Қазақ тілінде сөйлеудің әдетке айналмауына биліктегілер кінәлі - Ғарифолла Есім

Қазақ тілінде сөйлеудің әдетке айналмауына биліктегілер кінәлі - Ғарифолла Есім

Империя күйреуін жан тәніммен қаладым. Коммунистер империясы қара жердің тең жартысына өктемдігін жүргізді. Масқара жағдай. Ленинге Құдайдай табындық. Шынында коммунистер жаңа дін ойлап тапқан, ол діннің аталуы – коммунизм. Бұл діннің мәнісі – жер бетінде жұмақ орнату. Утопиялық идея. Бұл идея атасы – грек Платон. Пәле басы сол антика дәуірінен бастау алған. Көп замандардан кейін Карл Маркс бұл идеяны ғылымға айналдырып, адамды адамға жау ететін ілім негізін қалады. Оны сан-саққа салып, жүгіртіп әкеткен әйгілі қиялшы – Ленин.

Менің ғұмырым, осы ленинизм дәуіріне дөп келді. Ән де, өлең де, әңгіме де – Ленин. Бастауыш сыныпта кеудеме Лениннің бала кезіндегі бейнесі бар төсбелгі қадады, сөйтіп біз «октябряттар» атандық. Ленин «Оқы, оқы және оқы» - депті, ол маған ұнады. Оқығанды жаным сүйеді, бәрін білгім келеді. Ол Ленин емес. Құранның сөзі екенін енді білдім.

Сыныптан сыныпқа көшкенде, мойнымызға қызыл галстук байлады. Енді «пионер» атандық. Пионер баршама жеткіншектерге үлгі.

Бозбалалық шаққа жеткенде мені, құрдастарымды комсомол қатарына алды. Комсомол деген болашақ коммунистің ізбасары. Зулаған өтірікке осы комсомол жылдары тап болдым. Айнала ұран, айғай-шу. Неге екенін түсінбедім. Жиналыс болса, барынша айғайлап ұрандатып сөйлейміз. Әкем менің «комсомолдығымды» құптамайтын сыңайлы, ол діншіл, намазын қаза қылмайтын адам. Мен қыңқылдап намазды қоя қоймайсыз ба десем, менің сөзіме қыңқ етпейді, алайып қарайды да қояды, дым демейді. Кейінірек аңғарсам, маған қатты айтуға сол кездегі саяси халден қауіптенеді екен. Мен балалық-шалалық жасап, мектепте бірдеме деп қойсам, іс насырға шабуы әбден мүмкін. Жағдай солай.

***

Комсомол қалпыммен институтқа оқуға түсіп, студент атандым. Оқуға деген ынтам елден ерекше болды. Абай атындағы арнайы стипендия иегері едім, мені біреулер айналдыра бастады.

– Бізге студенттер қатарынан коммунистер даярлауға тапсырма бар, сен енді партия қатарына өтсең қалай деген өтінішті ойлана келе қабыл алдым. Байқаймын, «мен дегендердің» бәрі партия қатарында. Менің де «мен» болуым үшін коммунист атануым қажет секілді, алайда Есім атам мен әкем Қабдыжаппар еккен түйсігімде күдік бар, бірақ ол әлсіздеу.

Күдік әлсіз болса да, түйсігіме ол қайдан түсті дейсіз ғой. Әкем арақты татып алмайтын діндар, бірақ жәшік-жәшік ішімдіктің түр-түрін сатып алып, сенекке тығып қояды. Әкем айтатын:

– Арақты коммунистер ішеді – деп. Шынында жақсылап ішетіндер – совхоз директоры, партия хатшысы және ферма меңгерушісі т.б. Иә, олар мас болып, тоя ішетін, бәрі де коммунистер болатын.

Мен, алдыңғы қатардағы студентпін, ішімдік жағына жоқпын. Ішімнен, коммунист болсам, мен де ішімдік ішетін болып кетем бе деген күдігім бар, онымды атам да құп көрмейтіні анық.

***

Беловеж орманында үш елдің басшылары (Белорусь, Украина, Ресей) Станислав Шушкевич, Леонид Кравчук, Борис Ельцин «Беловеж келісіміне» КСРО жойылды деп қол қойды. Бұл 1991 жылдың 8 желтоқсаны еді. Теңдесі жоқ тарихи оқиға. Алып Қызыл империя келмеске кетті.

1991 жылы Қызыл империяның ойран-асыры шықты. Әкем 1911 жылы дүниеге келген, империяның құрылғанының куәгері болса, мен Қызыл империяның күйрегенінің куәгері болдым. Шәкәрім қажы айтатын: «Ноқталы ойдан» босана бастадым. Жан-жағыма қарасам, жұрт пиғылы әр қилы. «Аузын айға білеген» азаматтар КСРО-ның күйреуі «ХХ ғасырдағы катастрофа» деулерінен бір таймауда, оған кейінгі жылдардағы Ресейдегі өткенді аңсаушылық психологиясы қосылды. Кейбір ағайындар «қой терісін» жамылып, бөгделіктерін жасырып, кезі келгенде «Тәуелсіздік – құндылық» дегенді тіл ұшымен айтуда.

Тәуелсіздік кімге қажет, әрине, қазаққа! Өзін қазақпын деп сезінген азаматқа Тәуелсіздіктен асқан құндылық бар ма?!

***

Тәуелсіздікке отыз жыл, қазақтар әлі де ана тілінде сөйлеуді тегіс әдет, дәстүрге айналдыра алмауда, оған кім кінәлі, әрине қазақтардың өздері, әсіресе биліктегі ағайындар. Ұлтшылдық бар, намыс жоқ. Осылай Тәуелсіздіктің отыз жылына жеттік, әрі қарай не болмақ?! Жағдай күрделі.

***

Иә, сонымен Қызыл империя күйреуінің куәгерімін. Империя неге құлады? Жауабы, ол өтірік идеологияға құрылған жүйе болатын. Ол туралы 1957 жылы, әдеттегідей, кешкі астан кейінгі сұхбат отырыста атам Есім:

– Бұл өтірікпен құрылған өкімет еді, енді сол өтіріктен құлайды – деді.

– Есеке, неге олай дейсіз – деді ақсақалдың бірі. Атам сәл бөгеліп:

– Бұл өкіметтің басшылары бірін-бірі қаралауда, ондай өкімет ұзаққа бармайды – деді. Ол кезде Никита Хрущев деген билікке келіп алып, Сталиннің жеке басқа табынуын сынға алып жатқан кезі болатын.

Мен он жастамын. Ішімнен «неге атам бұлай дейді, ол кісі оқымаған ғой деп қойдым». Көп кейін осы жайды өз санамда талқыға салсам, нағыз

білім иесі – сол ауыл ақсақалы менің атам екен. Ол інісі Әлім екеуі Сталин заманында «халық жауы» боп сотталған еді. Сталинді ұнататын жөні жоқ. Мәселенің сыралғысы бойынша кесімді сөзін жұртқа жария етуде.

Коммунистік партиясы өтірікшілер партиясы болды. Коммунистер жоқ жерден жау тауып алатын да, жұрт назарын соған аударып, өз білгендерін жасайтын. Адам әлсіз, адам қорғанышсыз, міне осыларды коммунистер тамашалап тұрып пайдаланды. Қиялды үмітке сендіре білді, бұл ібілістік жол.

***

Адамды Алласынан ажыратты, оны дінсіз етті. Дінсіз етудің тәсілдерін жоғарыда баяндадым. Саналы, сезімді адамның рухына бұғалық салу үшін, ол октябрят, ол пионер, ол комсомол, ол коммунист болуы керек. Ал, осы бұғаудан мықты болсаң, шығып көр.

***

Иә, мен Қызыл Империяның күйреуінің куәгерімін. Ол жөнінде «Социализм (күнә және кінә)» деген роман жаздым, ол орыс, түрік, украин, ағылшын (АҚШ) тілдерінде жарық көрді.

КСРО империясы табиғи түрде ыдырап, қираған жүйе, анық себебін дана халқымыз айтқан «өтіріктің өресі қысқа» деп. Солай болды!!!

Ғарифолла Есім,

Академик, жазушы

Қазақ үні