АДАМНЫҢ  АДАМНАН АЙЫРМАСЫ НЕДЕ?

Иман таразысы - жүрек

 

Мәулана Жәлалладин Руми: «Адамның болмысы – ішінде әртүрлі аңдар мекендейтін орманға ұқсас. Біздің бойымызда таза-лас, жаман-жақсы, имани-хайуани сияқты мыңдаған қасиеттер бар..."

22734472ed9ed1782cdb8eab8910473fАдам туралы, оның болмысы, жаратылысы жайында ой қозғасақ дейміз. Бұл өте күрделі дүние. Себебі, бұл тақырыпқа дендеп бару үшін адамның болмысы мен жаратылысы жайында үкім айтқан пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадистері мен үлкен оқымыстылардың  ой тұжырымына назар аударған жөн.

Мысалы, 1207 жылы туып, ХІ ғасырда өмір сүрген түріктің атақты тарихатшы ғұлама ғалымы Мәулана Жәлалладин Руми: «Адамның болмысы – ішінде әртүрлі аңдар мекендейтін орманға ұқсас. Біздің бойымызда таза-лас, жаман-жақсы, имани-хайуани сияқты мыңдаған қасиеттер бар. Егер ішкі жан шаһарыңда қасқыр үстемдік ете бастаса, адамның қасқырға айналғаны. Жақсылықтар мен жамандықтар да жасырын жолдармен жүрекке келіп, құйылып тұрады. Сәт сайын адамның жүрегінде бір нәрсе бас көтереді. Сол себепті адам кейде періште сипатқа, кейде шайтани сипатқа айналып отырады» - деген екен.

Сол секілді әйгілі философ Марк Орэл өзінің «Ойлар» атты кітабында: «Күнде таңертең адамдар арасына барып қосылғанда былай ойланам: бүгін мен адам бейнесіндегі кейбір жыртқыштармен кездесем, оларды ызаландырмай, өзім таланбай үйіме аман-есен оралуым керек» - деп жазыпты.

Бұдан не түсінуге болады. Адамның болмысы айнымалы құбылыс. Оның әміршісі –жүрек. Сондықтан да болар Мұхамед (с.ғ.с) айтқан: «Адамның денесінде бір жұдырықтай ет бар. Ол сау болса, адамның дені, ақылы сау болады». Тағы бірде пайғамбарымыз (с.ғ.с) сахабаларына жапан далада үп еткен самалдың болымсыз желімен тербеліп тұрған құс қауырсынын көрсетіп: «Сендердің жүректерің де осындай тез айнып тұрады» депті. Осыған қарап ислам әдебі ­– адамға жүрек түкпіріндегі ниетіне қарап баға беретінін байқаймыз.

Адамдықтың өлшемі - құлшылық

Қасиетті Құран Кәрімнің «Зәрият» сүресінің 56- аятында: «Жын мен адамды өзіме құлшылық етулері үшін жараттым» -дейді. Осы үкім бойынша адамның жаратылысы белгілі болды. Ендеше адамнан адамның артықшылығы оның Жаратушыға деген құлшылығымен өлшенеді.

Демек, адам – Аллаһтың құлы. Оны жаратты һәм ризықтандырады, өлтіреді. Адамның ғұмырында болатын оқиғалардың барлығы Аллаһтың бұлжымайтын заңдылығына бағынады. Адам бұл заңдылықтан тыс өмір сүре алмайды. Сол себепті адам баласы өзінің құлшылығына сай Аллаһтың сыйлығына ие болады.

Ислам ғұламаларының негіздеуіне қарағанда құлшылықтың екі түрі бар. Біріншісі - табиғи құлшылық. Мысалы, барлық жаратылыс Аллаһқа құлшылық жасайды. Ағаштар, тастар, барлық планеталар. Бұл күллі жаратылыстың еркінен тыс болады. Адамның мүшелері де сол сияқты құлағы естиді, көзі көреді, жүрек пен бауыр өзінің белгіленген қызметін атқарады. Екіншісі - шариғат заңдарымен бекітілген құлшылық. Адамның қиямет күні марапатталуына  немесе жазалануына себеп болатын осылар. Бұл ерікті түрде жасалады. Ғибадаттың осы түрінен барып адамдардың бір – бірінен артықшылығы белгілі болады. Иманды және имансыз болып бөлінеді.

Адам баласының жаратылысында оның жүрегіне Аллаһ өзіне құлшылық ету қасиетін сіңіріп қойған. Пенде соған лайық болса, ақиқи бостандыққа бет алғаны. Ал, адамдар ойдан шығарған жалған идеяларға, өтірік насихаттарға көзсіз бой алдырса,  саясаттың құлы болып шыға келеді. Ондай адам билік пен мансапқа аса құмар болады.

Осындай ашкөз адамды танитын айқын сипаты ретінде түрік оқымыстысы Оспан Топбаш былай депті: ондай адам әуелі - жинағандарына тойып қанағаттанбайды, одан кейін - өлгенге дейін арманы таусылмайды, соңғы сипаты – парасаттылық пен рухани байлықтан махұрым қалады.

Құл – дегеніміз кім?

«Құл» - деген жаман сөз. Оның әркімге лайық  белгілері бар. Мысалы: Аллаһтың құлы, шайтанның құлы, дүниенің құлы, адамның құлы деген сияқты. Осының ішінде Аллаһтың құлы болу екі дүниенің бақыты. Ондай адамның сипаты: айналасындағы адамдарға аса құрметпен қарайды, бекзаттық болмысқа ие болады, күйкі өмірден биік тұрады, аса күшті рух пайда болады.

Шайтанның құлы болудың сипаттары: сөйлесе жалған айтады, сөзінде һәм ісінде екі жүзді болады, арақ-шарапқа және зинаға құмары артады, ең бастысы күншіл, қызғаншақ, кекшіл қасиеттері көрініп тұрады.

Дүниенің құлы болудың сипаттары: дүние байлық үшін бәріне барады, тойымсыз, жемқор, парақор, ең бастысы ол адам байлық үшін бәрінде сатып кетеді.

Адамның құлы болудың сипаттары: өзіндік көзқарас пікірі жоқ, жағымпаз болады, ең бастысы ондай пенде Аллаһтан емес адамнан (бастығынан) қорқады. Оны өмірінің жарылқаушысы деп түсінеді.

Адам осы жаман қасиеттерге нәпсіге бағынып, оның жетегінде ергендіктен барады. Әйгілі төрт халифаның бірі Әли ибн Тәліп болса: «Қорқыныштың қорқынышы нәпсіге ие болмау. Нәпсінің жетегінде кету адамды ақихаттан аластатып ақыретті ұмытырады» деген екен. Сол сияқты  ислам қағидасымен қарағанда, ең бақытты адам деп, өз нәпсісі ие адамды айтады.  Міне, рухани тұрғыдан адамның адамнан артықшылығы оның нәпсісін тізгіндей алуымен өлшенеді. Ондай адамды «Абзал адам» дейді. Атақты сахаба Әбу үбәйда ибн Жәррахтың сөзіне қарасақ: «Адамның абзалы деп ­– Аллаһты танып, ақырет үшін амал жасаған адамды айтады» - дейді.

Ондай адамды Жаратушы жақсы көреді. Катада ибн Нұғманнан жеткен хадис бойынша «Аллаһ жақсы көрген құлын осы дүниенің бүлігінен сақтайды» екен. Бұл дүниенің  бүлігі – ақша, байлық, алтын т.б.

Атақты ғалым Ибн Ражаб адам баласын екі топқа бөліпті. Бірінші топтағылар – бұл өмірдің өткінші өзіне сыйлық пен жаза тағайындау үшін жаралғанын сезінбейді. Олар дүние қызығына беріліп нәпсіге құл болудан бас тартпайтындар. Олардың бұл дүниемен байланысы көп болғандықтан қоштасуыда қиын болады. Екінші топтағылар - өлімнен кейін сұрақтың болатынын сезінетін пенделер.

Ал, Әли әл-Мұртада болса адамдарды үш топқа бөліпті. Біріншісі – раббани ғалымдар, екіншісі – құтқарылу жолына түскен ілім іздеушілер, үшіншісі - әркімге еліктеп өзін нұрландыра алмаған тобыр.

Адами қасиеттің басқа шарттары

Абай атамыз адамдықтың биік деңгейін иманмен өлшеген. Атамыздың қара сөздерінде: «Толық мұсылман болмай – толық адам болмайды» - деп, кесіп айтқан. Бірақ көне қытай ойшылдары адамның адамдық қасиетін  сыртқы көрінісінен іздейді. Мысалы, ұлы ойшыл Кунзы (Конфуций) айтады: адам үш түрлі болады, дейді. Дана адам – асып таспайды, Жақсы адам – күй талғамайды, Батыл адам – қорықпайды, депті. Тағы да осы  қытай жұртының ғұламасы, дао ілімінің негізін қалаушы Чжан – Цзы: өзінің арғы тегінен ажырамайтын адамды Аспан адамы деп атапты. Өзінің рухани бастауынан бөлінбеген адамды Қасиетті адам депті. Шындықтан бөлінбеген адамды Кемел адамға жатқызған.

Ал, еуропалықтар адамның адами қасиетін  тұрмыстық-әлеуметтік, мәдени қатынастар арқылы бағалаған. Немістің атақты философ ғалымы Артур Шопенгауэр адамның қасиеттерін: туа бекзада, қалталылар аристократиясы, таланттың тектілігі деп үшке бөлген. Сол сияқты  орыс жазушысы Лев Толстой марқұм пенде баласы үшін даналыққа (адами ұлы қасиетке) жетудің үш жолы бар, депті. Біріншісі – ой арқылы жету, бұл шапағатты жол, екіншісі – тәжірибе арқылы жету, бұл ауыр жол, үшіншісі – еліктеу арқылы жету, бұл ең жеңіл жол, деген екен.

Бекен Қайратұлының архивінен

qazaquni.kz