Елбасы тоқтатқан заңды ерекше қорғаған депутаттар Ерболат Досаевтың ерлігін қайталауы тиіс...

Елдің сөзін сөйлейді деп үміт күткен көсемдеріміз бәсең,  батыр дегендеріміз пақыр, шешендеріміз шемен болып шықты....

JER Atyrau aaa Елбасы "Жер туралы Кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңға" мораторий енгізіп, даулы баптарын тоқтатып тастады!  Ең бастысы Ел тағдыры мен Ел бірлігі екенін көрсетіп, көрегендік жасады. ЕНДІ КЕШЕ "ЖЕРДІ САТУ, ШЕТЕЛГЕ 25 жылға ЖАЛҒА БЕРУ"- деген КЕРЕМЕТ ШЕШІМ, бұл заң қайтсе де қабылдануы тиіс, оған қарсы болатындар ат төбеліндей арандатушылар мен түкті түсінбейтіндер "-деген депутаттарымыз бен осы заңның қабылдануына қайрат жұмсаған Үкімет басшысы мен  Президент әкімшіілігіндегі басшылардан бастап, жантыққан жантық шенеуніктер не істеуі керек деп, ел тағы шулап жатыр.  "Олар  ождандары болса, Ерболат Досаевтың ерлігін қайталап, мандаттарын тастап, отставкаға кетпейді ме?"-деп ойланып отыр едім...  О-о тоба, "қағаз барлық ұятты көтереді" дегендей, тежеусіз телеарнаны қосып қалсам, кешегі қарсы болғандар, жарысып тұрып, "Елбасы Жер сату және шетелге 25 жылға жалға беруді тоқтатып, даналық һәм демократиялық шешім жасады"-деп соғып тұрған соларды көріп, жағамды ұстадым.  Құдай-ау, осыншалық екі жүзді болуға болады ма?!. Ең болмаса, үндемей қалуға азаматтықтары жетпеді ме"-деп таң-тамаша қалдым. Жағы талғанша жаттаған жарамазанын жақтырмай,  аударып тастасаң да, басқа қырынан  бақаша бақылдап, барынша қырылдап, зырылдай беретін баяғы кері кеткен кеңестік кезеңдегі ескі күйтабақ есіме түсіп кетті... Алдымен,  Алаш жұрты болып қарсы шыққан ұлт зиялыларына,  Атырау мен ақтөбелік, ақмешіттік  азаматтарға, "Алаш жолы" қозғалысына  алғыс айтуымыз керек шығар... Енді, осы заңның "атышулы баптарын" ерекше түсіндіруге ебіл-дебілі шығып, ел кезіп кеткен депутаттар мен шенеуніктердің  шекесіне шикі жұмыртқаларды қор қылу ғана қалған шығар... Иә, бұл жер сату туралы заң кімнің кім екенін көрсетіп, бетперделерін ашып берді...  Елдің сөзін сөйлейді деп үміт күткен көсем дегендеріміз бәсең,  батыр дегендеріміз пақыр, шешен дегендеріміз шемен болып шықты.... Айтпақшы, бұл туралы ең алдымен кезінде белгілі қаламгер-қайраткер, "Президент және халық" газетінің бас редакторы Марат Тоқашбай ағамыз алдымен жазып, елдің пікірін білдірді: "Егер мен депутат болсам, Жер кодексінің 4 нормасына қатысты Президенттің бүгінгі мораторийінен кейін ең болмаса ар-ұятымның алдында өзімді ақтау үшін өз еркіммен депуттаттық мандатымды тапсырып үйіме қайта берер едім. Бірақ біздің мырқымбайлардың қолынан ол да келмейді-ау. Енді замандастарының бетіне, бала-шағасының бетіне қайтіп қарайды??!!"- деп, "халық қалаулыларының" терісін тірідей сыпырып,  сойып салды Біздің Қазақстанда бәрі де болады!... Қазыбек ИСА, qazaquni.kz