ЭКСПО - 2017 - Қазақстанның жетістіктерін әлемге паш етеді

експо Петерборлықтар тәжірибесімен бөлісуге дайын «Қазіргі кезде Қазақстанда көрмелік-жарнамалық және жәрмеңкелік қызметті реттейтін заң жоқ», - деп мәлімдеді «ЭКСПО-2017 Халықаралық көрмесін дайындау және өткізу жөніндегі дирекция» ЖШС директоры Қаһарман Джазин: «Мегаполистегі конгрестік-көрмелік қызмет. Санкт-Петербор қаласының ЭКСПО-2017-ге қатысуы» атты дөңгелек үстелде. Оның айтуынша, «Жарнама туралы» заңның және Үкіметтің көрмелік-жәрмеңкелік қызметті дамыту туралы қаулысының негізінде көрмелерді мемлекеттік құрылымдар мен ерікті кәсіпкерлер ұйымдастырады. «Қазіргі кезде ЭКСПО-2017-нің қарсаңында Үкіметте «ЭКСПО-2017 Халықаралық көрмесін өткізу туралы» заң жобасы қарастырылып жатыр. Елімізде көрмелік бизнестің көпжылдық тәжірибесі бар, бұл жұмыспен 20-дан астам жоғары білікті ұйымдар айналысады» - деді ол. Ал аталған басқосудан белгілі болғандай, санкт-петерборлық көрмелік компаниялар Астанада өтетін ЭКСПО-2017 көрмесіне өз қызметтерін ұсынуға дайын. «Астана әкімдігінде өткен дөңгелек үстелде санкт-петерборлық көрмелік компаниялар өз тәжірибесімен бөлісіп, қызметтерін ұсынды, - дейді Аймақаралық, шекаралық және халықаралық бағдарламаларды дайындау және жүзеге асыру жөніндегі ынтымақтастық орталығының атқарушы директоры, экономика ғылымдарының кандидаты Игорь Бычков. – Санкт-Петерборда G8, G20, Санкт-Петербор экономикалық форумы сияқты жаһандық деңгейдегі форумдар көп өткізіледі. Сондықтан, біздің операторларымыздың кәдімгі логистикадан бастап, көрмелік экспозициялар мен конгрес-менеджментке дейінгі шараларды ұйымдастыруда үлкен тәжірибесі бар». Оның айтуынша, «Петербург-Дорсервис» фирмасының өкілі ЭКСПО-2017-ге дайындық кезінде автокөлік жолдары мен басқа да көлік кешенінің құрылысына қатысты жобалау-іздестіру қызметтерін ұсынған. – Тәжірибесі де, әлеуеті де зор «Петербург-Дорсервис» фирмасы Сочи Олимпиадасының нысандарын, Санкт-Петербордың үлкен айналма жолын, тоннелдерін жобалау мен салуға қатысты. Ал, ЭКСПО көрмесі дегеніміз – бұл ауқымды құрылыс (автожолдар, автотұрақтар, тұрғын үйлердің кіре берістері, әртүрлі үйлер және т.б.) екені сөзсіз, - деді Игорь Геннадьевич. Сонымен қатар, туризм, экология және көрмелерді ұйымдастыру мәселелерімен айналысатын ұйымдардың өкілдері де жиналғандарды өз қызметтерімен таныстырды. «Бүкіләлемдік ЭКСПО – бұл миллиондаған шетелдік қонақтар тамашалайтын үлкен форум. Мұндай форум мейлі, Сарагоса, Барселона, Шанхай немесе Астанада өтсін, оған халықтың лек-легімен ағылатыны белгілі, - дейді Игорь Бычков. – Халықаралық көрме болған соң, ол жерге үкіметтік, кәсіпкерлік топтардың делегациялары келетіні даусыз. Ал, өзімізбен көршілес, дос, бауырлас Қазақстанның бас қаласындағы көрмеге ресейліктердің қызығушылығы зор болатынына еш күманданбаймын. Ресми делегациялар тіпті, Ресей президенті, премьер-министрі деңгейінде болатыны сөзсіз. Өйткені, олар мұндай мүмкіндікті пайдаланып, халықаралық көрме­дегі Ресейдің күндерін өткізеді. Сондықтан, ресейлік тараптан билік органдарының, кәсіпкерлер қауы­мының және басқа да қызығушылық танытқандардың көрмені көптеп тамашалайтынына күмәнім жоқ. Оның үстіне, ЭКСПО-2017-де бұрын-соңды болмаған мәдени-бұқаралық іс-шаралар бағдарламасы дайындалып жатқанын естідік». Германия ЭКСПО-2017-ге қызығушылық танытты Астананың ЭКСПО-2017-ні өткізуге кандидатурасын алғашқылардың бірі болып қолдаған ЕуроОдақтың мүшесі – Германия да ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысуға үлкен қызығушылық танытуда. «Астана ЭКСПО-2017 ҰК» АҚ-ның ресми сайтынан алынған ақпаратқа сүйенсек, мұндай жаңалық герман Бундестагы мен ҚР-ның ГФР-дағы елшілігі бірлесіп ұйымдастырған «Астанадағы ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің негізінде Қазақстан экономикалық және туристік орталық ретінде таныстырылады» атты экономикалық форумда жария етілді. Германияның федералдық Үкіметінің атынан сөз сөйлеген ГФР-дың сыртқы істер министрі Корнелия Пипер Қазақстанның Германия үшін Орталық Азия аймағындағы берік саяси диалог орнатқан, саяси-экономикалық байланыстар табысты дамыған жетекші ел екенін атап өтті. Неміс дипломаты шикізаттық, өнеркәсіптік және технологиялық салалардағы екіжақты әріптестікті жандандыруға ешқандай кедергі жоқтығын тілге тиек етті. «Германия өзінің жинақтаған тәжірибесін, қаржылық және технологиялық мүмкіндіктерін ескере отырып, Қазақстан Республикасымен ұзақмерзімдік экономикалық ынтымақтастық қарым-қатынастарға мүдделілік танытады, - деп мәлімдеді Бундестагтың экономика және технологиялар жөніндегі комитетінің төрағасы Эрнст Хинскен. – Атап айтқанда, біз Қазақстанның индустриалдық бағдарламасы мен ЭКСПО-2017 көрмесін өткізудегі қадамдарын қолдаймыз, бұл салаларда қолымыздан келетін көмегімізді ұсынуға дайынбыз». Бұл пікірді Экономика және технологиялар министрлігінің Парламенттегі статс-хатшысы Эрнст Бургбахер де қолдайды. Өз кезегінде ол қазақстандық және неміс іскер топтарын шикізаттық, өнеркәсіптік және технологиялық әріптестік жөніндегі келісімді нақты жобалармен толықтыруға шақырды. – Менің ойымша, жаһандық экономиканың жаңа жағдайларына орай, қазір «шикізатты алдыңғы қатарлы технологияларға айырбастау» деген формула үлкен сұранысқа ие болып отыр, - деді ол. Неміс депутаты туризмді және Астанадағы ЭКСПО-2017 көрмесі саласындағы екіжақты ынтымақтастықты жандандыру үшін екі ел арасындағы визалық тәртіпті ырықтандыруға шақырды. Бундестагтың туризм және спорт жөніндегі комитетінің мүшесі Юрген Климкебтің пікірінше, Қазақстанда туризм экономикасын дамытуға берік негіз болатындай бірегей табиғи құндылықтар, тарихи және мәдени ескерткіштер көп. Осыған орай, ол Қазақстанды халықаралық туризм мен туристік бизнес орталығына айналдыруға мүмкіндік беретін бірқатар жобаларға назар аударды. Неміс депутаты бұл бағыттағы Германияның озық тәжірибесі мен мол мүмкіндіктерін қазақстандықтардың үлгі тұтуын қостайтынын айтты. Ағымдағы жылдың қыркүйегінде өткен бұл шараға неміс сарапшылары жоғара баға берді. Олардың пікірінше, Германияның жоғары заң шығарушы органының ғимаратында болған форум екі ел арасындағы қарым-қатынастардың деңгейінің өте жоғары екенін, ЕуроОдақ көшбасшысы мен әлемнің үшінші экономикасының Орталық Азия аймағында Қазақстанның рөлі мен маңызын мойындайтынын айқын көрсетті. Атап айтарлығы, Бундестаг қабырғасында Қазақстанға арналған мұндай ауқымды шара тұңғыш рет ұйымдастырылды. Бұл – Германияның Қазақстанмен екіжақты қарым-қатынастарын кеңейтуге деген ықыласының шынайы көрінісі. Өйткені, еліміз герман экономикасының аталған аймақтағы негізгі әріптесі болып қалуда. Мәселен, Германияның Орталық Азия және Оңтүстік Кавказ елдерімен сыртқы саудасының 65 пайызы Қазақстанның үлесіне тиеді. Сондай-ақ, біздің еліміз Германияға мұнай тасымалдаушы-елдер арасында 6-шы орынды иеленеді. Қазақстанда неміс капиталының қатысуымен ашылған 1200-ден астам экономикалық және қар­жылық құрылымдар жұмыс істейді. Астана ЭКСПО-2017 көрмесінде Түркияның үлкен павильоны болады. Астанадағы Түркия Республика­сының елшілігінің ғимаратында өткен «Турецкий прорыв» атты кітаптың тұсаукесерінде Түркия Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Омер Бурхан Тузель осылай мәлімдеді. «ЭКСПО көрмесі – әлемдік деңгейдегі өте ауқымды, маңызды шаралардың бірі. Бұл жиынға Қазақстан 5 млн. адам күтіп отыр. Халықаралық көрменің Қазақстанды әлемге барлық қырынан таныту жағынан маңызы өте зор. Өйткені, Түркиямен бауырлас ел осылайша өзінің Орталық Азиядағы жетекші мемлекет екенін тағы бір мәрте қуаттайын деп отыр. Ал, Түркияның көрмеге қатысуы туралы айтар болсам, ЭКСПО-да Түркияның үлкен павильоны болады. Түрік компанияларының қатысуы олардың өз шешімдеріне байланысты. Біз елшілік ретінде оларға: «Сендер қатысыңдар!» немесе «Сендер қатыспаңдар!» деп қысым жасай алмаймыз. Бірақ, менің жеке пікірімді білмек болсаңыз, түрік компаниялары бұл шараға белсенді түрде қатысады деп ойлаймын», - деді түрік дипломаты. Тұсаукесерден кейін Омер Бурхан Тузельге ЭКСПО-2017 көрмесі, түрік кәсіпкерлерінің Қазақстанды дамытуға қосқан үлесі турасында бірнеше сауал қойдық. – Ал, көрмеге Қазақстанның таң­дап алған тақырыбы туралы не айтасыз? - Қазақстанның бұл көрмеге таңдаған тақырыбы – «жасыл экономика», болашақтың энергиясы. Бұл жерде «жасыл энергетиканың» жаңа ғасырда маңызының арта түскенін ескерер болсақ, тақырып өте тың, өте қызықты. Менің ойымша, бұл мәселе жер бетіндегі барлық мемлекеттерді қызықтыратын болғандықтан, көрмеге қатысушылардың да саны өте көп болады. Сондықтан, Қазақстан бұл форумды ұйымдастыру мен өткізу бағытында барлық мүмкіндіктерін тиімді пайдаланғаны жөн. Және Сіздердің солай әрекет ететіндеріңізге менің ешқандай күмәнім жоқ. - Біздің қоғамда бұл көрме елімізге пайда да, шығын да әкеледі деген әртүрлі пікірлер айтылып жүр. Сіз бұған не дер едіңіз? - Өз басым «мұндай ауқымды шара шығын әкеледі» деген пікірлерге еш қосылмаймын. «Біз осыншама ақша жұмсадық, оның осыншасын қайтарып аламыз» дегендей жай ғана экономикалық есептер жасау дұрыс емес. Өйткені, бұл болашаққа бағытталған жоба. Сондықтан бұл шараның Қазақстанға, оның халқына берері алда. Мысалы, Астанада жыл сайын экономикалық форум өтеді. Бұл форумға Қазақстан Үкіметі миллиондаған доллар қаражат жұмсайтын шығар. Алайда, мұндай шараларға осынша көлемде шығын шығардық, осынша көлемде табыс таптық деп дәл есептеу мүмкін емес. Бұл жерде есептен бұрын, елдің беделі аса маңызды. Халықаралық деңгейдегі имиджді ешқандай да ақшамен сатып алу мүмкін емес. Екінші жағынан экономикалық форум – елдің экономикалық әл-қуатының, даму деңгейінің үлкен жарнамасы. Қазақстан осы жағынан ұтады. ЭКСПО-2017 көрмесі аяқталған соң, Қазақстанда үлкен технопарк пайда болады деп жоспарлануда. Ол технопарк Назарбаев университетіне қарасты бір үлкен инновациялық орталық есебінде қызмет етпекші. Яғни, көрменің пайдасы ұшан-теңіз. Егер де елдің болашақтағы дамуын ойлайтын болсақ, онда қандай да бір экономикалық есептер жасау орынсыз деп санаймын. – Бұл көрме Қазақстанға не береді? – Бұл көрменің Қазақстанға әкелетін пайдасы, беретін мүмкіндіктері көп. Біріншіден, Қазақстан әлемге тағы жаңа қырынан танылады. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың көрегенді, салиқалы саясатының арқасында күн сайын дамып-жетіліп, құқықтық-техникалық негіздерін күшейтіп жатқан елдің келешегі жарқын. Жыл сайын елге 20 млрд. долларға жуық инвестиция тартылып, Азия мен Еуропаның арасындағы ерекше көпірдің рөлін атқаруда. Екіншіден, ЭКСПО-2017 көрмесі Қазақстанның 20 жылда қандай үлкен жетістіктерге жеткенін күллі әлемге паш етеді. Үшіншіден, өздеріңіз білетіндей, Нұрсұлтан Назарбаев 2050 жылға дейінгі белгілеген стратегиясында Қазақстанды әлемдегі бәсекеге қабілетті 30 мемлекеттің қатарына қосу мақсатын көздеген болатын. Ал, ЭКСПО көрмесі қазақ бауырларымызды осы көзделген мақсатқа итермелеуші күш, нақты механизм деп айтуға болады. Бұл орайда мен айтқан үш негізді тұтасымен алып қарайтын болсақ, ЭКСПО-ның Қазақстан үшін қаншалықты маңызды екенін көруге болады. - Түрік кәсіпкерлерінің біздің елімізді дамытуға қосқан үлесі қандай? Бүгінге дейін олар республикамыздың да­муына қандай көлемде инвестиция салды? – Екі ел арасындағы 20 жылдан бері жалғасып келе жатқан ынты­мақтастықтың жемісі зор. Соның бір дәлелі, қазіргі таңда екі жақты сауда айналымының көлемі 4,5 млрд. долларға жетті. Бүгінге дейін түрік кәсіпкерлері тарапынан Қазақстанға 2 млрд. доллар инвестиция құйылды. Жалпы көрсеткіштерге көз жүгіртер болсақ, Түркия Қазақстанға инвестиция әкелу жөнінен 17-ші орында тұр. Алайда, мұнай және газ саласындағы инвестицияларды есептемегенде түрік кәсіпкерлері осы елдегі 4-ші ірі инвестор болып табылады. Мысалы, түркі әлемінің ең жас елордасы және бүгінгі қуатты Қазақстанның символына айналған Астананың ғажайып көркіне қол жеткізуде түрік кәсіпкерлері мен мердігерлерінің үлесі зор. Олар жалпы құны 17 млрд. дол­лардан асатын жобаларды жүзеге асырды.                                                                                                                                                                                                              Таңатар Табынұлы