КӨКІРЕГІ АСЫЛ СӨЗДІҢ ҚОЙМАСЫ ЕДІ...

КӨКІРЕГІ АСЫЛ СӨЗДІҢ ҚОЙМАСЫ ЕДІ...

Белгілі жазушы Жанат Ахмади тірі болса биыл сексен жасқа келер еді. Оны білетін көпшілік оқырман қауым қарымды қаламгер деп қана емес, сонау қызыл империя қыспағынан қуғын көріп, шет жұртқа ауа көшкен қандастарымыздың төл өкілі, тағдырлы тұлға ретінде жақсы таныды. Алпысыншы жылдардың басында Шығыс Түркістаннан тарихи Отанға оралған ол жазықсыз жапа шеккен ағайынның ауыр тірлігін сарабдал сана, сезімтал жүрек сүзгісінен өткізіп, «Дүрбелең», «Шырғалаң» аталатын сүбелі романдар туғызды. Ең ғажабы, осылардың алғашқысын ел түкпіріндегі Жаңақорғанда қатардағы жұмысшы бола жүріп жазған екен. Мұндай жағдайлар өзі шексіз сүйетін ел мен жер тағдыры жолындағы күй талғамайтын нағыз жазушылық қабылетті аңғартады. Сол секілді Ж.Ахмади қаламынан бертінге дейін «Есенгелді би», «Жарылғап би», «Айтұмар», «Тектілер тұғыры», «Ақ қылыш» аталатын романдар мен «Жүрек қартайса, ажал аңду салады», «Зар-зарауха», «Өмір өткелегі», «Қияға салған жол», т.б. хикаяттар туды. Оқырман қауым жылы қабылдаған бұл шығармалардың бәрін әдебиет сыншылары да лайықты бағалады. Халықтың тыныс-тіршілігін жақсы біліп, көшпенді қазақтың тұрмыс-салт, әдет-ғұрпын тамыршыдай дөп баса безбендеген сұңғыла тарихшы, білікті этнограф, кәнігі психолог деңгейіне көтерілген көрнекті жазушының мерейтойы елімізде қоғамдық зор оқиғалардың қатарына жататыны анық. Төменде қаламгер туралы естелік ұсынылып отыр. 

Жәкеңмен... танымал жазушы Жанат Ахмадиев марқұммен өтпей қойған өліара кезеңнің басталған шағынан бері таныспын. «Тәуелсіз ел болдық» деп, бөрікті аспанға атып жүрген шақ еді. Белгілі балалар ақыны Өтағаң (Ө.Ақыпбеков), Әбіш (Ә.Қайран) досым үшеуміз Райымбек даңғылының бойындағы аялдамадан өте бергенде әлгінде ғана тоқтаған сары автобустан бір топ кісі түсіп, қара пальтолы адам топтан бөлініп бері шыға берді. Қасымдағы екі серігім қол алысып, қауқылдасып жөн сұраса кетті. Қара елтірі бөрікті, қара пальтоның ішінен гүлді шарқат тағынған, талғаммен киінген, үстіне хош иісті әтір себінген, ашаң жүзді, қою қара қасты, аласы аз, қара көзді, жылы шырайлы адамға мен де жақындап барып, сәлем бердім. Өтағаң дереу таныстыра қойды. 

Айтуынша, бұл кісі жазушы екен. Жазушы болғанда әңгіме, хикаят жазып әуре болмай, бірден романнан бастапты. Кейінірек білдік, бұған дейін «Зар-зарауха» атты хикаят та жазған екен. Осы кезге дейін кілең ақындармен ғана араласып, өзім сияқты жазушымен жақын танысуды аңсап жүргендіктен бе, Жәкеңмен тез-ақ тіл табыстым. Әрі баяғының билерінше мақалдап, тақпақтап сөйлейтіні арасына бірер ауыз орысша мен көше жаргондарын қоспасам ішім кебетіндей көрінетін мен сияқты орыс мінезділеу пақырға аса таңсық көрінді. Өзара әңгіме кезінде де Жанат ағамыз ауық-ауық ескі билерше мақалдап, тақпақтап кететін. Оның үстіне Жәкең Шоң қырғыз – Шыңғыс Айтматовтың бірер шығармасынан үзіндіні түпнұсқасынан жаттап алған екен, онысын бір кездері орайымен пайдаланып, даңқты жазушыны іздеп барып жолығып, шығармаларын жатқа оқып, батасын алып келіпті. Романын шығаруға соның септігі тисе керек. Біздің үйдегі келіні Ыстықкөл облысындағы бұғы руының қызы болған соң «Шоң қырғыздың қарындасы» деп қалжыңдайтын. Үйге келген сайын Жәкең сол келінінің құрметіне Ш.Айтматовтың қырғызша шығармаларынан үзінді оқымай кетпейтін. Осылайша Жәкеңмен ағалы-інілі жандардай салған жерден қойын-қолтық араласып кеттік. 

Есік-төрімізді алғаш көргенде-ақ Жәкең «Дүрбелең» романын ала келіп, қолтаңба жазып берді. Осы романға байланысты бір қызық оқиға әлі күнге дейін есімнен кетер емес. Ол кезде біз қазіргі Өтеген мен Райымбек батыр көшелерінің қиылысындағы жатақханада тұратынбыз. Романды бар пейіліммен жата-жастана оқып, тауысуға шақ қалған едім. Кейбір қызықты тұстарын келіншегіме дауыстап оқып беремін. Біз мәре-сәре болып оқып жатқан соң кішкене қызым да соған жармасады. Алайда баланың көңіліне қарап қолымдағы кітапты ұстата салу әдетімде жоқ еді. Ол қызымның қолынан қалам мен қағазы, қолтығынан «Әліппесі» түспейтін кезі. Сөйтіп анасы қуықтай бөлменің бір бөлшек қуысында тамақ жасап жатқанда, мен кітапты төсектің үстіне тастай салып, балконға таза ауа жұтуға шығып кетпеймін бе. Міне, сол кезде қызым төсекке өрмелеп шығып, «романды оқуға» кірісіпті. Қайтып келсем, қолындағы қаламымен титул беттегі автордың портретінен бастап, бірнеше бетке дөңгелектеп доп салып тастапты. «Ойбу, енді қайттік?!» деп, сан соқтық та қалдық. 

Қас қылғандай-ақ сол күннің ертесіне үйге Жәкең келе қалсын. Кітапты авторының көзін ала беріп, бір жерге жып еткізіп тыға қойдым. Алайда ғайыптан тайып кітабын сұрай қалса, қайтемін деп, көңілім күпті. «Қылмысымыз» ашылып қалса, «Мен сені адам деп кітап сыйлап жүрсем, мынауың не» деп, шат-шәлекей ашуланса қайтемін деймін іштей. Қойшы, әйтеуір, әңгіме әбден қызған сәтте Жәкең шынында да кітапты сұрады. «Жәке, қайтесіз оны ауызша-ақ айта салыңыз» деймін мен. Келіншегім де: «Иә, сөйтіңіз, аға!» деп безек қағады. Ал Жәкең «бір жерінен үзінді оқып берейін деп едім» деп, тауып бердің астына алды. Кітапты амалсыз «тауып» әкелдім де, болған оқиғаны қысылып-қымтырыла баяндап шығып қана қолына ұстаттым. Жәкең кітапты ашып, әуелі рахаттана күліп алды. Іле-шала: «Ойбой, мұнша қалың кітаптың ішінде доп туралы неге бір ауыз сөз айтылмаған» деп, періште романды әбден өңдеп, өз қолтаңбасын қосқан екен» деп, қызымның өнерін әзілмен әрледі де, содан соң ғана үзінді оқыды. Манадан бері иненің үстінде отырғандай тызақтаған жаным сонда ғана «үһ» деп, арқамнан ауыр жүк түскендей болды... Басқа да қызық та шыжық оқиғалар өтті ғой арада. Оның бәрін тізбелей берсек, әңгіменің дәмі кетер. Алайда сол жылы жазғытұрым ұлды болғанымда Жәкеңнің алабөтен қуанып: «Қазақ үшін қазан – ең қасиетті бұйымның бірі. Батыр бабаларымыз «Қара қазан, сары баланың қамы үшін» жаумен жағаласқан» деп, төрт құлақты қазан сыйлағанын айтпай кету жарамас. Одан бері де отыз жыл өте шығыпты-ау, беу, дүние-ай десеңізші...

Автордың алғашқы көлемді туындысы екеніне қарамастан, «Дүрбелең» романының оқиғасы қызық та тартымды еді. 24 болыс Қызайдың ішіндегі Шерудің бір кезде болысы болған, қазір де өкіметке қарасты істің біразын беделімен, ақылымен шеше алатын Керімбек би, оның оқымысты баласы Мақсұт, дүңген Мамозы, Шыңжаңның билеушісі қытай Шың-Ши-Сай, азаттық жыршысы Таңжарық ақын, Іле уәлаятына қарайтын 24 болыс қызай, 3 болыс қырғыз, 6 болыс албан, 4 болыс суан, бірнеше үкірдай маңғұл, осылардың арасындағы қилы-қилы оқиғалар кісіні өзіне тартпай қойсын ба?! Ал ағайынды Әкбар мен Сейіттің көтерілісі, Оспан батырдың жанқиярлық ерлігі мен 20 жылға созылған күресі, Үш аймақ көтерілісі, Шәуешек үшін жандасу, Нылқы, Күредегі қозғалыс, қазақ пен ұйғыр, дүңген мен қытай арасындағы қым-қиғаш оқиғалар мен саяси текетірестер оқырманын танауын тескен тайлақтай жетелеп ала жөнелетін. Оның үстіне «Дүрбелең» – Жәкеңнің талай жылғы ащы терін төгіп, қаншама қуат-дәрменін сарп еткен, көз майын тауысып, ең көп күш жұмсаған айрықша аяулы шығармасы. Анығын Алла білер, алайда одан кейінгі «Шырғалаңға» (1997) да, «Есенгелді би» романына (2004) да, «Үркіншілікте» роман диалогиясына (2013) да соншама мол күш жұмсамаған сияқты... 

Бірде мен Жәкеңді қызмет орнына іздеп бардым. Ол кезде Жанат аға Абай мен Фурманов көшелерінің қиылысындағы Орталық мемлекеттік мұрағатта қызмет істейтін. Содан бір жыл бұрын тамыз айындағы төңкеріс кезінде «Азатты азат еткен Арман бала» деген ересектерге арналған ертегі жазып едім. Сол ертегім әбден суып, енді жарияға ұсынуға дайын болған сияқты. Алайда ұсынбай тұрып, тәжірибелі жазушыға бір оқытып алмақпын. Азат деп отырғаным – қазақ, «болашақ қазақ басшысы осындай болса» деген қиялдан туған шығарма. Жанат аға мәшінкеге басылған ертегіні асықпай оқып шықты да, «дәл осы күйінде кез келген газетке ұсынуға тұратын ғажап шығарма» деп кесіп айтты. Мақтағаны майдай жақты ма, сол жерде әңгімеден әңгіме туып, түнге дейін отырыппыз.

Ертеңіне түске таяу Жәкең мені 1907 жылы үш жүздің басын қосқан Сүлейменнің (Қаракерей Қабанбайдың шөпшегі) асында бас балуан атанған атақты Әбділдабек балуанның немересі, журналист, аудармашы Мұхтар Әбділдабековтің үйіне ертіп апарды. Кеше кешкісін ол кісіге хабарласып, жағдайды пісіріп қойған сияқты. Мұхтар аға – атасындай кең-мол пішілген, балуан денелі, арыстан басты, жау қабақты, аздап бурыл түсе бастаған қара шашын шалқасынан қайырған, келбетті, келісті кісі екен. Дауысы да арыстанның күркіріндей айбатты да зор көрінді. Есімімді өз аузымнан ести сала:

– Атыңды кім қойды? – деді күркіреп. Мен кіші атам Есімнің, өз әкем Жұмабектің балуан болғанын, әкем өзі жетпеген жетістікке мен жетсін деп, Тәукенің балуаны Әбділдабектің есімін қойғанын айттым.

– Өй, айналайын бауырым! Мен сол Тәукенің балуаны Әбділдабектің Мұсылманбегінен туған немересімін ғой! Аруағыңнан айналайын ата-бабам-ай! – деп, Мұқаң мені алпамсадай құшағына көмді де жіберді. 

Атасы тіріліп келгендей, мені ұзағырақ құшақтап тұрып, сағынышын басып барып бірақ босатты. Дереу қол шайып, төрге оздық. Жас жылқының еті былқып пісіп тұр екен, көп ұзамай қазы-қартасымен бірге дастарханға келді. №12 мектеп-гимназияда тарихтан сабақ беретін Ақбұрым жеңешеміз құрақ ұшып қызмет жасап жүр. Жәкең де әңгімеші еді, Мұқаң да қалыспайды екен, ағыл-тегіл әңгіме кетті дейсің бір. Менікі тыңдап, көңілге тоқып үлгеру ғана. 

Содан бастап жайсаң жанды Мұқтар ағамен жақын араласып кеттім. Есіне түскен сайын «Ата-бабам қайда?» деп, іздеп келетін жарықтық. Есімімді сол күйі атамай, өле-өлгенше «ата-бабам» деп кетті. «Жақсыдан – шарапат...» демекші, Жәкеңнің маған тиген бір шарапаты осы Мұқтар марқұмдай жайсаң жанды таныстыруы еді. Жанат ағаның тигізген шапағаты бір бұл ғана емес. Ол кісінің ескі билерше мақалдап, тақпақтап сөйлейтіндіктен, көкірек сарайы мақал-мәтелдің, шешендік сөздің қоймасындай, тіпті кейде жанынан шығара беретіндей көрінетін бізге. «Сынықтан басқаның бәрі жұғады» дегендей, Жәкең ғана айтатын мақал-мәтелдің кейбірі бізге де жұқпай қалған жоқ. Өйткені оның шығармаларынан сирек кездесер мақал-мәтелдерді қойын дәптеріме көшіріп жазып алып, үйдегілерге оқып беретінмін. Соның кейбірі жадымда мәңгілікке жатталып қалды. 

1993 жылы көкек айында «Қазақ тарихы» журналының тұңғыш санын шығару, оны бүкіл қазақ қоғамына, шетелге таныту сынды көзге көрінбес азабы көп, қым-қуыт шаруаларға жегілдік те бұрынғыдай емін-еркін жүрістерден недәуір тыйылып қалдық. Сол кезде бұрыннан қойын-қолтық араласқан жолдас-жоралармен, әріптестерімізбен де арақатынас сирексіді. Оның үстіне авторлар құрамы да, араласқан ортамыз да кәсіби тарихшылар болып, ақын-жазушылармен аралас-құраластық азайды. Қазақстан Жазушылар одағына бұрын да барып жарытпаушы едік, енді жылына бір рет өтер жыл қорытындысы болмаса, мүлде ат ізін салмауға айналдық. Жәкеңнің: «біз іздемесек, іні болып, ағаңды бір іздемейсің» деп, өкпе-наз айтатыны осы тұс. Алайда мүлдем араласпай қойғамыз жоқ, көрген кезде аман-сәлеміміз түзу. 2001 жылы «Отырар кітапханасы» айдарымен екеуіміздің де кітабымыз жарық көріп, Астанаға бірге барып қайттық. 2010 жылы Қазақстан Жазушылар одағының проза кеңесінде менің «Түн түнегіндегі екеу» кітабым талқыланғанда Жәкең де қатысып, ағыл-тегіл ақ тілегін арнап еді. Иә, Жанат ағамыздың көкірегі асыл сөздің қоймасы еді, кілтін тауып, қазынасын ашып, жанын жадырата алдық па, жоқ па, ол жағы Хақ Тағалаға ғана мәлім...

Жәкең өмірінің соңғы күндерінде одақтан жыл қорытындысына проза бойынша баяндама жасауға тапсырма алыпты. Ауырып жүрсе де баяндаманы дер кезінде жазып үлгеріпті. Алайда 2020 жылы тәжтажалдың өршіп, шипасы табылмай тұрған шағында жыл қорытындысын өткізу кейінге сырғып келіп, сол екі ортада Жәкеңнің өзі о дүниеге аттанып кетті. Ақыры онлайн өткізілген жиында дайын баяндаманы оқып беру міндеті маған жүктелді. Басшылар жеті-сегіз-ақ минут қиған соң, аманатқа қиянат жасамай, 20 беттік көлемді баяндаманың ең ұрымтал, ең тұщымды тұстарын оқып беруге тырыстым. Көкейімде тек «Марқұмның аруағы разы болса екен!» деген тілек қана тұрды. Дәл сол тілекпен осынау шағын естелігімді жұрт назарына ұсындым. 

Әбділдабек САЛЫҚБАЙ,

Қазақ үні