"Әдебиет порталы" ақын-жазушылардың наразылығын тудыруда

"Әдебиет порталы" ақын-жазушылардың наразылығын тудыруда. Жақында фейсбук әлеуметтік желісінде қазақтың белгілі ақыны, Халықаралық "Алаш" әдеби сыйлығының иегері Серік Ақсұңқарұлының жазбасы қызу талқыға түсіп, оған бірқатар зиялы қауым өкілдері үн қосты. 

Серік Ақсұңқарұлы:

«Әдебиет порталындағы» «Үздік он ақын» жобасының соңы не болар екен? Сауал салуды Төлен Әбдік ағадан бастағанда көңілге шуақ ұялаған. Енді Әбекең (Ә. Кекілбай) не дер екен деп отырғанбыз. Орта жолдан әлде біреулер килігіп кетті. Үздікті үздіктің үздігінің талғам тезіне салмай, орташалардың ойымен «анықтағалы» жатқандай.

Поэзия—кінәз текті жанр. Совет одағы Пушкинді миллн тиражбен жариялап, Айды аспанға бір шығарған... Мына он ақынды он милн қазақ «анықтайтын» болса...жетіскен екенбіз! Сол он милннің ішінде Абайды түсініп, Абайға тұшынатын 100 мың қазақ болса, біз интеллектуалдық дамудың биік шыңында тұрған боламыз! Россия Пушкинді түсініп бітті ме?! Англия-Байронмен, Америка-Уитменмен, Германия-Гетемен, Испания-Лоркамен, Россия-Пушкинмен өмір сүріп жатыр ма?!

Ақындар айтысын әділ қызылыр таразыға салса,- салар. Қазақ поэзиясының қыры мен сырын қай «әділ қазы» санға («цифрға) салып, салмақтап береді?

Кімнің жобасы болса да , бұл поэзияның не екенін пайымдамайтын ұсақ-түйек пенделердің шаруасы."Әдебиет порталы" әдебиетті бүлдіре бастады!

Әдебиет порталындағы «Қасымнан кейінгі үздік-он ақын» жобасында ұлттық руханияттың екі ірі тұлғасы Төлен Әбдік пен Әбіш Кекілбайұлы менің есімімді атапты. Қасымнан кейін «үздік» болам ба, болмаймын ба, енді маған бұл сауал аса маңызды емес Һәм оны «әдебиет порталы» шеше алмайды. Терең де, кемел, талғампаз , көшедегі көрінгенге көз сала бермейтін екі көкемнің аузына іліктім. Сол—жетеді. Басқа, Поэзияға үш қайнаса сорпасы қосылмайтын, көшеде жүрген көрінген өлеңшінің "пікірлері" мен үшін түкке де тұрамайды!

Менің шығармаларыма елжіреген осы екі көкемнің сенімін ақтай алам ба, алмаймын ба?!. Мәселе—осында!

Жолтай Жұмат:

Осы "Әдебиет порталына" менің де көңілім томай жүр. О баста осы шаруаны бастаған біз едік.. Жазушы Роллан Сейсенбаев Үкіметке хат жазып, оған мен қамқор болып, жаңа жоба жасасақ дегенбіз. Ойымыз- қазақ әдебиетінің ең үздіктерін орысшаға, ағылшыншаға аударып, әлемге танытуға мұрындық болсақ деген ек. Жаңа әдеби ұйым бола ма деген арман-ды. Хат анда кетті, мында кетті - аяғында осы "Казконтент" деген мекемеге тірелді. Ондағылар маған хабарласып, осы шаруаға бас-көз болыңыз деді. Ойымды тағы айттым. Шетелге шығару, әлемге таныту туралы ойыма олар аса түсінбеді. Маған бұл шешім түсініксіздеу болды да, әрі қарай араласпадым. Аяғы былай.

Ақылбек Шаяхмет:

Ақындарды жарысқа салып, әдеби талғамы бары бар, жоғы бар, тағысын тағыларға пікір айтқызу арқылы әдебиеттің шын бағасы анықталмайды.

Р.S. Еске сала кетейік, "Әдебиет порталы" "Казконтент" АҚ қарасты интернет-портал.Порталдың бас редакторы жас ақын - Бауыржан Қарағызұлы. Атап өту керек, жуырда Б. Қарағызұлының өлеңдері корей тіліне аударылмақшы. Бұл туралы dalanews.kz порталы хабарлады.

Бауыржан Қарағызұлы:

Серік аға, Сіздің «Үздігінің талғам тезіне салмай, орташалардың ойымен «анықтағалы» жатқандай», «Мына он ақынды он миллион қазақ «анықтайтын» болса...жетіскен екенбіз!», «Кімнің жобасы болса да, бұл поэзияның не екенін пайымдамайтын ұсақ-түйек пенделердің шаруасы» деген сөздеріңізге қояр кінәміз, айтар уәжіміз табылып тұрса да, Ағаның алдына шығып сөз қумауға бекіндік. Бірақ, "Әдебиет порталы" әдебиетті бүлдіре бастады!» деген сөзіңіздің одағайлығын айтпай қалмауға тағы болмады.

qazaquni.kz