Сонда Конституциялық кеңес бір ғана конференция үшін 65 млн теңге жұмсаған ба?

016Бұған дейін Конституциялық кеңестің былтыр сый-сыяпатқа деп 65 миллион теңгені жаратқанын хабарлаған болатынбыз. Мұндай мәліметті кеше Мәжіліс депутаты Омархан Өксікбаев айтқан еді. Алайда, бүгін Конституциялық кеңес өкілдері арнайы хабарлама таратып, аталған қаражаттың сыйақыға немесе сыйлыққа емес, Конституцияның 20 жылдығын атап өтуге жұмсалғанын мәлімдеді.

"2015 жылы Қазақстанда бірқатар мерейтойдың болғаны белгілі. Оның қатарында Конституцияның 20 жылдығы да бар. Үкіметтің қаулысымен ҚХА жылын және Конституцияның 20 жылдығын атап өтудің ұлттық іс-шаралар жоспары бекітілді. Осы жоспарға сәйкес, Конституциялық Кеңес ҚХА хатшылығымен, Адамдар құқығы жөніндегі ұлттық орталықпен, Жоғарғы сотпен, Бас прокуратурамен, Әділет және сыртқы істер министрліктерімен, Астана әкімдігімен бірігіп, халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізуі тиіс болатын" делінген аталған хабарламада.

Аталған конференция былтыр 28-29 тамыз күндері өткізілген. Оған Мемлекет басшысы, Премьер-министр, мемлекеттік органдардың басшылары, беделді халықаралық ұйымдардың өкілдері, конституциялық бақылау органдарының басшылары, сот пен құқық қорғау органдарының мамандары, ғалымдар - барлығы 28 елдің өкілдері келіп қатысқан. Шараның осындай ауқымын ескерген Конституциялық кеңес басшылары депутат Өксікбаевтың неліктен бұл жайттан хабарсыз екенін айтып, таңданыстарын жасырмай отыр.

"Өткен жылдың бюджеті қабылданған кезде Өксікбаев мырза Мәжіліс депутаты болатын. Ол шығындардың бәрін біле тұра оған қарсы дауыс бермеген. Ол кезде Өксікбаевтың мерейтойларға жұмсалатын қаражатқа қарсы уәжі болмағаны белгілі. Ал, Есеп комитетінің экс-төрағасы ретінде ол мұндай ауқымды іс-шаралардың қаржыланатынын білуі керек еді және бұл қаражат Конституциялық кеңеспен емес, Сыртқы істер министрлгімен төленеді. Сондай-ақ, жұмсалатын қаражаттың кеңестегі қызметкерлердің санына байланысты емес екенін де Өксікбаев жақсы білуі тиіс" делінген хабарламада.

Дерек көзі: sn.kz