ҰЛ-ҚЫЗДЫҢ ІЗГІЛІГІН ОЙЛАСАҚ...

ҰЛ-ҚЫЗДЫҢ ІЗГІЛІГІН ОЙЛАСАҚ...

Жаңа Қазақстан жағдайында әдеби өмірге, оның ішінде балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылыққа қамқорлық ерекше орын алатыны түсінікті. Өйткені іргелі мемлекетте жас ұрпақ тәрбиесіне айрықша мән бермесе болмайтыны аян.  

ҰЛ-ҚЫЗДЫҢ ІЗГІЛІГІН ОЙЛАСАҚ...   

 Сөзімізді сәл-пәл қатқылдау екпінмен бастауға тура келетіндей: бүгінде біздегі бала тәрбиесіне, ұрпақ кемелдігі жайына, ұл мен қызды жетілдіруге, жігерлендіруге, олардың қоғамның белсенді азаматтары болып өсуіне, әйтеуір бір нәрсе жетпей жатқандай көрінеді. 

Жақсымен бірге тәлім беру мен тәрбие берудегі еңбекті жоққа шығарғандай болып жүдеу, жұтаң, жан жүйесі жабық, шын сырға сараң ұрпақ та аралас-құралас өсіп келеді. Мінездері әңгүдік. Азаматтық туралы әңгімелерді жүре тыңдайды. Неге? Неліктен? Неден мүлт кеттік. Оны түзетудің жолы бар ма? 

Жас ұрпақтың ішкі әлеуетін қалай оятуға болады деген сұрақтардың ақ-адал жауабы: ондай құрал бар, ол – мейірім, рахым, қанағаттың дәні себілген балалар әдебиетінің алтын сандығы дер едік.

Бұдан бір жарым ғасырдай бұрын, дәлірегі, 1876 жылы Ыбырай Алтынсарин Николай Ильминскийге: «Бірінші кітабымды Паульсон кітабының құрастырылу тәртібімен жазып шыққалы отырмын. Әрине, мұны қазақ балаларына лайықтап жазамын. Мысалдарды әзірге енгізбеймін, өйткені қатаң тұрмыста өскен қазақтарға бұдан гөрі мәндірек әңгімелер керек болады. Мысалдарды қазақ балалары оқығысы келмейтінін, оқыса оған күлетінін, ал олардың ата-аналары: балаларымызға сауысқан мен қарға сөйлеседі деген жоқ нәрсені үйретті деп, тіпті ренжитінін тәжірибемнен білемін. Қазақ балаларына, меніңше, мағыналы қызық әңгімелер, жұмбақтар, ойына ой қосатын новеллалар немесе оларды қызықтыратын, мысалы: жібек құртының көбелектерінің өзгеруі сияқты, құндыздың өзіне үй салып алатыны сияқты суреттер тезірек әсер етеді. Өлең жағынан мен, мүмкін болғанша, қазақ өлеңдерін іріктеп аламын. Екінші кітабымды мен балаларға қызықты етіп, табиғат құбылыстары, күштері, тарихи-жағырапиялық тартымды әңгімелерге құрамын. Менің бұған шеберлігім мен білімім жететінін, жетпейтінін білмеймін. Бірақ қалайда істеп көремін» деп хат жазыпты

Балалар әдебиеті – бүкіл бір мемлекеттің, ұлттың болашағы, тағдыры екенін ұқтырып, соның жауапкершілігін мойнына алып, үлкен мақсатты ережемен жүйелеп, іріктеп жұмыс істеген. Бала ұғымына сай болуын қадалаған.

Ал енді қазір жаһандану аузын арандай ашып, от лебімен бәрін шарпып, мектеп оқушыларының әр бесіншісі мефедронға тәуелді болып, суицид жасап, мектеп қабырғасында жүріп босанып жатқанда, баланың өз қадірін өзі білуге, өзін сыйлауға, өзгелердің талқылауына тәуелді болмауына, өзін-өзі жетілдіруге, өзінің бағыт-бағдарының болуына, өз бетінше шешім қабылдай алуына және өз сөзі мен әрекеттері үшін жауапкершілікті сезіне алуы үшін оларға әдебиет қалай көмектесуі керек?

     Тамыры тереңдеген сайын желге, дауылға, боранға, шөлге мықты болатын бәйтерек секілді әдебиет ата-баба ұлағатының өзегі бола ала ма? Бола алса қалай?

     Мектептерге, кітапханаларға барамыз. Сүп-сүйкімді томпиған жастар отырады. Оларды енді мысық пен тышқан, ақ аю туралы ертектермен қызықтыра алмайтыныңды білесің. Олардың бір тобына дүниеге қызықтырғыш, әсері мол, жеңіл жазылған, ақыл айтпайтын шығармалар керек, екінші бір тобының ақыл-есі, таным-түсінігі ілгерілеп кеткен, олар жазушы жазып үлгергенше заманауи құралдардан көріп үлгереді. Енді осылардың жігін жымдастыратын, жемқорлық, сыбайластық, ақшаға құнығушылықпен өмір сүріп жатқан қоғамға тап-таза адамдарды даярлауға көмектесеміз деген әдебиеттің қауқары қай деңгейде?

     Осындай бір дағдарыс кезеңінің де өз жақсылығы болады. Белгілі бір ортада, қоғамда ұлттық құндылықты, мәдениетті сақтап қалуға деген жанталас басталады. 2021 жылдың «балалар әдебиеті жылы» деп аталып, біраз игі шаралардың атқарылуы да соның көрінісі шығар. Сонда бірқатар байқаулар өтті, жеңімпаздар анықталды. Ұлттық академиялық кітапхана мен ҚР Мәдениет министрлігі ұйымдастырған байқауға 100 шығарма түсіпті. 

Үлкен олжа. Әрине, олардың ішінде бастауыш сынып оқушыларына керек деп жазу, олардың психологиясын ескеру жағы кемшін түсіп жатқанын сайтқа жарияланған шығармалардан аңғардық. Жастардың заманауи тақырыпта жазғандарын дәстүрлі жанрда жазатын аға буын өкілдері, қария жазушылардың жазғанын жастар жағы қабылдамайтын сәттерге де куә болып жүрміз.

     Заман менің, сенің көңілің мен беделіңе қарамайды. Өзгереді. Кеше шана сүйретсе, бүгін самокат, найнбот, гироскутермен жүреді. Қазіргі бала да, олардың психологиясы да өзгерген. Оларға қазір «Менің атым – Қожадан» гөрі «Қойшы бала» деген атымен танымал болған әнші Айдос Кәденұлының «Қызық таймстағы» әңгімесі қызықты. Уолт Дисней мен Pixar – Пиксардің түсірген (Walt Disnty мен Pictures), «Тайна Коко», «Лука» деген мультфильмдері ұнайды. Оларда жаңа заманның құндылықтары, жаңа технология, жаһанданудың кереметтері бар. Үлкендердің де одан үркетін, шошитын себептері жоқ болу керек деп ойлаймын. «Тайна Коко» - заманауи, түп-тамырында ұлы тұлғаларды, әруақтарды естен шығармау деген идея жатыр. «Лука» - су адамдары туралы. Ол да біздің ауыз әдебиетімізде бар тақырып. Олай болса жас жазушы Айсұлу Әлмаштың «Құрбы қыздар құпиясы» роман-фэнтезиін, Зәуре Төреханқызының «Күйе – көбелек» ертегі – фэнтезиін, Рүстем Сауытбайдың «Шоко әлем. Фэнтезин» бүгінгі заманның талабын, сұранысын дөп басатын шығармалар деп өзім қуана қабылдаймын. Неге? 

Бұл шығармаларда қазіргі балалар үшін дәл қазіргі кезең қызық екенін түсініп, жаңаны, жаһанданудың жаңалықтарын ұлттық құндылықтардың, ұлттық мінездің діңгегіне әкеліп байлау мұраты аңғарылады.

     Мейіржан Жылқыбай бар, қарапайым әрі шынайы жазады. Мира Сембайқызының ертектері жып-жинақы, кедір-бұдырсыз. Мамандығы – физик. Сөйлемдері қыздың жиған жүгіндей, сап түзеген солдаттардай.

Серікбол Хасан, Қуат Адис, Олжас Қасым, Есей Жеңісұлы, Алмат Исаділ, Еділбек Дүйсенбек, Әлібек Байбол, Нұржан Нұрбек, Ардақ Жұмағали, Бағдат Мәжит, Ернұр Сейдахмет, ... атай берсем көп жастар арыдағы Ы. Алтынсариннің, берідегі Өтебай Тұрманжанов, Жақан Смақов, Бердібек Соқпақбаев бастаған ұлы шоғырдың ізін жалғастырып келеді.

Бір әттегені-ай бар, қазір сақау балалар, сөзді дұрыс айта алмайтынғ ң қ, і, ө, ү мен ұ әріптерін бұзып, тілін бұрап, төсеп сөйлейтін балалар көбейді. Оның жанама бір себебі, жұмбақ, жаңылтпаш, логогриф, шарада жазатындар жоқ, себебі ол – қиын жанр.

Мемлекеттік сыйлық, Президенттік степендия туралы айтсақ, мемлекет балалар әдебиетін қамқорлығына алу керек десек, марапат сүйгіш, қол жайғыш болып көрінуіміз мүмкін. Жалпы, балалар әдебиеті бақшасының бапкерлерінің мінездері жуас, қақ-соқпен істері жоқ, дақпыртшыл, жарнамашыл емес. Үлкен жақтың адамдары қанша алдаса, сонша сене береді. Сондықтан да көп нәрседен құр қол қалады. Жеке бастары емес, ұлттың болашағына қатысты нәрселерден. Біз нарық заманында өмір сүреміз, өз күнімізді өзіміз көруіміз керек деген желеу тауып алдық. Ол ұрпақ тәрбиесіне қатысты нәрселерге сылтау болмауы тиіс. Мемлекет саясатын да, идеологиясын да ұрпақ тәрбиесіне, ұрпақ біліміне бағыттауы тиіс, әйтпесе оның несі мемлекет? «Мынау керек» деп жинақтайтын, жүйеге салып отыратын қормал саясат болмаса жекелеген жазушы не істей алады? 

     Балаларды интернетке телміртпей шығармаларды мультфильмге айналдыру, кітаптардың аудионұсқасын жасау, насихаттау, электронды кітапхана ашу жұмыстарына үкімет бастамашыл болу керек деп ойлаймын. Балалар әдебиетін отбасы әдебиетіне айналдыруға негіз қаланса деген тілешіміз бар. 

«Отан – отбасынан басталады» деген сөздің кең мағынасын сонда ғана түсінеміз.

     Әбунасыр әл-Фараби «Адамдар бақытты болуы үшін біріне бірі көмектесіп отыру мақсатымен бірлескен қала ізгі қала болады. Халық бақытқа жету үшін өзара көмектесіп отырған қоғам да ізгі қоғам болады. Халықтың бәрі бақытқа жету жолында біріне бірі көмектесіп тұратын халық ізгі халық болады. Сол сияқты, халықтардың бәрі бақытқа ұмтылып, біріне бірі көмектесіп отырса, бүкіл жер жүзі ізгі болар еді» деген насихат қалдырыпты. Мемлекет жазушыға көмектессе, ұрпақ та, болашақ та ізгі болар еді.

Ділдәр МАМЫРБАЕВА, 

жазушы.

Сөзсырға 

ЕСКІ ДӘСТҮРДІ ЖАЛҒАСТЫРСАҚ 

Жекелеген азаматтар үкіметке қол жаймай, жазылым бойынша балаларға арнап газет-журнал шығарып отыр. «Жыл – он екі ай» – негізі 1965 жылы қаланған, жылына бір рет кітап болып шығатын басылым. Бұл үрдіс сонау тоқырау дәуірінде тоқтап қалған еді. 

2001 жылдан бері жазушы Талғат Айтбайұлы жылына бір рет шығатын кітапты ай сайын шығатын журналға айналдырып, өз қаражатымен балаларға базарлық ретінде 3 мың данамен шығарып келеді. Бұл өз нәтижесін беріп, журнал Қазақстан Журналистер Академиясының «Алтын жұлдызын» иемденді. «Жыл – он екі айды» әдеби-танымдық журнал ретінде балалар әдебиетін толықтырып отырған рухани көз деп те, мұғалімдерге көмекші құрал деп те бағалауға болады. Балаларға қажетті өмір оқулығы. Журналдың тағы бір ерекшелігі – балаларға жазушы ата, ағаларының, апа, тәтелерінің жазған-сызғандарын таныстырып отырады. Жазушы лабороториясымен таныстырады. Бір сөзбен айтқанда «Жыл – он екі ай» кішкентайларға арналған «Жұлдыз» журналы секілді. 

Балалар драматургиясынан қолымызға ешнәрсе ілікпеді. Ғ.Мүсірепов атындағы балалар және жасөспірімдер театрының соңғы кезде қойып жүрген спектакльдері де саусақпен санарлықтай. Бұл салада жас драматург Әлібек Байболды, Әлішер Айтуарды, Мұрат Қанағатты, Айдана Аламанды, Әділхан Асановты,Ықылас Шалғынбайды ерекше атауымыз керек. 

Осындай кемшін тұстардың орнын толтыруды ойлағанда тағы да Мұзафар Әлімбаев көкеміз еске түседі. Мұзағаң «Балдырғанда» бас редактор болып жүргенінде ауыл тіршілігінің қыр-сырын қала балаларына қанықтыру үшін арнайы тапсырмамен әңгіме жазғызған екен. Онысы ұтымды да шығыпты. Бердібек Соқпақбаевтың «Аяжаны», «Жол», «Түнде кімдер ұйықтамайды» деген әңгімелері осылайша өмірге келіпті. Қаламының ыңғайы келіп тұрған қаламгерлерді осы сүрлеуден сынап көрсе де болатын шығар. 

Қазақ үні