"Баспанасыз" депутаттар мемлекет есебінен тәулігіне 120 мың теңге төлеп, қонақ үйлерді "сағалап" жүр

20130614120607Жаңадан сайланған Мәжілістің 107 депутаты жеке кабинеттеріне жайғасып та үлгерді. Қазір Парламент әкімшілігі халық қалаулыларының құжаттарын жинап, қызметтік пәтерлерін де әзірлеп жатыр. Уақытша баспанасыз жүрген мәжілісмендер Астанадағы бесжұлдызды қымбат қонақүйде тұрып жатыр. Онда бір күн түнеу 120 мың теңгені қажет етеді, деп хабарлады КТК арнасы. 

Мәжілістің дәлізінде таңнан бері абыр-сабыр. Жұмысқа жаңадан кірісіп жатқан депутаттар жеке кабинеттеріндегі жиһаздарды ауыстырып әлек.  Қазақстан халқы Ассамблеясының атынан сайланған Наталья Жұмаділдаеваға экс-мәжілісмен Оразкүл Асанғазының кабинеті бұйырыпты.

 - Кабинетте жұмысқа керек негізгі заттың бәрі бар. Қазір мен жалпы отырысқа қызу дайындалудамын. Демалыссыз заң жобаларымен танысып жатырмын. Жеке ұсыныстарымды дайындап та қойдым", - деген Мәжіліс депутаты Наталья Жұмаділдаева киім стилін өзгертпейтін болып шықты. 

Ең жас депутат Геннадий Шиповских тілшілерге кабинетін көрсетіп, өзімен бірге қазақ тілінде жазылған бір кітапты ғана ала келіпті. Уақыты өте тығыз, кеудесіне депутаттық төселгісін тағып, партияның алғашқы фракциялық отырысына асықты. Ал, қайта сайланған ескі депутаттар сол бұрынғы жұмыс орындарында отыр. 80-ге таяп қалған коммунистер көсемі Владислав Косарев қайтып келетініне сенімді болса керек, 5-ші шақырылым тарағанда кабинетіндегі жеке заттарын жинастырмаған да. Бұрынғы депутаттардың барлығы осы "Нұрсаядағы" баспаналарында тұрып жатыр. Мәжілісмендердің қызметтік көліктері де дайын. Кез-келген уақытта жүргізушіні шақырта алады.

Ал, жаңадан сайланған депутаттар әзірге қызметтік пәтерлерге жайғасып үлгерген жоқ. Аймақтардан көшіп келгендері Астанадағы   бесжұлдызды  қытайлық қонақ үйде мемлекет есебінен тұрып жатыр. Бұл элиталық қонақүйде бір күн түнеп шығу 120 мың теңге. Халық қалаулыларының құжаттары дайын болғанда, олар да тегіс бұған дейін депутат болып үйреніп қалған  әріптестерінің көршілері болады.

Дерек көзі: КТК