АРУАҚ
2012 ж. 10 қыркүйек
14137
39
Қазақ аруақ шақырады. Неге? Осы сауал талай көңілді күпті етіп жүр. Күпті етіп қана қойған жоқ, қазақты сеніміне қарай екіге жарды. Бірі – аруақ жар бол деп алақан жайса, екіншісі – оны Аллаға серік қосу деп білді. Қайсысынікі жөн? Байыптап көрелік.
Қазақ аруақты тәркі ете алмайды. Себебі бүкіл өмір салты аруақты ұлықтауға негізделген. Сондықтан одан айну – қазақтықтан жерінгендей әсер қалдырады. Ал екінші жағынан, Алладан бұрын ауызға аруақты алу және одан қайыр, медет тағы да Алла ғана бере алатын өзге де қажеттіліктерді сұрау, шынында да, біз осы Аллаға серік қосып жүрген жоқ па екенбіз деген ойға жетелейді.
Басын ашып айтайық. Қазақ аруақты Аллаға серік қосу үшін шақырмайды. Бірақ бүгінгі қазақтың аруақ туралы түсінігі мүлде басқа арнаға бұрылып кеткендіктен, ол, шынында да, Аллаға серік қосып жатқандай әсер қалдырады. Бұл тұрғыда аруаққа сенім білдіргендер де және оны жоққа шығарғандар да едәуір деңгейде қателікке ұрынады. Абайламаса, екі жақтың да сеніміне көлеңке түсуі мүмкін.
Әуелгі әңгіме – аруақты ұлықтайтындар жайлы. Құдайшылығын айтайық. Ұлықтайтындар – сіз бен біз, яғни қарапайым қазақтар. Ал оған көлеңке түсіретіндер – емші, бақсы-балгерлер. Біз бұл жерде көлеңке түсіретіндер қатарына аруақты Аллаға серік қосу деп білетіндерді жатқызып отырғанымыз жоқ. Олар туралы әңгіме бөлек. Сонымен, біздің аруақты ұлықтағанымыз сонша, ол біздің өмір салтымызға, яғни салт-дәстүрімізге еніп кетті. Осы жерде кілтипан бар. Ол – аруақ пен жын үндестігі. Сондықтан біздің өмір салтымыздың дені аруақты емес, жынды ұлықтауға негізделген. Өкінішке қарай, біз осы екеуінің ара жігін ажыратуға ұмсынып көрген емеспіз. Міне, тап сол кезден бастап аруақ туралы шынайы түсінік өз мәнін жоғалтты. Дұрысы – бар құпиясын ішіне бүкті. Оны Қожа Ахмет Яссауи тектес дін ғұламалары ғана ұстай алды. Ал бізге қалғаны... Ол енді таза жын.
«Өтірік түбі – шын, аруақ түбі – жын» деген мәтел сол кезден бастап айналымға шықты. Сондықтан әуелі «аруақ пен аруақ-жынның» айырмашылығы туралы сөз қозғай кетелік.
Басы ашық жайт, әр адамның бойында соған байланған меншікті жын бар. Оны ауызекі тіліміздегі «жынымды келтірме», «жыным келіп тұр», «жынданба», «жынданды», «жынымды қоздырма», «жыныма тиме» деген сөздерден де аңғаруға болады. Сол сияқты біздің бойымызда бар деп білетін ақ сайтан мен көк сайтан да жынның бір ағайыны. Негізі – от. Кейбір адамдардың бір-бірін көргенде жыны құрысып, сайтаны ұстап қалатыны, олардың өздерінің емес, жындарының жараспауынан туындап жатады. Соған орай дәстүрлі өмір салты қалыптасады. Мәселен, біз жаңадан түскен келінді отпен аластап, табаға май құйғызып, тағы да басқа отқа байланысты ырым-жырымдар жасатамыз. Соның бәрі екі адам, не өзге ауыл жындарын бір-бірімен үйлестіру, жарастыру үшін жасалады. Алайда біз ол құрметті жындарға емес, аруақтарға жасап жатырмыз деп ұғынамыз. Сондай-ақ дүниеден озған адамның артын күту, яғни шырақ жағып қою, шамды сөндірмеу сияқты дәстүрлі үрдістер де қайтыс болған адамдардан қалған жындарды әспеттеуге негізделген. Оларға осылайша назар аударып, құрмет көрсету арқылы әлгі «аруақтардың» бұл үйді мазаламай, тастап шығуына жағдай жасалады. Ондай «құрмет» жасалмаған жағдайда әлгі үйде бөгде бір елестің бар екендігі туралы әңгіменің шындыққа айналуы кәдік. Оны біз, негізінен, аруақ деп қабылдаймыз. Шынтуайтына келгенде, оның бәрі жын. Тәуіптер мен бақсы-балгерлер де аруақпен емес, тек қана жынмен байланысады. Ал ол жындардың кәпір не мұсылман екендігіне келсек, ол да тікелей өзімізге байланысты. Адам бойындағы текетірестің бірі – өз жынының келіспеушілігінен болады. Сондықтан адам өзін бір бағытта жұмылдыру үшін жынымен байланыс орната білгені жөн. Ол үшін екі алақаныңды ысқыласаң жетіп жатыр. Мәселен, біз неге екенін білмесек те, бата жасап бет сипарда екі алақанымызды еріксіз бір-екі рет ысқылап қоямыз. Бұл – белгі. Қалай белгі беріледі, жын да қол жаяды. Осындай үндестіктен кейін адам қалай болса, жыны да солай қалыптасады. Жалпы, бір адамда 80 жынға дейін болады деп болжам айтылады. Осы сексенді жер бетіндегі адам санына көбейтсек, жалпы жынның мөлшерін бағамдай аламыз. Оған бізге жеткен рубаяттарда айтылғандай, жер бетіндегі 450 млрд шайтандарды қоссақ, адам баласының, негізінен, кімнің жетегінде жүретіндігі аңғарылады. Соның бәрі адам бойындағы «құдайға» қызмет етеді. Ол «құдайдың» аты – нәпсі. Адам сол жалған құдайды тәркі еткеннен кейін барып, шынайы Жаратушы иені таниды.
«Өзіңді танысаң – Алланы да танисың». Осы ыңғайдағы әңгімені талай естідік. Бірақ өзімізді-өзіміз қалай тану керектігін ұғынған емеспіз. Шындығында, адам баласы өзін-өзі тану тұрғысында қалауына орай екі мүмкіндіктің біріне қол жеткізеді. Оның бірінші-
сі – рухымен, яғни аруақпен үндеседі. Екіншісі – өзіндік жынмен байланысады. Діни жетілген адамдар көрсететін «кереметтер» (бұл барлық дінге тән), спорттағы жетістіктер, сиқыр, тіпті кәсіби төбелестің өзі жеке адамның өз жынымен қаншалықты деңгейде байланыса алғандығына байланысты нәтиже береді. Оның атауы әрқилы болғанымен, негізі бір. Мәселен, дін-
де – тақуа, спортта – бап, емшіде – аруақ, бақсыда – арқа, тіпті әуен ырғағына бой алдырған адамды да жын еліктейді.
Мақұл, солай-ақ болсын. Сонда біз қайдамыз? Осы сауалды әркім өзіне қарата қойса, өзінің кім екендігін пайымдай бастайды. Дұрысы – өзін іздей бастайды. Шынтуайтына келгенде, біз – жоқпыз. Біз мына өмірге жоқ болып келіп, өліп емес, тіріліп қайтамыз. Өзіңнің жоқ кезіңді бар деп білу және соның, яғни нәпсінің және біз жоғарыда тізбектеп шыққан жындардың бірімен байланысты жоғары нәтиже ретінде бағамдау, әрі осы тұрғыдағы діни ғибадат, және де басқа іс-әрекеттер, шынтуайтына келгенде, жай ғана түс сияқты өткінші нәрселер. Кім де болсын, түсінде жасағандарын, не қол жеткізген жетістіктерін өзім-
дікі деп меншіктей алмайтындығы сияқты, өзін танымай жасаған және меншіктенген нәрселеріне де иелік ете алмайды. Неге?
Неге екенін ұғыну үшін әуелі өзімізді тауып алайық. Айнаға қарайық. Айнадағы кескінді өзіміз деп білсек, сонда соның, яғни әлгі айнадағы адамның қай жерін өзім деп білген жөн? Бір қарағанда, күлкі шақыратын-ақ сауал. Мақұл. Барлық кескінді тұтастай өзіміз деп қабылдайық. Бірақ өмірде қолы, не аяғы, болмаса көзі, құлағы жоқ адамдар кездеседі. Сонда қалай, адам өзінің бір дене мүшелерінен айырылғанда өзі де бөлшектене бастай ма? Олай емес. Демек, сыртқы форма, яғни айнадағы кескін біз емес екен. Біз «рухпыз». Шындығында, дене рухты емес, рух денені ұстап тұрады. Рух тастап кеткенде дене формалық мәнінен ажырайды. Киімнен де қадірсіз нәрсені өзім деу және соған өмір бойы қызмет ету, бұл енді, ашығын айтқанда, бейшаралық. Бейшаралық емес, дінсіздік. Дұрысы – адасушылық.
Енді қазақтың неге аруақ шақыратындығына ойысайық. Аруақ – бізбіз. Аруақ деп атой салғанда біз жоғарыда айтқан жалған нәрселерді емес, өзімізді шақырамыз. Жалған кейін ысырылып, ақиқат алға шыққанда анталап тұрған «жау» қоғадай жапырылады. «Жау» деп бізге тосқауыл боп тұрған нәрселердің бәрін жалпылама атадық. Осы жауды Өзің жеңсең ғана шындық салтанат құрады. Ал өзіңді тану үшін міндетті түрде аруақ шақыруға тура келеді. Өйткені өзіңді танысаң, Алланы да танисың. Себебі Алла – Өзіңде.
Алла адамға күре тамырынан да жақын. Мұны діннен шамалы хабары бар адамның бәрі біледі. Демек, Алла адамға сырттан әсер етпейді. Сырттан әсер ету әлгі жақындыққа қайшы келеді. Алайда Алланы ана жерде, не болмаса мына жерде деу сол жер көлеміне қарай Алланы мөлшерлеуге негіз болады да, ондай көзқарас үлкен күнәға ұрындырады. Сондықтан біз Алланы шексіздік әлемінде деп білеміз. Ал ол шексіздік әлемі – рухқа тән. Рух – Алланың аманаты. Оны көтеру, Құран кәрімде айтылғандай, тек адам баласына ғана нәсіп болған. Басқаны былай қойғанда, ол аманатты көтере алмай, таудың өзі қақ айырылады. Неге? Себебі ол рухта Алланың өзіне тән есім сипаттары бар. Ол есім сипаттардың мәнін ұғыну үшін рухты айна деп білсек, ондағы «көрініс», яғни Алланың есім сипаттары, өзіне қараушының, яғни Алланың бар екендігін әйгілейді. Ал Ол бар нәрсенің қайда екендігіне біздің ақылымыз жетпейді. Ол әлемге бару тек біздің Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) ғана нәсіп болған. Алла әлемінің ернеуінен аттауға ұлық періште Жәбірейілдің өзі тәуекел ете алмаған. Кейбір жекелеген діндарлардың сондай Ұлық затпен тікелей байланысып, сыпайылап айтқанда, тек Алламен ғана «сіз, біз» десіп отырамын деуі күлкілі. Күлкіліден гөрі қорқынышты. Оған аруақты мойындамаған адамдар барады.
Рух – біз. Ал онда Алланың есім сипаттары болғандықтан, ол бізге күре тамырымыздан да жақын. Біздің мақсат – соны тану. Дұрысы – соған қосылу. Сонда ақиқат айқындалады.
Құдияр БІЛӘЛ