Қанат Ислам: Туымыз жығылмасын деп Генаның артында тұрсам да, мен үшін үлкен абырой!

016Қазақстандық боксшы Қанат Ислам Геннадий Головкинмен жекпе-жекке шығуға қатысты өз ойын айтты, деп жазады oishogyr.kz.

- Қанат аға, соңғы кездері әлеуметтік желілерде, сайттарда сізді Генадий Головкинмен жекпе-жекке шығады деген жазбалар көп жазылып жатыр. Осы мәселенің ақ-қарасын ашып айтып беріңізші. Бүгін осы тақырыпқа нүкте қояйықшы. Генамен жұдырықтауыңыз мүмкін бе?

-  Мен Генаны досым ретінде, чемпион ретінде, ағам ретінде қатты сыйлаймын. Гена - көк туды желбіретіп жүрген қазақтың батыры. Гена екеумізді жұдырықтастырғысы келетіндерді мен түсінбеймін. Өкінішке қарай, қазір көп адам жеке бастың мүддесін ойлайды. Біз ұлттық деңгейде ойлансақ қана өзгеге мазақ болмаймыз. Бізге екі қазақтың шетелде бір-бірімен жұдырықтасқаны керек пе? Әлде, шетелде екеуі екі жақтан көк туды желбіретіп жүргені керек пе? Бізге қайсысы қызық? Қайсысы маңызды? Алдымен өзімізге осы сұрақты қойып көрейікші. Қытайда ережесіз жекпе-жекте бір-біріне қол көтермеген қазақтарды білесіздер. Біз Гена екеуміз сол жігіттер сияқтымыз. Головкин он жеті миллион қазақстандықтардың алдында "Мен - қазақпын!" дегенін естідіңіздер. Мен Генаны өзімнің бауырым деп есептеймін. Біз - қазақпыз. Өзге елдің алдында бір-бірімізді сабамаймыз. Ата-бабамыз: "Жақсы сөз жарым ырыс" дейді. Жақсы сөз ол - бата. Бата - ол дұға. Азаматтықтың ең биік деңгейі қолымен жәрдем беру. Оған шама келмесе жақсы сөз айтып, демеу болу. Ал, оған да шама келмесе - үндемеу. Ал, азаматтықтың ең төмен деңгейі ол жақсы сөзді қимау, көре алмау. Алла бізді осыдан сақтасын. Қазақтар бір-бірін көтермелесе ғана, өзгелердің ұлтымызға деген құрметі оянады. Гена екеуміздің жұдырықтасқанымыздан біз ештеңе ұтпаймыз. Керісінше ұлт ретінде ұтыламыз. Ұлттық деңгеймен ойлап қарасаңыз, әлем алдында масқара боламыз. Кейбіреулер, бұл -  спорт. Бәрі мүмкін. Жұдырықтасқанда тұрған не бар дейтін шығар. Мен спортшыдан бұрын - қазақпын. Маған спорттағы жетістік емес, маған қазақтың әлем алдындағы абыройы мен беделі қымбат. Гена көк туды көтеріп жүрген біздің серкеміз. Туымыз жығылмасын деп Генаның артында тұрсам да, мен үшін үлкен абырой. Көп інілерім маған: "Аға, сіз сияқты болғымыз келеді", - дейді. Мен оларға: "Мен сияқты болмаңдар. Менен де мықты болыңдар", - деймін. Бізден де мықтылар шықса біз ұтылмаймыз, керісінше біз ұтамыз. Әлемді мойындатамыз. Тарихта батыр бабаларымыз жастарға білгенін үйретіп, өздерінен де мықты қылып тәрбиелеген. Мен де сол бабаларымыз сияқты, жүрегінде оты бар жастарды қасыма алып, өзімнен де мықты қылып тәрбиелегім келеді. Қазақтың жүрек жұтқан ұлтжанды спортшылары көбейсе, әлем спортшылары бізге қарап бой түзейтін болады.

Дерек көзі: oishogyr.kz