Тиранның ескерткіші қалайша сақталды?

Төреғали ТӘШЕНОВ Сталиннің қайтып оралуы Қай бір жылы грузиндер жарты ғасыр бойына сары майдай сақтаған Сталиннің ескерткішін Кутаиси қаласына қайтадан тұрғызды. Жез мұрт көсемнің тағы бір асқақтаған ескерткіші Махачкалада бой көтерді. Ұлы Қазан төңкерісінің 85 жылдығына орай Бішкектің орталық алаңына қолын көкке созған күн көсем – зәулім Ленин ескерткішін орнатқан қырғыздар арасында да Сталиннің ескерткішін тұрғызуға деген талпыныс байқалған. Бұдан үш-төрт жыл бұрын «халықтар әкесінің» туған күні – 21 желтоқсанда Грузияның Хашури мен Боржоми қалаларындағы коммунистер тұрғызған Сталиннің ескерткіштерін «капиталистер» трактормен зорға сүйреп құлатқан. Ал Ресейдегі коммунистер көсемі Геннадий Зюганов Сталиннің ескерткішін Мәскеудің қақ төріне орнатпақ болып әрекеттенді. Әл-әзір бұл қам-қаракетінен ештеңе шыға қойған жоқ. 1945 жылы өткізілген Ялта конференциясының 60 жылдығына орай Қырымда тұрғызылмақ болған тарихқа белгілі үштік – Рузвельт, Черчилл және Сталиннің ес­керткішінің де дау-дамайдан басы арылмады. Ресейдің Мә­дениет министрі Михаил Швыдкой бірде: «Сталинді болмаған сияқты көру – ақымақтық. Ал оның бағасын беру – тарихшылардың міндеті. Менің ұстанымым – Сталиннің ес­керткіші оның моласы мен туған жерінде тұру керек. Ал басқа жерге қою – бұл үлкен сұрақ...» деген-ді. Ал енді осы Сталин ес­керткішінің қазақ даласының алыс түкпірлерінде әлі күнге сақталып қалғанын білеміз бе? Махамбет ауданындағы Сталиннің ескерткіші 42 жылдан кейін барып орнынан алынған Қазақ даласының батыс түкпіріндегі жез мұрт көсемнің ескерткіші әлі күнге қасқайып тұра берер ме еді, егер 1989 жылы Мәскеуден шығатын «Известия» газетінде сол кездегі Гурьев облысының Махамбет ауданындағы Сорочинск поселкесінде тұрған Сталиннің ескерткіші жарқ етіп шыға келмегенде. Газеттегі суретте барақ типтес Үгітпункт үйінің қабырғасына Жоғарғы Кеңеске сайлауға шақырған плакаттар ілініпті. Ал Үгітпункт үйінің жанында – Сталиннің ескерткіші. Қолын кеудесіне қойған Иосиф Виссариновичтің сұсты тұлғасы. Қазақстандағы «халықтар көсемінің» ескерткіш суреті бейнеленген осы хабар Одақтың бас басылымында жарық көрген соң, екі аптадан кейін тағы да сол «Известияға» Гурьев облыстық партия комитетінің хатшысы В. Бегинаның аталған мәселеге орай ақталып жазған хаты шығады. Онда ол: «Ескерткіш қазір бар-жоғы 25 үй тұратын Сорочинск поселкесіндегі кезінде мүгедектер мен қарттар үйі саналған ғимараттың қасына 1947 жылы тұрғызылған. КПСС ХХ съезінен кейін ескерткішті алып тастауға бірнеше рет талпыныс жасалғанмен, аталған үйде тұратын Ұлы Отан соғысының ардагерлері, мүгедектері мен қатысушыларының қарсылығына байланысты ол әрекеттен нәтиже шықпаған. Кейіннен мүгедектер мен қарттар басқа жаққа көшіріліп, ғимарат-жай ауылдық клубқа берілген. Ал ол кез Сталиннің есімі кинофильмдер мен көркем әдебиеттерде, қоғамдық пікірлерде қалпына келтіріліп жатқан уақыт болатын. Жергілікті партия, кеңес қызметкерлері 1985 жылғы сәуір пленумынан кейінгі елімізде болып жатқан Сталиннің жеке тұлғасын қайта бағалауға байланысты жайтты дер кезінде бағамдай алмаған және аталған ескерткішті естерінен тарс шығарып алған. Газеттегі жарияланымнан соң ескерткіш дереу орнынан алынды. Осыған орай немқұрайлылық көрсетіп, дер кезінде елгезектік танытпаған коммунистердің партиялық жауапкершілік мәселесі облыс­тық партия комитетінің бюросында қаралатын болады», – деп жазады. Бұл оқиға көп ұзамай республикалық актив жиналысында Қазақстан Компартиясы ОК-нің бірінші хатшысы Геннадий Колбиннің аузымен айтылады. Міне, бұдан 17 жыл бұрын алыс түкпірдегі балықшылар жа­та­ғында орналасқан ауылдық клуб жанындағы Сталиннің ес­керт­кіші орнынан осылайша алыныпты. Сталиннің бюсТі соғыс ардагерінің ауласында Сталинді пір тұтатындар аз емес. 80-жылдары мұртты көсемнің суретін машинаның терезесіне ілудің модаға айналғаны бар. Стекеңнің су­реті атақты Баукең-Бауыржан Момышұлының да төрінде ілулі тұрыпты. Ал марқұм Қасым Қайсенов тіпті төсегінің тұсына іліп қойған. Ал енді оңтүстікқазақстандық соғыс ардагері әрі мүгедегі Ахмет Садулаевтың үйінің ауласында 50 жылдан астам уақыттан бері кеңестік көсем Иосиф Сталиннің кеуде мүсіні сақталып келеді. Бұл кеуде мүсінді Ахмет ака елуінші жылдардың ортасында Шымкент аэропортының жанындағы күл-қоқыстың арасынан кездейсоқ тауып алыпты. Сөйтіп, ауылдас біреудің жәрдемімен Сайрам ауданының Коммунизм ауылындағы үйіне көтеріп әкеледі. Көсемнің түсіп қалған бір құлағының орнына өзі қолдан құлақ жапсырып, кеуде мүсінді бетоннан жасалған тұғырға орнатқан ақсақал көктем келген сайын, оны сырлап-майлап, айналасын ерекше күтіп-баптайтын көрінеді. Кенді Алтайда көсемнің қолы ұзақ уақыт шошайып жатқан Шығыс Қазақстан облы­сындағы Жаңа Бұқтырма поселкесіне жақын тау ішіндегі асу жол жағасында жер астынан шығып жатқан үлкен тас қол кезінде талай жолаушылардың үрейін ұшырып, зәре-құтын алған көрінеді. Сөйтсе, оның тарихы былай екен: Кезінде Ертістің жағасында Бұқтырма гидроэлектростансасын салған кезде, осы табиғатты бағындырған кезекті жеңістің құрметіне кеншілер аймақтағы ең биік тұсқа Сталиннің алып ескерткішін тұрғызбақ болады. Сөйтіп, армандарына жеткен. Кейін көсемнің көзі жұмылған соң, басталған жеке басқа табынушылыққа қарсы саяси науқан кенді Алтайға да жетіп, жергілікті белсенділер алып монументті таудан құлатады да, оңай жолмен құтылмақ болып, сол құлаған жеріне көме салады. Кейін «моланы» таудың нөсер жауыны шайып, лениншіл-большевиктің қолын жер тұтқынынан босатып алады. Жұртты қорқытып жүрген сол екен. Сөйтіп, бұл жер көлікпен әрі-бері ағылған жұрттың тоқтап, қызықтап, ақыры демалатын жеріне айналады. Жұрттың зәре-құтын қашырған тас қол кейіннен қазып алынып, біржола көзі жойылады. Сталиннің ескерткіші Иқан ауылында әлі күнге міз бақпай тұр Оңтүстік Қазақстан облы­сының Түркістан ауданында Ескі Иқан деген ауыл бар. Бұл ауылдың аты өзбектің атақты халық ақыны Міртемірдің (Тұр­сынов) туған жері болуымен және ... Сталиннің ес­керт­кішімен шыққан. Ке­зінде КСРО аумағында ге­нералиссимустың екі-ақ ес­керт­кіші сақталған-ды: оның бірі – Сталиннің туған жері Гориде, екіншісі – Ескі Иқанда. Алыс түкпірдегі шағын ауылға жез мұрт көсемнің тастұғырын орнату жөніндегі идея Екінші дүниежүзілік соғыстан бұрын туған көрінеді. Көне көз қарттардың айтуынша, мүсінді орнату үшін ауылдағы әр отбасы мүмкіндігіне қарай өз еріктерімен ақша жинаған. Сөйтіп, Мәскеуде тұратын бір мүсіншіге (аты-жөні ұмытылған) тапсырыс беріпті. Басында ауылда ескерткішті соғуға қажетті материалдар табылмай, барынан үзіп-жұлып құраған болыпты. Көп ұзамай соғыс басталып кетеді де, ескерткіш жайына қалады. Соғыс кезінде «Иқан» ауылдық кеңесіне қарасты «Ынтымақ» артелінің колхозшылары бұрынғысынан он есе артық астық жинап, ауыл аты Одаққа дүркірейді. Соғыстан кейін әрең есін жиған ел баяғы ескерткішті естеріне алады. Оның себебі 1936 жылы ескерткіштің жайымен Мәскеуге барған колхозшылардың ешқайсысы майданнан тірі қайтпапты. Ары қарай іс жөнімен жалғасын тапқан. Сөйтіп, басына әскери фуражке киген, үстінде сүйретілген сұр шинелі бар, бір қолын қалтасына, бір қолын кеудесіне сұғып тұрған халықтар көсемінің екі метрлік тұлғасы Иқан ауылында 1946 жылдан бері міз бақпай тұр. Сталиннің жеке басына табынушылыққа қарсы үгіт кампаниясының күресі басталған тұста, ауылдағы «халықтар көсемін» құлату үшін кран, жүк машинасы, бульдозермен келгенде, Хрущевтің қаһарынан қаймықпаған иқандықтар көсемнің ескерт­кішін кеудесімен қорғап қалған. Ел егемендігін алған 90-жылдардың басында да мұртты көсемнің ескерткішін құлатуға бірқатар талпыныс жасалғанмен, тағы да жергілікті шалдар сақалын төсеп, етпеттеп жатып алған. Сақалын төсеп, Сталинді «тірі» алып қалған, қайран қазақтың шалдары-ай!.. Сесі қатты коммунистер көсемі ХХІ ғасырға аман-есен жетіп, жарқын капиталистік болашаққа бет алған қазақ жеріне «қайда барасың?» дегендей сұстана қарап, әлі тұр. Кезінде өзі өлердей қарсы шыққан Түркістан Республикасының топырағында ескерткіші міз бақпай тұ­ратынын жез мұрт көсем қайдан білсін. Одақ құлаған соң ескерткішті аумағымен қоса Әбдусәмет Юсупов деген кісі сатып алыпты. Бүгінде ауласында Сталиннің ескерткіші тұрған оның үйі Түркістанға барар жолдағы жұртшылық ең көп тоқтайтын туристік аялдамаға айналған.