СӨЗ бен СУРЕТ

СӨЗ бен СУРЕТ

Жыр-қалам мен қылқалам

Балдәуренде қиялдауды қоймаған,

Көз талдырдым мұнаралы мұнарға.

Мен бақытты шығармын деп ойлағам,

Бақыт жайлы жазған кезде шығарма.

(Қазыбек Иса)

Біздің буын... КазГУ-ді ақындар алқалаған жылдар... Қалашықты жайлаған қаптаған шайырдың қатарына кешке қарай Жалаңтөстің жасағындай боп, КазПИ-дің жайсаң жігіттері бір бүйірден қосылатын. Жай жігіттер емес, өзегіне өлең қонған өрімдей жастар. Мұғалімдер институтының филфагында оқитын талантты тастүлектер Нұрлан Әбдібеков пен Қадырбек Құныпияұлының жанында көркемсурет-графика факультетінің болмысы бөлек сырықтай студенті Қазыбек Иса жүрер еді. Болашақ суретшінің өлеңіне дейін өзгеше-тұғын... КазПИ-ден күнара келіп жүріп, қалашықтың тұрғындарына әйгілі «Шыңғырлаудағы шырайлымды» жаттатты. Бірінші курста Светқали Нұржан «Көптен бері естімей сыңғырын жырдың, Алматыға сыя алмай шыңғырып жүрмін» деп екі жол өлең өрген-ді. Соны оқып, жаппай шыңғырып, шер тарқатып жүрген біздің қатарластарымыз енді «Шыңғырлаудағы шырайлымға» бас қойды.

Самалға кешкі құмармын ескен,

Самалдан сені сұраймын.

Шынымен мені шығардың ба естен,

Шыңғырлаудағы шырайлым.

Шырқалған көкте жүр қалықтап ән,

Шынайы сүю – шын бақыт.

Шыңғырлау десе, шырмалып қалам,

Шыңырау ойға шым батып...

Тағдырдың салған тезіне көнем,

Жүрекке шапқан уы тік...

Көңілімді менің өзіңе деген,

Кете алмас жылдар суытып...

Кейін атақты бард ақын Табылды Досымов осы өлеңге арнайы ән жазды. Сөйтіп, екеуі ұлт ұғымындағы ақ махаббатқа, пәк сезімге, әдепті аруға, сол аруды өсірген өркенді өңірге елеулі ескерткіш қойды. Сол тұстағы жас жігіттердің жан-жүрегін шырқыратқан Шыңғырлау сұлуының кім болғаны, оның біздің Қазыбектің жолында неғып жүргені, одан соңғы тағдыр-талайы тіпті де маңызды емес. Ең бастысы, бұл өлең біздің заманымыздағы алғаусыз таза көңілдің, мөлдір мұңның көрінісі еді. Жүзігі жүрегінде жүретін қағілез Қазыбек қалай болғанда да өлеңмен өрілген өзгеше өрнекті өмірге әкелді. Миымызға мөрдей басылып, әлі күнге дейін санамызда жаңғырып тұрғанына қарағанда, бұл өлеңді бір емес, қос Қазыбек жазған секілді көрінеді кейде. Ақын Қазыбек қолына жыр-қаламды алып, тереңнен толғанып, одан әрі суретші Қазыбек қылқаламын оңтайлап, бедерлеп-бейнелей жөнелген бе дерсің... Мүмкін, бәрі де мүмкін, бұл көркем- өнердің құпиясы таусылған ба, сірә?!

Жалпы, әдебиет тарихында қалған суретші қаламгерлер аз емес. Көркемөнер саласында да азды-көпті қолтаңбасы бар ағылшынның сөз зергерлері Уильям Блейк мен Уильям Теккерейді, француз жазушылары Виктор Гюго мен Антуан де Сент-Экзюпериді, орыс ақындары Владимир Маяковский мен Максимилиан Волошинді айтсақ та болар. Өзіміздің қазақ әдебиетінде де суретші қаламгерлер жетіп артылады. Әлібек Асқаров, Қайырбай Зәкіров, Құлтөлеу Мұқаш, Маралтай Ыбыраев, Ерсайын Жапақ... Солардың арасында суретшілігінен гөрі суреткерлігінің жетегіне көбірек еріп кеткен Қазыбек Исаның жөні бөлек.

Сөйтіп, суретші Қазыбек әлдеқашан суреткер Қазыбекке айналды. Тек суреткер ғана емес... Арқалы ақын. Қарымды қайраткер. Қайсар қазақ. Ұлт жоқшысы. Халық қалаулысы. Тіл тілекшісі. Ақырып теңдік сұрап жүрген айбарлы азамат. Оның әр қырына кеңірек тоқталуға болар еді... Бұл туралы сәл кейін.

Ең басты ерекшелігі – суретші шайыр екендігі. Тегінде қылқалам ұстап көрмеген ақынның өзі табиғатты керемет кейіптейді. Бірақ, суретті жыр тілімен салады. Айналаны әдіптейді, сай-саланы әспеттейді, тау-тасты таңбалайды, жартасты сұлбалайды, шың-құзды бейнелейді, жұлдызды суреттейді. Соның бәрін өлеңмен өреді. Ал, Қазыбек тұмса табиғатқа кәсіби суретшінің көзімен зер салады. Алдымен пейзажының палитрасын әзірлейді. Сан түрлі бояудың ішінен өзіне қажеттісін таңдап алады. Қылқаламмен сызылған бедерлі бейнені көңіл көзінен өткізіп болып, жыр-қаламға ауысады. Сонан соң қамшыны басады дейсің. Жыр-қаламына да, қылқаламына да қанат бітеді. Еркін көсіледі. Кейде поэзия теориясындағы ептеген шарттылықтарға да пысқырмайды. Негізгі мақсаты – көңіл көзіндегі суретті жоғалтып алмаса болды. Суретші ретінде көз жанарына сақтағанын жадына көшіреді. Жадына көшкен нәрсені ақын ретінде жүрегіне жазады. Дәлірек айтқанда, жүрегіне емес, жүрегімен жазады.

Суретші Қазыбек ақын Қазыбекке жөн сілтейді. Ақын Қазыбек суретші Қазыбекті қапысыз тыңдайды. Қос Қазыбектің шығармашылық одағынан қашан да тәуір дүние өмірге келеді. Ал, үшінші Қазыбек – ешнәрседе шатағы жоқ азамат Қазыбек алдыңғы екеуінің арақатынасын тым алшақтатпай, тең ұстап отырады. Төрелік етеді, турасын айтады, томағасын алып, топқа салады.

Соның арқасында ақын Қазыбек те, суретші Қазыбек те әзірге мүлт кетіп көрген емес...

Бояу мен бейне

Шалдықтырса шала ұйқылы түндерім,

Шақырады шаңқан сәуле бір нәзік.

Бақыт құсы қонбады ма, білмедім,

Бақыт жайлы жүрмін әлі жыр жазып...

(Қазыбек Иса)

Сурет салуға бала кезінен-ақ зейіні ауды. Осы пәннен сабақ беретін Әбсаттар ағайының да ықпалы болмай қалған жоқ. Жалпы, біздің дәуірімізде қылқаламға құмартқан бала түрліше мінез танытатын. Бірі қарындашты қолға алып, баршаға белгілі «Ну, погоди!» мультфильміндегі қасқыр мен қоянның бейнесінен бастайды. Екіншісі ауылында мүлде жоқ, бірақ, өзі әлдебір суреттен көрген тау-тасты, өзен-көлді, сай-саланы акварельмен кейіптейді. Ал, үшіншісі аяқ астынан саяси сезімі оянып, пролетариат көсемі Лениннің портретін оқушы дәптеріне тушьпен таңбалайды. Мұндай талпыныстар болашақ қылқалам шеберінің өнердегі тақырыптық бағыт-бағдарынан хабар беруі де мүмкін. Мәселен, қасқыр мен қоянды көп қаузаған өрен кейін мультипликатор суретші, табиғатты танытқан ұлан пейзаж шебері, ал, көсемді кескіндеген перзент салиқалы саяси портрет маманы болуы кәдік.

Ал, біздің кейіпкеріміз бұл үш жолдың ешқайсысына да түскен жоқ. Ол бір күні толғанып отырып, Махамбеттің суретін салды. Кәдімгі Жәңгірге қасқая қарап тұрып: «Хан емессің, қасқырсың, Қас албасты басқырсың» деп тепсініп толғап, ақырып теңдік сұрайтын Махамбет Өтемісұлының өзі. Әрине, бұл Махаңды бұрыннан оқулықта бар суретінен көшірді. Әйтпесе, ақынның түпбейнесін қапелімде қайдан алмақ?! Бәрібір оның Махамбетті таңдауында белгілі бір заңдылық бар секілді көрінеді. Көзсіз батырлығына, өршіл өткірлігіне, оған қоса асқақ ақындығына тәнті болған шығар. Кейін өзінің де ел Парламентінің мінберіне шығатын кезде:

«Маңдайын күнге күйдірген,

Табанын жерге тілдірген.

Қайран ел, қазақ ақысын,

Қайтару үшін жүрмін мен...» деп өршелене ұмтылып, датын айтып, сөз сұрайтынына көрінген де...

Әйтеуір Махамбет образы оған салғаннан қатты ұнады. Арқалы ақын. Қайтпас күрескер. Қайсар қайраткер. Байрақты батыр. Адал дос. «Желп-желп еткен ала ту, Жиырып алар күн қайда?» деп шамырқанып, шабуылға шығатын жалынды жорық жыршысы. Ақиық ақынның осы қасиеттерінің бәрі бала Қазыбекті алаң күйге түсірді. Оны Махамбеттің ішкі әлеміне терең бойлатты. Егер бүгін ол: «Ұстаған найза үкілі, Ұлтымның қайда бітімі?» – деп ой толғаса, бұл байламның түп-негізі қайда жатқанын аңғару әсте қиын емес.

Әрине, Қазыбек тек Махамбет ақынның суретін салып қана қойған жоқ, оның жырларын да жата-жастана оқыды. Өлең өрімдерін үлгі тұтты. Қуатынан нәр алды. Ұлағаты мен ұстанымын жастай қанына дарытты. Махамбет – мінез дегеннің не екенін жатпай-тұрмай зерттеп-зерделеді. «Сырым да – осы, жырым да – осы, алдыңда. Байқашы бір, бықсыдым ба, жандым ба? Махаңдар жоқ, Махаңдардың сарқыты – Мұқағали Мақатаев бар мұнда!» деп жыр әлемінің мұзбалағы Мұқаң айтқандай, Қазыбек те сол тұста Махамбет поэзиясынан мейлінше сусындап үлгерген өрен еді.

Суретші болуына ықпал еткен тағы бір себеп бар-ды. Күш атасы Қажымұқаннан бастап тегеурінді тұлғалардың біразын тас тұғырға қондырған әйгілі мүсінші Тілеуберді Бинашев – осы ауданның перзенті. Біздің кейіпкеріміз Елтай деген марқұм досы екеуі сол Тілеубердіге о бастан жақын жүрді. Қазір де алыстап кеткен жері жоқ. Өнердегі орны бөлек асыл аға өзінің жолын жалғап, сол жолдың жанынан өз соқпағын салған ізетті інісіне үлгі бола білді. Талайға танымал текті тұлғаның қанына сіңген қарапайымдылық қасиеті Қазыбектен де табылса, бұл да олардың өзара ұқсастығы еді. Сөйтіп, ол алдымен өзі туып-өскен Шардара ауданының Қызылқұм ауылында бейнелеу өнерінің шығармашылық шеберханасында шыңдалды.

Қазыбек қолына қылқалам ұстағандардың дәстүрі бойынша Алматыдағы көркемсурет училищесіне түсуді ойлаған-ды. Бірақ, соның реті келмеді. Содан соң Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының көркемсурет-графика факультетіне құжат тапсырды. Бағы жанып, оқуға қабылданды. Бүгінгі бейнелеу өнерінің танымал шеберлері Тоққожа Қожағұл, Жанұзақ Мүсәпір, Мақсат Бексұлтановтармен бірге оқыды. Армандары о бастан-ақ үйлесетін еді. Енді қиялдары қосылды, тілектері тоғысты.

Суретшілік жолды қуғанда да, қылқаламымен қазаққа қызмет қылатын мықты майталман боларына дау-жоқ-ты. Бірақ, ол өнерден гөрі өлеңге көбірек бүйрек бұрды. Ал, өлеңді мектеп қабырғасында жүргенде-ақ жазды. Жас күнінен көркем сөзді кестелей білуге бейім-ді. Тек өлең емес, ауыл жаңалықтары туралы ірілі-ұсақты мақалалары бала біткеннің қаламын ұштайтын ұлағатты ұстаханасы – «Қазақстан пионерінде» дәміл-дәміл жарияланып жатты. Сол заманның дағдысы бойынша жас автор әр мақаласы жарық көрген сайын жер-жерден қап-қап хат алады. Белсенді тілші Қазыбек те хаттың астында қалды. Тоғызыншы класта оқып жүргенде бірден қырық бір хат келгені бар. Бұл хаттарды бір ұл, қырық қыз жолдапты. Біразымен бертінге дейін байланысын үзбеді. Бір ұлыңыз – Қызылордада тұратын қазіргі белгілі ақын, журналист Дүйсенбек Аяшұлы. «Қырық қыздың ішінде, Барамысың көш бастап» дегендей, сол бойжеткендердің бірі Айман Зейнуллина – қазір С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты. Ендеше, бұл – ақын Қазыбектің өзге әріптестерімен шығармашылық сабақтастығы тым ерте бастау алды деген сөз.

Қара шаңырақ – КазПИ-ге түскенінің де пайдасын көрді. Филология факультетінде оқитын ақын жігіттермен жақынырақ араласты. Бір-бірімен үнемі шеберлік байқасты. Бірте-бірте өзге оқу орындарындағы шайырларды іздей бастады. Бір күні арман болған КазГУ-дің қалашығына жол тартты. Әдеби ортаның қайнаған қазаны еді бұл білім ордасы. Ақыны көп әлем. Солармен сыйластық оның өзін де, өлеңін де өсірді. «Шыңғырлаудағы шырайлымның» қалың жұртқа таныстырылуына сиқырлы қалашық жастарының септігі аз болған жоқ. Қазыбектің осы өлеңіне ән жазған бард-ақын Табылды Досымов сол тұста ҚазГУградтың төбе биіндей болып, тереңнен толғап, кеудесінен жыр саулатып отырар еді.

Сөйтіп, КазГУ-дің саз дауысты Табылдысына енді КазПИ-дің қаз дауысты Қазыбегі қосылды...

Өлең мен өнер

Күнімменен күмістеліп күлкім де,

Күндей мұңлы күндер күнде өтеді.

Жалғыз ғана білетінім бұл күнде,

Бақыт деген байлық емес екені...

(Қазыбек Иса)

Әу бастан өлеңнің қадірін білетін ардақты ағалары оның қабілет-қарымын жоғары бағалады. Мәселен, белгілі ақын Исрайыл Сапарбаев «Оңтүстік Қазақстан» газетінде жарияланған шығармашыл жастар туралы көлемді мақаласында жас Қазыбекке ерекше назар аударды. Институтта өзінен жоғары курста оқыған Құдайберген Болатбаев шығармашылық ортасы қалыптасқан оқу орындарына жиі ертіп барды. Ал, біздің кейіпкеріміз елуге толып, елге есеп беруге жиналғанда жыр дүлдүлі, қарымды қайраткер Мұхтар Шаханов Шардараға арнайы келді.

«Кешіккенде менің муза-періштем,

Күттім шыдап, түспесін деп сөз құны.

Көру үшін көркемдікті келіскен,

Кемеліне келу керек көз нұры», – деп поэтикалық ұстанымын жариялаған Қазыбек Исаның өлеңдері ең алдымен сонау студент кезінде республика оқу орындарында білім алып жүрген қыз-жігіттердің жырларын топтаған «Аудитория» деген жинақта жарық көрді. Кітап шығарудың машақаты көп заманда «Аудиторияның» оқырманға ұсынылуы елдің рухани өміріндегі елеулі жаңалық болды. Студент ақындардың мұндай дүниесі жұртшылықпен қауышпағанына көп жыл өткен-ді. Сондықтан албырт ақындардың «Аудиториясы» ақындық өнерге жол ашқан мандат секілді еді. Сол мәртебелі мандаттың біреуі біздің Қазыбектің қолына тиді. Атап көрсетерлік жәйт, осы жинаққа өлеңдері енген бозбалалар мен бойжеткендердің дені қазақ поэзиясының шаңырағына уығын шаншып, әлі күнге дейін қара өлеңге адалдық танытып келеді.

Заманның кескін-кейпі, адамның болмыс-бітімі, ақынның көңіл-күйі Қазыбек Иса поэзиясында өзгеше мәнермен өрнектеледі. Соның бәрі авторлық ұстаным, ақындық «мен» арқылы айшықталып айтылады. Мәселен, ол айналасынан көрген-білгені мен тоқып-түйгенін салмақтай келіп: «Неменеге жетісіп жиі күлем, Өмір кешкім келеді бұйығы мен. Шаруа жасап жүрейін шағын ғана, Шайтан тірлік шаршатты күйігімен...» деп толғанса, енді бір сәтте жоққа жүйрік жетпейтінін жүрегімен ұғып, барды қанағат тұтып: «Құдай берген балалар, баспанам бар, Енді қандай өмірде басқа мән бар? Қара шайға қайғысыз қатық та бар, Іздегенің табылар тас қаламда әр» деп тәубесіне енеді. Онымен де шектеліп қалмай, жаныңа жайлылық сыйлайтын имани әлемнен ізгілік іздеп: «Желеу етіп, желікпей қаны азыңды, Жазып жүре берсейші қағазыңды. Құдіретті Құдайға құлшылық қыл, Қаза қылмай бес уақыт намазыңды» деп өзін де, өзгелерді де салиқалы сабырға шақырса, тағы да көңіл әуеніне беріліп: «Енді ешқайда бармаймын, шақырмаңдар! У ішкізіп, ұйыққа батырмаңдар... Жалған шаттық бір сәттік жарға итеріп, Айырылу не керек ақылдан бар?», – деп, тұрлаусыз тіршіліктен одан әрі оқшаулана түседі.

Әрине, мұны ақын Қазыбектің өз өмірінің белгі-бедері, өзгеше әсер-әрекеті ғана емес, кейбір сәттегі қоғам адамының ой ағымы, тұжырым-толғамы деуге болар. Қоғамдағы құбылыстарды салмақтап-саралай білетін Қазыбек шайырдың сол әсерінің бәрін тек өз жүрегінен өткізіп, өз басындағы ахуал ретінде ұсынуын өлең өнеріндегі тиімді тәсіл ретінде бағалаған жөн шығар. Жалғыздың үні десеңіз де, көптің дауысы десеңіз де сыятын, «Оңаша бір күн кешіп көрсем деймін, Даңғаза мен дақпыртқа белсенбеймін. Жалған тірлік барлығы, мен сенбеймін! Сертім осы. Сенбесең, сенсең мейлің...», – деген тастай түйіннің мән-маңызы да осы байлам-байыптамамыздан алшақ кетпейді. Дей тұрғанмен, ақын тиянақты тұжырымын жасап қойса да, әлі айтарын айтып бітпепті. Жаңағы жырдың ұйқасын бұзбай, құйқасын қозғамай, жүлгесін тартып, жүйесін жалғаған соңғы екі жол былайша өрілген: «Бала күнді баяғы аңсап жүрмін, Тек ауылға бір барып келсем деймін».

Міне, қара өлеңнің Қазыбегі өлең өлкесінде осылайша өрнек түзеді. Жыр әлемінде бақсыдай ойнайды ол. Кейде ой салады, кейде ою салады, кейде ойнақ салады...

Бәрібір ол өз көңілінде өлеңнен бұрын сурет салатын дағдысынан айныған емес. Қазақ өлеңінің теориялық талаптарына да, кәдуілгі қисындарына да бағына бермейтін жекелеген шумақтардан алдымен сиядан гөрі бояудың иісі аңқып тұрады. Ол акварель ме, гуашь па, майлы бояу ма, маңыздылығы шамалы. Ең бастысы, мұндай ой үзіктерінің суретші көзімен әдіптелген, суреткер сөзімен әспеттелген жарасымды жыр кестелері екендігі. Қазыбектің мына өлеңі осы ой-пікірлерімізге тиянақ болмақ:

Қырға шықса, қырына алар ел несін,

Жиғызады жебей соққан жел де есін...

Көл айналған көкала үйрек қанаты,

Сусылымен басар көңіл пернесін...

Көрінгенде көркем тоғай әр талы,

Көркеміне іңкәрлігі артады.

Талып ұйықтап кеткен кезде тал бойы,

Таңғы шапақ тағы да алға тартады...

Міне, пейзаждың палитрасы мен поэзияның пайымдары бір арнаға тоғысып, жыр тізбегін құрағанда осындай көрікті көрініс байқататынына куә болып отырмыз. Суретші ақынның өзіндік ерекшелігі де осында болар. Қазыбек досқа: «Ал, енді осы өлеңіңде айтқан ойларыңның суретін салып бере ғой», – десеңіз де, көп іркіліп қалмасы анық. Бейнелеу шеберлерінің тілімен сөйлесек, ойындағысын ақ кенептің бетіне әп-сәтте жазып тастайтынына дау жоқ. Өйткені оның жыр-қаламы жырлайды, қылқаламы сырлайды...

Сөйтіп, сөз бен суреттің үндестігі осы тұстан да айқын көрінеді.

Қайрат пен қабілет

Жарқыраса жаныңдағы жақұтың,

Қолда барды қадірсіз ғып қойған-ау...

Бақытсыздар көп ойлайды бақытын,

Бақыт деген – бақыт жайлы ойламау!..

(Қазыбек Иса)

Қазыбек ақын өмірдегі бел-белестеріне тақтайдай тегіс жолмен жеткен жоқ. Титімдей кезінен тынбай тер төкті. Оқу бітірген соң өз ауылындағы мектепте мұғалім болды. Қоғамдық қызметте бақ сынады. Өзі қыр-сырын жақсы білетін жастар ұйымдарының бір сарынды қызметін үнемі сынға алды. Өз ойын билік мінберінен де, басылым беттерінен де ашық айтты. Аудандағы алпауыттармен айқасты, шаһардағы шонжарлармен шайқасты. Қысқасы, ол егемендіктің елең-алаңында басталған демократиялық үрдістерге ертерек бой үйретті. Ал, Тәуелсіздіктің таңы атар тұста ақындық ортаны аңсап, Алматыға аттанды. Әдетте, шайырлар басылымдарды жағалайды, баспаларды паналайды. Қазыбек те сол дәстүрден айнымай, бірқатар газет пен баспада қызмет атқарды. Ең ақырында, «Жол іздеймін әлі ешкім бастамаған, Өзіме шақ көгілдір аспан алам» деп Мұхтар Шаханов ағасы айтқандай, тыңнан тәсіл тауып, соны соқпақ салуға бел байлады.

Жаңа ғасыр басталған сәтте «Жас қазақ үні» газетін ақпарат айдынына шығарып, берекелі басылымның тұңғыш басшысы болды. Ұлт мүддесін көздеген бұл жоба өз мақсатына жетті. Қаншама жұрттың мұңын жоқтады. Қаншама тағдырға араша түсті. Қазақ зиялыларының еркін ой бөлісетін, қызу пікір таластыратын мәртебелі мінберіне айналды. Ел алдында жүрген тұғырлы тұлғалардың қара сөзбен зерленген парасатты портреттері жасалды. «Жас қазақ үні» мейлінше ақиқатты айтатын, халықтың үнін билікке жеткізетін, теңдікті талап етіп отыратын азулы басылым болып қалыптасты. Соның бәрі газет басшысы Қазыбек Исаның ұлағатты ұстанымының, батыл байламының, қарымды қадамының арқасында жүзеге асты. Бас редактор бір күні өзі басқаратын басылымды жас қазақтың үнінен бар қазақтың үніне ауыстыруды жөн санады. Газеттің атауы кейін «Қазақ үні» болып өзгерді.

Ақын Қазыбектің шығармалары жарияланудан кенде болған жоқ. Баяғы қолына қалам ұстап, өлең өрген бүкіл студенттің жырларын жинақтаған «Аудитория» (1984) кейінгі дүниелеріне жол ашты. Тағы бір ауқымды өлеңдер топтамасы «Тоғыз тарау» (1989) деген жинаққа енді. Ақыры, тұңғыш жеке кітабы «Керімсалды» (1995) оқырманға ұсынды. «Керімсал» «Қызыл жыңғылға» (2002) жалғасты. «Қызыл жыңғыл» «Тәтті шөлге» (2008) ұласты. 2019 жылы «Сырымды айттым далаға» атты жыр кітабы жарыққа шықты. Жинақтарына әдемі әрі поэтикалық аттарды таңдайды. Бәлкім, бұған әсемдік әлемін көре білетін суретшілік табиғатының әсері де бар шығар...

Жетістіктері жетіп артылады. Мәскеуде басылған «Независимый Казахстан: Антология современной литературы» (2014) деген жинақта бірнеше өлеңі жарияланды. Осы топтама себеп болып, 2014 жылы Ресей Ха-лықаралық Жазушылар қауымдастығының Сергей Есенин атындағы сыйлығы – «Алтын күз» орденінің Қазақстандағы тұңғыш иегері атанды.

2017 жылы Моңғолияда Улан-Батырда өткен дүниежүзілік поэзия фестиваліне қатысып, Әлемдік ақындар конгресінің Құрмет ұлықтауымен марапатталды. «Әлем поэзиясы – 2017» (WORLD POETRY 2017 An Anthology) антологиясында ағылшын тілінде өлеңі мен өмірбаяны жарияланды.

Бірқатар жыр мүшәйраларында топ жарды. «Тәтті шөл» кітабы үшін халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты (2008) атанды. Тәуелсіз мемлекеттің мәртебелі марапаттарына ие болды. Алыс-жақын елдердің жоралы жүлделері де кейіпкерімізді іздеп тапты.

2018 жылы АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында өткен Қазақстанның мәдениеті мен әдебиетінің «Жаһандық әлемдегі заманауи қазақстандық мәдениет» атты халық- аралық форумына қатысып, баяндама жасады.

«Қайран да менің қазағым,

Қайраңға салды-ау азабың.

Қаныңда бар-ды қайсарлық,

Қаныммен соны жазамын», – деп баспасөзде де, басқа сөзде де өз пікірін еркін айтып дағдыланған Қазыбек қашанда ұстанымынан айныған жоқ. Оның сертіне сенімділігі мен байламына беріктігі қарымды қайраткер болып қалыптасуына жол ашты. «Ақ жол» демократиялық партиясынан Парламент Мәжілісінің депутаты болып сайлануы – соның дәлелі.

Ол өңкей халық қалаулылары жиналған залда әліптің артын бағып, тыныш отыратын, бетегеден биік, жусаннан аласа кейпінен танбайтын, қой аузынан шөп алмайтын момақан депутат болған жоқ. Керісінше, мандаты қолға тиген күннен бастап зор белсенділік танытып келеді. Ұлт пен жұрттың тағдырына қатысты бірқатар мәлімдеме жасады. Үкіметке өткір сауалдар жолдады. Бұрын да сан мәрте толғаған туған тілдің жайын талай рет Мәжіліс мінберінен ашық та, ашына да айтты. Сөйтіп, қасындағы әріптестерінің шынайы құрметіне, қалың елдің ыстық ықыласына бөленді. Қайраткер ақын ағайын-жұртына: «Аласың күннен шуақты, Табасың жерден қуатты. Жетті ғой енді, сақтай біл, Мұраға қалған мұратты...» деп тебірене тіл қатса, оның сайлаушылары ширақ шайырдың өз өлеңін өзіне арнап: «Торғауыт кимей тоқсан көз, Торлаған бұлттар қауіпті. Толғатып елім тосқан кез, Толағай ұлдар тауыпты...» деп шынымен сүйсінді.

Өзін арнайы іздеп келген мұқтаж кісілердің жай-күйіне құлақ қояды. Көңілге түйгенін тиісті орындарға сол күні-ақ жеткізеді. Қарапайым халық Қазыбекті осы қасиеті үшін жақсы көреді, сондықтан өзге әріптестеріне қарағанда оған көбірек іш тартады. Депутат ақын жаз мезгіліндегі демалысында сайлаушылармен үнемі жүздеседі. Басқа қалаулылар кеңсе-кеңсені, ауыл-ауылды, қауым-қауымды жағаласа, бұл қарттар үйіне барып, қамкөңіл кісілермен кездеседі. Қарғаның миы қайнаған ыстықта шаруалардың мұң-зарын тыңдайды... Әйтеуір, тыңнан жол табады. Сан рет тапталған ескі соқпақпен ілгерілегісі келмейді. Бәлкім, сонысы да дұрыс шығар. Қара қылды қақ жарған Қаз дауысты Қазыбектің қасиетті есімін тегіннен-тегін иеленіп жүр ғой дейсің бе?!

* * *

Сонымен, біздің дәуірдің мәрт мінезді, дара дауысты Қазыбегі биыл алпысқа толды... Жыр-қаламыңыз бен қылқаламыңыз қолыңыздан түспесін, қадірлі Қазке! Қаламгерлігіңіз бен қайраткерлігіңіз әрдайым қатар өрістей берсін!

Әй, осы баяғыда сурет салуды Махамбеттен бастағаныңыз бекер емес-ау...

Бауыржан ОМАРҰЛЫ,

филология ғылымының докторы.

«Оңтүстік Қазақстан» газеті