсіздігі жолында 40 жасында қыршын кеткен Міржақып «Оян, қазағын» 24 жасында жазыпты. “Көзіңді аш, оян қазақ, көтер басты , Өткізбей қараңғыда бекер жасты. Жер кетті, дін нашарлап, хал харам боп , Қазағым, енді жату жарамас-ты!” Қазақтың жайы әлі осы. Іргеміздегі «көршіміздің» ықпалы күн сайын артып, «Еуразиялық одақ» есік қағып тұр. Аталған жеті ақынның «Жеті бояу» деп аталатын жыр жинағына ақын Ұлықбек Есдәулетұлы: «Жеті ақын – бір кітап. Жеті әлем – бір дария. Аспан әлемінде өз сәулелері бар, аламан бәйгеде өз шабыстары бар», – деп жазыпты. Иә, жеті ақынның бір дария екені рас, алып күш екені де анық. Қырықтың қырқасы көрініп тұрған Сергей Жаданның құрдастары дүйім жұртты жинап алып, қандай жыр оқиды екен? Не айтпақ екен? Тәуелсіздіктің құрдасы ретінде бізге сол қызық болып тұр.P.S.: Әлде “Көшбасшы” деген поэма тыңдап бір жырлап қайтамыз ба?Жания Әбдібек “Қамшы”