Н. Назарбаев: Біздің Мемлекет ешқашан мұндай бай-қуатты жағдайда өмір сүрген емес

Бүгін Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауын жария етті. Барлық мемлекеттік телеарналарда онлай трансляцияланған Жолдауда әлемдік дағдарыс кезіндегі іс-қимылдар талқыланды. 

- Қиыншылықтарды адам баласының ұмытып кететін қасиеті бар. Совет үкіметі құлап, қаражатсыз, мемлекетсіз қалған кезіміз болған. Экономикамыз тоқырап, зейнетақы төлейтін қаражат болмаған қиын кездерді бастан өткіздік. Сондай ауыр жылдардан аман өттік, - деді Елбасы Н. Назарбаев.

Мұнай барелі 10 долларға дейін түскен жылдарды еске алған Назарбаев, тәуелсіз Қазақстанның алғашқы экономикалық қадамдары туралы кеңінен баяндады. Алғашқы мұнай қорының ашылуын айта отырып, Президент үкімет жұмысы арқасында банк секторы, ауыл шаруашылық және тағы басқа салалардың қалай дамығанын да тілге тиек етті.

- Ағымдағы жаһандық кризис жалғасын табады. Сондықтан, Қазақстан алғаш рет жаһандық антикризистік шараларды қабылдауға көшті. Біз "Нұрлы жол" бағдарламасын жүзеге асырудамыз. "Ұлт жоспары - 100 нақты қадам" да халықтың келешегі үшін атқарылуда. Бұл бағдарламалар келесі жылдың 1 қаңтарынан толық іске қосылады, - деді Мемлекет басшысы.

Жолдау аясында Н. Назарбаев мемлекетіміздің ешқашан мұндай бай-қуатты жағдайда өмір сүрмегенін атап өтті. Сондай-ақ, жаңа жылдан бюджеттік қызметкерлер жалақысы мен шәкіртақылар 30 пайызға өсетіні туралы айтылды.

Мемлекет басшысы, сонымен қатар, бүгін 30 қараша күні, Қазақстан де-юро Әлемдік Сауда ұйымына мүше болғанын хабарлады.

qazaquni.kz