КӨПЕН КЕТІП БАРАДЫ!..

КӨПЕН КЕТІП БАРАДЫ!..

Қайран Көпен көкем-ай! “Көпен келе жатыр” деп, елдің бәрін күлдіріп жүретін сатира сардары еді, енді елдің бәрін жылатып, Көпен кетіп барады! 

Жалған дүние деген осы! Алла алдыңыздан жарылқасын! 

“Биыл алпыстың асқарына шығып жатыр екенсің”-деп көктемде туған күнімде ауызашарға келіп құттықтап, елдің бәрін әзіл-қалжыңымен күлдіріп кетіп еді. “Елге өзіңіз бастап барасыз ғой енді. Елу жасымыздағыдай Мұқтар, Дулат, Исраиыл, Темірхан көкелер шалғай Шардараға барып жүре алмайды” дегенімде: “Әрине, өзім бастап барамын ғой!”-деп еді. Қазан айының басында елге барарда тағы хабарласқанымда, “Қазір шамам жоқ, аман-есен барып келе беріңдер, кейін астанадағысына қатысамын ғой!”-деп еді.

Елге барып келгесін өзі телефон соғып, “Баспасөзден көріп, оқып жатырмын, дүрілдетіп өткізіп келіпсіңдер, құтты болсын!”-деп хабарласқанда дауысының әлсіздігі байқалып тұрды. 

Президенттің іс басқармасының ауруханасында жатқанда “кіріп шығайық” дегенде “Рахмет, кіргізбейді. Көңілдеріңді білем ғой, аман болайық”-деген еді.

Соңғы рет өткен аптада Алтынбай Мұса екеуміз хабарласып, “кіріп шығайық” дегенде, телефонды жеңгей алды.”Бүгін кешке дейін система алады. Басқа күні хабарласасыздар ғой. Халы жаман емес”-деген болатын.

Енді міне, суық хабар қабырғамызды қайыстырып кетті.

Соңғы бір-екі жылда барлық шығармаларын жиыстырып, кітап етіп шығарып еді, білгендей-ақ екен ғой. Қолжазбалаларын жинап, архивін ақтарып жүріп, менің Көпен 60 жасқа толған тойында Отырарда сол жерде бірден жазып, оқыған, өзіне тапсыра салған, содан он жылдай таппай жүрген арнау өлеңімді тауып алып, маған қуана хабарласып еді, “керемет жыр екен ғой, кітабыма қосатын болдым”-деп.

Мен парламентке келгеннен, балақтан тартушылар қаптап кеткенде ағалығын көрсетіп, қорғап сөйлеп, бірнеше мақала жазып еді. Мемлекеттік тілдің ауыр жағдайын “Жүз жылдық соғыс” атты мақаласында жүз жылдан бері мемлекеттік тілін төріне шығара алмай келе жатқан қазақ билігін ащы сарказммен, өткір тілмен түйреп еді.

Көпен көкем қай кезде де шындықты шырқыратып айтып келді. Көпеннің тіліп түсетін алмас қылыштай өткір сатирасына күліп отырып, күрсініп те қалатынымыз сол, сынға құрылған сықақтың түбінде ащы запыран мен зары бар елдің шерлі мәселесі жатар еді…

Көпен Әмірбек көкеміз 70 жасын тойлайтын кезде 2020 жылы пандемия дейтін пәлекет басталып кетті. Қасқа мен жайсаңды қынадай қырған ол қырғыннан аман өткен еді… Биыл 7 қазанға Шымкент арнайы шақырғанда осы жаман кеселдің кесірінен бара алмай қалды. Тек осы күздің басында, қыркүйек айында Ақтөбе облысының шақыруымен бір топ қаламгермен бірге елмен жүздесіп келді. Соңғы демін жинап елмен кездесуі екен ғой бұл. Бой жазғаны болар…

Шүкір Шахай мен інісі Ерсұлтанның айтуынша Көпенді бүгін елге алып кетеді. Осы жұма күні қасиетті Арыстан бапта жаназасы шығарылып, сонда жерленеді.

Пейіште рухыңыз шалқи бергей Көпен көке!

Отбасына, жеңгейге, балаларына, Базарбек, Ерсұлтан бауырларының қайғысын бөлісіп, көңіл айтамыз! Бекем болыңдар!

Көпен сендердің ғана ағаларың емес, бәріміздің ағамыз, Ел ағасы еді! Туған-туыстарына, жалпы

Қазақ халқына көңіл айтамыз!

Ел көрнекті Көпенін ешқашан ұмытпайды!

Бақұл болыңыз, Көпен көке!

Қазыбек ИСА, 

Қазақ үні