Ермахан Шайхыұлы: ТҮРКІСТАНДА ТУҒАНЫМДЫ МАҚТАН ТҰТАМЫН

Ермахан Шайхыұлы: ТҮРКІСТАНДА ТУҒАНЫМДЫ МАҚТАН ТҰТАМЫН

Әзілі зілсіз, сөзі мінсіз Ермахан Шайқыұлының есімі оқырмандарға жақсы таныс. Осы кезге дейін БАҚ-да оның сатира жанрының жілігін шағып, майын ішкен шеберлігі туралы аз жазылып, кем айтылған жоқ. Жеке шығармашылығын айтпағанда, ол соңғы отыз жылда республикалық мерзімді басылымдарда жемісті еңбек етіп, төл кәсібінің нағыз майталманы екенін дәлелдеді. Соңғы жылдары ол теориялық журналистикаға бет бұрып, Әл-Фараби атындағы КазҰУ-дің журналистика факультетінде студенттерге дәріс беруде. Баспагерлік істе де қамшы салдырмайтын әріптесіміздің жақында «Аннұр Сапа» баспасынан балаларға арналған «Медина мәзірі» атты жаңылпаштар жинағы жарық көрді. Осыған орай біз жазушы-журналист, баспагер-ұстаз Ерекеңді ашық сұхбатқа шақырдық. Арамыздағы сатирадан тыс әңгіме өзегі оның төл кәсібіне, өскен ортасы мен туған жеріне, оқытушылық қызметіне қатысты өрбіді. 

– Осы кезге дейін еліміздегі беделді басылымдарда қызмет етіп, күнделікті ақпарат айдынының тайқазанында қайнадыңыз. Тілшілік кәсіптің біраз сатысынан өттіңіз. Төл мамандығыңыз сізге не берді және сіз қазақ журналистикасына не бердім деп ойлайсыз? 

– Өткен өмірге ойша шолу жасасам, журналистиканың барлық саласында қызмет етіппін. Бірінші курстан бастап, төртінші курсқа дейін сабақтан тыс уақытта Қазақ радиосының «Ұшқын» бағдарламасына хабарлар дайындап тұрдым. Жазғы демалыста тәжірибеден өтетінмін. Сөйтіп жүріп, радиоға бауыр басып, хабар дайындауға әбден төселіп алдым. Ол жердегі ұстаздарым Иманбай Жұбай мен Кенжебай Жармұхамед маған тапсырмалар беріп тұратын. Тіпті іссапарға да жіберіп алатын. Сондай сапармен Орал мен Жезқазғанға барып қайтқаным әлі есте. Қаламақысы да қомақты болатын. Сол кезде ағалық қамқорлық көрсеткені үшін Иманбай мен Кенжебай ағама бас иемін. Өкінішке қарай, Кенжебай аға ертерек қайтыс боп кетті. Жаны жаннаттан болғай! Төртінші курста оқып жүргенде Темірғали Көпбай ағамыз «Қазақ университеті» баспасына жұмысқа шақырды. Ол кезде баспа директоры Серік Әбдірайымұлы, бас редакторы Кәдірбек Сегізбаев, бөлім меңгерушісі Наурызбай Ақбаев болатын. Өз кезегінде мен жаныма курстасым Бақытжан Әлімқұлды тарттым. Сөйтіп екеуміз «Күйеу келтір, қыз ұзат, тойыңды қыл» атты жинақ құрастырдық. Ол жинақ 50 мың таралыммен шығып, тез арада қолдан-қолға тимей тарап кетті. Оқуды бітірген соң, туған жеріме келіп, «Түркістан» газетінде тілші, Мәдениет бөлімінің меңгерушісі, Түркістан қалалық әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің бас маманы, тұңғыш ашылған «Түркістан тынысы» телеарнасының директоры, «Тұран» телеарнасының редактор-режиссері боп қызмет еттім. 1999 жылдан бастап өзім оқыған қара шаңырақта сабақ бердім. Дәл осы жылдан бастап, бір мезгілде «Жас Алаш» газетінің «Біртүрлі бет» сатиралық қосымшасының редакторы, «Бикеш» газетінің бас редакторы боп қызмет атқардым. 2000 жылдың басында Темірғали Көпбай ағам әрі досым «Қазығұрт» баспасын ашты. Сол баспадан шыққан біраз қазақтың қабырғалы қаламгерлерінің кітабына редактор болдым. 2004 жылы «Айқын» газеті ашылды. Басылымның бас редакторы Серік Жанболат арнайы үйге келіп, мені жұмысқа шақырды. Сол үшін Секеңе алғысым шексіз. Содан бастап, «Айқын» газеті Астанаға көшкенше тілші, меншікті тілшілер қосынының меңгерушісі, жауапты хатшы, бас редактордың орынбасары, шығарушы редактор боп қызмет атқардым. Осы орайда 2005-2006 жылдары «Дала мен қала» газеті бас редакторының орынбасары, «50х50» газетінің бас редакторы боп істегенімді де айта кетейін. Айтпақшы, 2012 жылы өзімнің «Аннұр сапа» атты баспамды аштым. Ол баспа әлі күнге дейін тапсырыс бойынша жұмыс істеп келеді. Осы қызметтің бәрі мен үшін үлкен мектеп болғаны анық. Сондай-ақ мен де қазақ журналистикасының дамуына аз да болса үлес қосқан шығармын деп ойлаймын.

– Кейбір жазушы-журналистердің «газет қабырғасындағы жылдарым алтын уақытымды ұрлап, шығармашылығыма тұсау болды» дегенін де естіп едім. Сізде ондай ой болған жоқ па?

– Басқа басылымдарға қарағанда, күнделікті газетте жұмыс істеу өте қиын. Соған қарамастан, мен бірнеше қызметті қатар атқардым. Оның үстіне «Айқын» газетінде «Жатыпатар» және «№5 жатақхана» атты екі бірдей қосымшаға редакторлық еттім. Сондай-ақ «Аққудың сыңары», «Жақсының көзі», «Мұражай мүйісі», «Көңілашар» атты айдарларды да тұрақты түрде жүргізіп отырдым. «Ақ сөйле», «Жүректің көзі», «Бізде қонақта» атты сұхбаттарды да жиі беріп тұрдым. Кейін осы айдарлардың негізінде «Біртүрлі кітап», «Аққудың сыңары», «Ағынан жарылсақ», «Жатыпатар», «Сандалған сауал», «Атақты айтқыштар» атты бірнеше кітап шығардым. Мұның бәрі уақытты тиімді пайдаланудың арқасында жүзеге асты. Сондықтан газетте істеген жылдарым шығармашылығыма кері әсер етті деп айта алмаймын. 

– Төл әдебиетіміздің өміршең бір парасы – жаңылпаштар десек, осы екінің бірінің тісі батып, төзімі жете бермейтін қиын да қызықты жанрға өзіңіз аянбай қалам тербеп, тіпті жақында кітабыңызды да шығарып үлгеріпсіз. Бұл сиясы кеппеген жинағыңыз қай баспадан, қанша тиражбен шықты?

– «Медина мәзірі» деп аталатын бұл жинақ өзімнің «Аннұр сапа» баспасынан жарық көрді. Медина атты тұңғыш жиен немереме арнаған бұл кітап, тек жаңылтпаштардан тұрады. Таралымы – 1000 дана. Негізі, мен жаңылпаштарды сонау бала кезімнен жаза бастаппын. Содан бастап, бүгінгі күнге дейін жазылған жаңылтпаштардың басын қосып, жеке жинақ етіп шығардым. Бір қызығы, осы жинақтың ішінде мынадай жаңылтпаш бар:

– Орал Оралдан оралды ма?

Оралдан Омар оралды ма?

– Орал, Омар, Арал, Марал,

Яғни, олар Оралдан оралды.


       Осы жаңылтпашты мектеп қабырғасында оқып жүрген кезімде жазыппын. Қазір қарап отырсам, осы шығарма кейіпкерлері – менің Марал қызым мен жиен немерем Омар. Марал Оралға тұрмысқа шықты. Бірақ қазір Алматыда тұрады. Осыны Марал қызыма айтсам, ол: «Олар Оралдан оралды» деп аяқтағаныңыз жақсы бопты. Әйтпесе Оралда қалып қояр едім» деп күлдіргені бар. Бұл не? Көріпкелдік пе, әлде кездейсоқтық па? Оны оқырмандардың өзі айтсын.

– Соңғы жылдары газеттегі ұзақ жылғы тәжірибеңізді теориялық журналистикамен ұштастырып, оқытушылыққа бет бұрдыңыз. Өзіңіз қызмет ететін Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетінің «Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер» кафедрасының қазіргі оқыту әдіс-тәсілінің бұрынғыдан айырмашылығы қандай?

– Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті – әлемде өз орны бар оқу ордасы. Бұл қасиетті қара шаңырақта оқудың һәм еңбек етудің өзі – үлкен мәртебе! Қазір осы киелі шаңырақта дәріс оқып келемін. Жиған-терген біліміміз бен ұштаған тәжірибемізді шәкірттерге беру – парызымыз. Құдайға шүкір, «білім алам, ғылым жолына түсем» деген шәкірттерге барлық жағдай жасалған. Бір әттеген-айы, студенттердің газет-журналдар мен кітаптарды өздері беттеп, редакциялап, басып шығаруға мүмкіндіктері жоқ. Бұрын болатын. Сосын кей сабақтарды баспалар мен баспаханаларда өткізуге рұқсат бермейді. Бәрін аудиторияға байлап қойған. Шектеу де көп, тексеру де көп. Қағазбастылықтан арыла алмай қойдық. Ректор біразын қысқартып еді, орындаушылар оны екі есе көбейтіп жібереді. Әрбір аудиторияда камера тұр ғой. Одан артық қандай тексеру қажет?! «Қойшы көп жүрген жерде қой арам өлетінін» ескеру керек.

– Сіздіңше, бүгінгі таңда қазақ журналистикасындағы шешімі табылмай отырған ең өзекті мәселе не? Егер сізге төл кәсібіңізге елеулі бір өзгеріс енгізу мүмкіндігі берілсе, неден бастар едіңіз?

– Қазақ журналистикасындағы ең өзекті мәселе – газет-журналдар мен кітаптарды басу емес, тарату. Егер маған мүмкіндік берілсе, істі дәл осы тарату жүйесін жолға қоюдан бастар едім. Кеңес Одағы кезінде оқырман мен баспаларды жалғастырып жататын алтын көпір іспеттес тарату жүйесі бар еді. Бұл ескі қоғамды аңсау емес. Қажет болса, жаудан да үйрене білуіміз керек. Жаңалық ашпай-ақ, дәл қазір осы жүйені қайта қалпына келтіру – аса маңызды іс. Кітап сататын дүкендерді көбейту керек. Пошта жұмысын да жақсарту – кезек күттірмейтін өзекті мәселе. Мұны Үкімет өз қолына алмай, іс түзелмейді. Осы түйткілді мәселелерді ескерсек, нұр үстіне нұр. Сонда ғана басылымдардың таралымы көбейер еді. «Әлеуметтік желілер тұрғанда газет-журналдар оқылмайды» деген бос сөз. Ғаламтор АҚШ пен Еуропаға, Жапонияға өткен ғасырдың ортасында келген. Бірақ оларда газет-журналдар мен кітаптар пәленбай миллион таралыммен әлі де шығып жатыр. Бұл – кітап оқитын оқырмандар бар деген сөз! Алла бізге де осындай нөпір оқырманмен қауышуды нәсіп етсін!

– Отыз жылдың үстінде шығармашылық ортада жүріп, қазақтың небір марғасқа азаматтарымен сырлас болып, қоян-қолтық араластыңыз. Ондай айтулы тұлғаларға қатысты қандай қызықты жәйттерге куә болдыңыз? Есіңізге түсіріп көріңізші?

– Журналистика саласына араласқалы бері қазақтың қабырғалы қаламгерлері мен мемлекет және қоғам қайраткерлерімен етене араласқанымыз рас. Әсіресе «Айқын» газетінде жүргенде жүздеген тұлғалармен жүздесіп, сұхбат алыппын. Солардың ішінен елуге жуық атақты адамдармен болған емен-жарқын әңгімелерді топтастырып, «Ағынан жарылсақ» деген жинақ шығардым. Қазір қарап отырсам, солардың басым көпшілігі о дүниелік боп кетіпті. Бірақ сол кезде айтқан ойлары әлі де маңызын жоймаған. Қайта уақыт өткен сайын құны артып бара жатқан сияқты. Оны оқыған адам ғана түсінеді. Бұл кітап кезінде мемлекеттік тапсырыспен «Қазығұрт» баспасынан «Тәуелсіздік толғауы» сериясымен жарық көрген болатын. Дәл осы сериямен 30 том жарық көрді. Жоба авторы – сол кезде Мәдениет және ақпарат министрі болған Дархан Мыңбай еді. Бұл кітаптар қазір еліміздің басты кітапханаларында тұр. Ал «Аққудың сыңары» атты жинаққа мәдениет, әдебиет, өнер саласындағы айтулы саңлақтардың жұбайлары мен ұл-қыздарымен болған сұхбаттар енгізілді. Бұл кітап «Атамұра» корпорациясының президенті Рақымғали Құл-Мұхаммедтің демеушілігімен жарық көрді. Осы екі кітапты оқыған оқырман жаңа сіз айтқан айтулы азаматтардың өмірі мен өнері туралы құнды мәлімет алған болар еді. Қорыта айтқанда, Мұзафар Әлімбаев пен Қадыр Мырза Әліден алтын уақытты дұрыс пайдалана білуді үйрендім. Кәкімжан Наурызбаев, Қалмұқан Исабай, Қалихан Ысқақ, Серік Әбдірайымұлы, Марат Тоқашбай ағаларымыздың адалдығы мен ашықтықтарына һәм еңбекқорлықтарына тәнті болдым. Ал енді Кәукен Кенжетаев пен Әмина Өмірзақова туралы қызықты оқиға айтып берейін.

     2004 жылы Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында Қазақстанның халық артисі Әмина Өмірзақованың 85 жылдығы атап өтілді. Кешті белгілі артист Рахман Омар өте көңілді етіп жүргізді. Ара-арасында Әмина апайға еркелеп: «Тақиялы періште» киносында ашық та жарқын күлгеніңіздей тағы бір күліп беріңізші» дейді. Әмина апай қамшы салдырмай күліп береді. Ел риза боп, ду шапалақтап қол соғады. Дәл осылай екі-үш рет қайталанды. Бір кезде Кәукен Кенжетаев ағамыз сөз алып: «Әй, Әмина, екеуміз бірнеше кинода кемпір-шал боп ойнадық. Сенің күйеуің, менің кемпірім қайтыс боп кетті. Қазір осы жерден шыққаннан кейін екеуміз ЗАГС-ке барып қосылайық. Екі жарты қосылып, бір бүтін болайық» деп еді, жұрт ду күліп, қол соқты. Рахман тағы да: «Әмина апай, кинодағыдай бір күліп жіберіңіз» деп еді, апай кідірген жоқ, бар дауысымен залды көтере күлді. Оған жұрт тағы күлсін. Сөйтіп ел-жұрт бір серпіліп қалды. Осы кештен кейін мен Кәукен Кенжетаев пен Әмина Өмірзақоваға арнап эпиграмма жаздым. Бұл әзіл «Қазақ әдебиеті» газетінде суретімен жарық көрді. Бір күні әлгі газетті Кәукен ағайдың үйіне апарып бердім. Ол кісі оқып алды да қолымды қысып, арқамнан қақты. Бұл – ризашылығын білдіргені. Сол эпиграмма мынау еді:

Кәукен Кенжетаевқа!

«Кемпірім» деп, «жарым» деп,

«Базарым» деп, «бағым» деп.

Әминаға сөз салып,

Алмақшысыз «даром» кеп.

«Жанжарым» деп, «нәрім» деп,

«Жаным, күнім, сәнім» деп.

Қалыңмалсыз үйленіп,

Бітірмексіз бәрін тек.

Демес апам: «Әрі кет»,

Үйлесіп тұр бәрі кеп.

Теория айтып, Сіз ылғи,

Жасамайсыз әрекет.

«Қызда болса үмітің,

Батылдау бол, жігітім!».

– Тырнақалды әңгіме-мақалаңыз есіңізде ме?

– Менің ең алғашқы оқыған кітабым – қазақтың көрнекті жазушысы Шерхан Мұртазаның «Мылтықсыз майдан» деп аталатын кітабы. Содан бастап кітапты іздеп жүріп оқитын болдым. Мектеп, теміржолшылар клубы, аудандық және қалалық кітапханалардан кітап алып оқитынмын. Одан қала берсе, әкем бірнеше жылдан бері «Жұлдыз», «Жалын», «Мәдениет және тұрмыс», «Қазақстан әйелдері», «Қазақ әдебиеті» газет-журналдарына жазылып, оқып болған соң, мұқият сақтаған екен. Соның бәрін оқып шықтым десем, артық айтқандығым болмас. Қазақ қаламгерлерінің шығармалары алдымен «Жұлдыз» журналына шығатын. Содан кейін барып, кітап боп басылатын. Сондықтан қазақ ақын-жазушыларының шығармаларын алдымен «Жұлдыздан» оқып қоятынбыз. Сөйтіп сөз өнерімен осылай сусындадым. Ал енді оқыған адам жазбай тұра алмайды екен ғой. Тырнақалды туындыларымды 7 сыныпта жүргенде жаза бастадым. Олар «Қазақстан пионері» газеті мен «Пионер» журналында жарық көрді. Одан кейін аудандық «Коммунистік еңбек», республикалық «Қазақ әдебиеті» газеті мен «Ара», «Мәдениет және тұрмыс», «Қазақстан әйелдері» журналдарына шыға бастады. Ал кей шығармаларым жарамсыз боп қалса, әлгі редакциялардан хат келетін. Оның өзі көңілге медеу болатын.

– Ең алғашқы жазған-сызғандарыңызды қырып-жонып, түзеген ұстазыңыз кім? 

– Республикалық басылымдардан хат келгені болмаса, кімнің түзеп-күзейтінін білмейтінмін. Ал аудандық басылымдағы ұстаздарым көп еді. Өйткені әртүрлі тақырыптағы мақалалар мен әртүрлі жанрдағы шығармаларды бөліміне қарай алып барып тапсыратынмын. Сонда жазған шығармаларымның бәрі де жарық көріп жататын. Оған ұстаздарымның көмегі болғаны анық. Олар – Асан Оспан, Балтабай Нұржан, Тілеуқабыл Мыңжасар, Амангелді Досжан. Осы ұстаздардың Тілеуқабыл ағадан басқасы қайтыс боп кетті. Олардың жандары жаннатта болсын!

– «Хабарда» істеген Тілеуқабыл Мыңжасар ма?

– Иә, дәл өзі.

– Біз оны талдықорғандық деп ойлаушы едік.

– «Хабар» агенттігінің Талдықорғандағы меншікті тілшісі болғандықтан, о кісіні көпшілік жұрт сол өңірдің тумасы деп қалады. Әйтпесе ол – Түркістанның тумасы. Сол қаладағы аудандық газетте, әкімшілікте қызмет атқарып, қырық жасында Алматыға қоныс аударды. Тікеңмен әлі де тығыз араласып тұрамыз. Қазір Алматыда тұрады. Айтпақшы, Тілеуқабыл аға – менің Қалдыгүл деген әпкемнің сыныптасы. Кезінде Түркістан қаласында бір көшенің бойында тұрдық.

– Қазақ: «Әр адамның туған жері – Мысыр шаһары» дейді. Бәріміз өнер, білім қуып, жер-жаһанның қай түкпірінде жүрсек те, қайтып айналып келетін түпқазығымыз – кіндік қанымыз тамған туған жеріміз. Күллі түркі жұртының астанасы – Түркістанды басқа шаһарға айырбастамайтыныңызға шүбәм жоқ...

 – Түркістан – Қазақ хандығының орталығы болған тарихи қала. Ал қазір түбі бір түркі елінің рухани астанасы. Өткен ғасыр басында қазақтың ұлы ақыны Мағжан Жұмабаев: «Түркістан – екі дүние есігі ғой,

Түркістан – ер түріктің бесігі ғой

Тамаша Түркістандай жерден туған, 

Түріктің тәңірі берген несібі ғой», – деп жырлаған екен. Бұл әлбетте, жоғарыдағы сөзімнің дәлелі. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі маңында 21 ханның, 8 сұлтанның, 23 бидің, 59 батырдың сүйектері жерленген. Және бұл қасиетті қалада Нұртас Оңдасынұлы, Нәзір Төреқұлов, Саттар Ерубаев, Рақманқұл Бердібай, Октябрь Жарылқапов, Райымбек Сейтметов, Өмірбай Сәуірбаев, Сабырхан Асанов, Нұрмахан Оразбекұлы, Әбсалан Нұрмаханов, Сейдолла Байтереков, Әшірбек Сығайұлы, Қаныбек Сарыбаев, Бекзат Саттарханов сынды қазақтың қабырғалы қаламгерлері мен мемлекет және қоғам қайраткерлері дүниеге келіп, білім алып, қызмет атқарды. Бұл – менің есіме түскен тұлғалар. Әйтпесе, бұл тізімді әлі де соза түсуге болады. Міне, осындай киелі де қасиетті Түркістанда туғанымды мақтан тұтамын. Жаңа сауалыңыздың соңында: «Түркістанды басқа шаһарға айырбастамайтыныңызға шүбәм жоқ» деп қалдыңыз. Өте дұрыс айтасыз. «Туған жердің күні де ыстық, күлі де ыстық» демекші, кіндік қаным тамған жер өте ыстық. Мен үшін бұл әлемде туған жерімнен артық жер, туған елімнен артық ел жоқ. Сондықтан да Түркістан десе, жүрегім ерекше соғады. Сөзім дәлелді болу үшін мына оқиғаны айтып берейін. 1988 жылы Алматы қаласындағы қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетіне оқуға түстім. Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген курстастарымызбен танысып жатырмыз. Біразы Оңтүстік өңірінен екен. Солардың бәрі «Шымкенттенбіз» деді. Мен ғана «Түркістандықпын» дедім. Сонда Мұхтар Атабек деген досым: «Ермахан, «Шымкенттенмін» дей салсаңшы» деді. «Жоқ, мен – Түркістаннанмын. Өйткені Түркістан – тарихы терең көне қала. Қайта сендер «Түркістаннанбыз» деңдер» дедім қайтпай. Содан бері «Түркістандықпын» деп айтудан бір танбай келемін. Арада 30 жыл уақыт өткенде, яғни 2018 жылы Түркістан облыс орталығы болды. Сол кезде Мұхтарға хабарласып: «Мұхтар, баяғыда мен сендерге «Түркістандықпын» деп айтыңдар» деп едім ғой. Міне, айтқаным айдай келді» дедім әзілдеп. «Сен дуалы ауыз текті азаматсың ғой, мойындаймын» деп ол да күлді. Бұл әңгімені біздің курстастардың бәрі біледі.

– Жалпы, өмірде адамдарды қандай қасиеттеріне қарап бағалайсыз?

– «Мен қаншама «адам» көрдiм, үстiнде киiмi жоқ, қаншама киiм көрдiм, iшiнде «адамы» жоқ» деген екен хазіреті Мәулана Руми. Сол айтқандай, бұл өмірде қаншама адамды да, наданды да көрдік. Негізі, жақсы адамдардың жүзінен нұр төгіліп тұрады. Олар адамзат баласына жамандық жасамайды. Қашан да айналасына шуақ шашып жүреді. Өзіме емес, өзгеге болса екен деп тілейді. Жұрттың бәрін өзіндей көреді. Міне, сондай адамдарды ерекше құрметтеймін. Ал жаман да надан адамдар өзгенің жетістігін көре алмай, іштарлық жасап жүреді. Сөйтіп тырнақ астынан кір іздеп, онысын жұртқа жайып, күнәға белшесінен батады. Олар жүрген жерде шөп шықпайды, қоғам дамымайды. «Кейбір адамдарды өміріңізден шығару – оларды жек көретіндігіңізді білдірмейді. Бұл жай ғана өзіңізге деген – құрмет» дейді тағы сол Мәулана ғұлама. Сондықтан ондай адамдардан тез арада бойымды аулақ салуға тырысам. Олар қай кезде де болған. Өкінішке қарай, бола да береді. Қазір де әр жерде тарақанша өріп жүр. Солардан сақ болайық! Қысқасы, мына жалғанда адам боп қалайықшы. Ел-жұртқа жақсылық жасап жүрейікші.

– Жазу-сызудан шаршаған кезде немен айналысасыз? Қандай да бір хоббиіңіз бар ма? 

– Әр адамның әртүрлі әуестігі болады. Таяуда өзім кураторлық ететін тобымды алып, елу жыл ел басқарған Дінмұхамед Қонаевтың музейіне алып бардым. Сонда айтайын дегенім, ол кісі кітап, қару-жарақ және оттық жинаумен айналысыпты. Дәл қазір музей қорында 5 мыңға жуық кітап, жүздеген қару-жарақ, 467 оттық бар екен. Әлгі кітапхана сөресінде Сәкен Сейфуллиннің бармақтай кітабы мен 29 Құран кітап та тұр. Баса айта кететін жайт, әлгі қару-жарақ пен оттықтардың басым көпшілігін өзі сатып алса, кейбірін Джон Кеннеди, Леонид Ильич Брежнев, Саддам Хусейн секілді мемлекет басшылары сыйға тартыпты. Сондай-ақ Қалтай Мұхамеджанов пен Қадыр Мырза Әли ағаларымыз 10 мыңнан аса кітап жинаған. Мұзафар Әлімбаев қаламсап жинаумен айналысыпты. Мұның бәріне олардың үйіне барып, сұхбаттасқан кезде көз жеткіздім. Тіпті, Мұзафар ағам сұхбат алуға барған кезімде менің қаламсабымды да алып қалды. Ал енді өзіме келер болсам, бала кезімнен значок, марка, асық, атақты артистердің пластинка мұқабасына шыққан суреттерін жинаумен айналыстым. Қолыма қаржы түссе, киоскілерге барып, марка мен значок сатып алатынмын. Қазір мен де кітап, қаламсап, галстук жинаймын. Бірақ біраз кітаптарымды Алматы, Шымкент, Түркістан қалаларындағы кітапханаларға сыйға тарттым. Бұл үрдісті алдағы уақытта да жалғастыру жоспарда бар. Сондай-ақ қол боста табиғат аясында, яғни тауда, өзен мен көлде, орманда демалғанды ұнатамын. Әсіресе, қар, жаңбыр жауған кезде көшеде серуендеп жүргенді жаным қалайды. Оған мүмкіндік болмаса, терезеден сағаттап қарап отыра беруге бармын. Сосын аулаға ағаш егу, өсімдік өсіруге де әуесім зор. Түркістанда жүргенде ауладағы ағаш пен жүзімдерді, бақша өнімдерін өзім егіп, өзім суғаратынмын. Қазір үйдегі гүлдерді де өзім егіп, суғарып тұрамын. Тамақ істеуді де жақсы көрем. Палауды жақсы дайындаймын. Кезінде арнайы Тәжібай деген аспаздан үйренгем. Бірақ әйелім мен келін жүрген соң, асханаға көп жоламаймын. Көлік жүргізу, жалпы техника атаулыны айдау да – менің сүйікті істеріме жатады. Тек ұшақ, тепловоз, кеме жүргізіп көрмеппін. Басқасының тізгінін ұстағанмын. Тіпті, «К-700», шынжыр табанды трактор мен комбайын да жүргізгенмін. Қалай дегенмен де, кәсіптік-техникалық училищеде оқыдым ғой.

– Әңгімеңізге рақмет!  

Сұхбаттасқан Арай Сахариева 

Сөзсырға

ҚАЛАМГЕРДІҢ КӨЗ ЖАСЫ    

– Өмірдің өзі ақ пен қарадан, қуаныш пен өкініштен һәм қызық пен шыжықтан тұрады, – дейді Ерекең. – Оның қайсыбірін айта берерсің?! Дей тұрсақ та, мені ерекше қуанышқа бөлеген бір оқиғаны айтып берейін. Осыдан бірер жыл бұрын Әлихан күйеу балам темір тұлпар алды. Содан көп ұзамай, Марал қызым мен күйеу бала үйге келіп: «Әке, көлігімізді жусақ па деп едік. Соған «Есентай моолға» шақыра келдік деді. «Оның несіне әуре боласыңдар? Одан да үйде ет асып, тортпен шай ішсек те болар еді ғой» дедім. «Жоқ, жүріңіз, біз тапсырыс беріп қойдық»... – Өзім бір жұмыстан бас ала алмай отыр едім. Баруға тура келді. Жолда бара жатып: «Мағауия мен келінге айттыңдар ма?» деп едім. «Иә, олар сол жаққа келеді» деді. Содан «Есентай моолға» қарсы беттегі көлік тұрағына келсек, адам көп. Шар іліп тастаған. Мағауия балам мен келін сонда жүр. Сурет пен видеоға түсіріп жүрген елде есеп жоқ. Мен аң-таңмын. «Әке, мына темір тұлпарды сізге тарту етеміз» деп Мағауия балам мен Аружан келінім екеуі сүліктей қара «Тойота камри – 55-тің» кілтін табыс етті. Мұндай сый-құрметті күтпеген басым, алғысымды айта алмай, жылап қалдым. Адам кейде тебіреніп, қуаныштан да жылайды. Шын мәнінде, тосын сый болды. Сөйтсем, мұның бәрін отбасым алдын-ала ұйымдастырып қойыпты. Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыз «Ата-ананың разылығы – Алланың разылығы» деген екен хадистерінің бірінде. Яғни ата-анаға жақсылық жасау – Алла алдында ең сүйікті амал. «Ата-анасына жақсылық жасаған адамның өмір жасы ұзақ және ризығы берекелі болады» деген де хадис бар. Сол айтпақшы, осындай ізгі іс істеп отырған ұлым мен келініме мәнді де мазмұнды ғұмыр һәм берекелі ризық-несібе тілеймін! Осындай салиқалы ұрпақ берген Алла Тағалаға мың да бір шүкірлік етемін! Алла енді Күлайша екеумізді сол ұрпағымызбен мың жасауды нәсіп етсін! 

Қазақ үні