Жарнама жайы қалай?

Қазақ тілінің қадір-қасиетін танытуда, қоғамдық беделін, мерей- мәртебесін биіктетуде билік тарапынан біраз істер атқарылып жатқандығы мәлім. Ұзақ мерзімді бағдарламалар мен жасампаз жоспарлар өз жемісін береріне сеніміз нық.

Не десек те мемлекеттік тілге деген қоғам көзқарасы түбегейлі өзгерді. Ұлттық сана-сезім мен тарихи танымның күретамыры, өзегі тіл екендігіне көз жеткізгендей еді. Қазақ тілінің тынысы кеңіп, қолданыс аясы кеңейді. Ресми іс-қағаздарды қазақ тілінде жүргізу де жолға қойылып келеді.

Дегенмен, қазіргі қоғамда қазақ тілінің бедел-бедеріне, келбетіне көлеңке түсірер түйткілді тұстар көп. Нақтырақ айтсақ, жарымжан жарнамалар, мүгедек маңдайшалар – емлелік қате ережелер мен сөз саптаудағы сын көтермес самарқаулық нәтижесі. Жаза жауыр болған тақырыпқа қайта оралып, тереңірек қаузау олқылықтар орнын толтырып, көкейтесті мәселе кесімін табуды көздейді. Көшеде ең алдымен көзге түсері көрнекі ақпарат. Ал бояуы оңған бильбордтар мен өңі түскен маңдайшаларда өріп жүрген қателер наразылық толқынын тудырары анық. Осы тұста қол қусырып отырған құзырлы органдар ойға оралады. Тіл жанашырлары тарапынан қатаң сынға ілігетіні де осылар. Тіл басқармалары, ұйымдары және т.б. Сайып келгенде, тіл дамыту саласында атқарылған істер ауыз толтырып айтарлықтай. Өңірлік тіл дамыту басқармасы бас болып осы бағытта біршама жұмыс атқаруда. Бұған бір мысал, ағымдағы жылдың маусым айында өткен басқосу болмақ. Сыртқы көрнекі ақпарат құралдарындағы қателерден арылу мәселесі талқыға түскен жиында көп жайсыз жайттың шеті шықты... Мәселе мәнісін өңірлік тілдерді дамыту, мұрағаттар мен құжаттама басқармасының басшысы Гүлзайда Бектұрқызы былай деп түсіндірді: «Қала аумағына тиесілі баннерлер мен бильбордтарды орналастыру кезінде алдымен оның иелері міндетті түрде Ақтау қаласы әкімдігінің қалалық құрылыс және сәулет бөлімінен келісім алады. Қалалық тіл саясатымен айналысып отырған бөлімдер жарнама мәтіндерінің дұрыс жазылуын жан-жақты қарап, түбегейлі тексерістен өткізеді. Көп жағдайда жарнама иелері мәтіндердің дұрыс жазылуына келісім алмастан, яғни тексертпестен апарып орналастырып тастауы жиі орын алады. Баннерлер мен бильбордтардағы қателерді түзету мақсатында басқарма тарапынан қоғамдық белсенділер, тіл жанашырлары, «НұрОтан» партиясы және БАҚ өкілдері, жергілікті депутаттарды тарта отырып жұмысшы тобын құрдық. Олар мониторинг жүргізіп, нәтижесі бойынша басқармаға өтініш түсіреді. Сол өтініш ақпараты бойынша біздің қызметкерлер аталған жарнама иелерін тауып, оларға жол берілген қателер

бойынша түсінік жұмыстарын жүргізеді, әдістемелік көмек көрсетеді, ескерту хатын жолдайды. Ескерту хаттар нәтижесінде жауапкершілікті сезінетін тұлғалар бірден қатені жөндеп, не болмаса жарнамасын түзетілгенге дейін алып тастайды. Алайда, әлеуметтік жауапкершілікті сезінбейтін азаматтар ешқандай әрекет жасағысы келмейді немесе бұны кәсіпкерлігіне жасалған кедергі ретінде қабылдайды»,-дейді ол.

Яғни, тіл жанашырлары, белсенді жастар мен қоғамдық ұйымдар өкілдерінен мобильді топтар құрылды. Ендігі ретте көшеде көзге іліккен қателер, өзге тілді атаулар, заң қағидатына қайшы деректер лезде қоғамдық талқыға түседі. Тұрғындар тарапынан нысан иесіне ескертулер беріліп, хат жолданады. Бүгінде нәтижелі әрі жүйелі жұмыс өз жемісін беруде. Күні бүгінге дейін қырыққа жуық қателер түзетілді. Азық-түлік, тұрмыстық үй техникасы дүкендері, ойын-сауық және сауда орталықтары мен бильбордтар бастан-аяқ тексерістен өтті. Мысалы, 14-шағынауданда орналасқан «Адмирал» мейрамханасының маңдайшасы алынып тасталып, дұрыс нұсқасы жасақталды. Ал 26-шағынаудандағы «Достық» ғимаратында ірге тепкен «Достық Тур» туристік фирмасының

атыуы мүлдем өзгертілді. Сонымен қатар, облыстық тілдерді дамыту, мұрағаттар мен құжаттама басқармасының бастамасымен «Қолдау-Қазақстан» ҮЕҰ әлеуметтік зерттеу жүргізіп, өңірдегі қазақ, орыс және ағылшын тілін меңгерген халық үлесін анықтады. Әрі көрнекі ақпарат құралдарындағы қателерді анықтау әрі түбегейлі жою мақсатында жүйелі істер жүргізілуде. Қазақ тілінің мемлекеттік мәртебе-беделін көтеру мақсатында тілдерді дамыту басқармасы БАҚ-мен тығыз әрі тұрақты байланыс орнатқан. Елбасының бес институционалды реформасын іске асырудың «100 нақты қадамы» Ұлт жоспарының «Бірлік пен біртектілік» бағыты бойынша жергілікті телеарнада түрлі бағдарламалар бұқара назарына ұсынылады. «Болашағы біртұтас халық» телебағдарламасы соның бірегейі. «Тілашар», «Терминологиялық хабаршы» атты айдарлар мемлекеттік тілді еркін меңгеріп, өз игілігіне игеруге мүмкіндік береді. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні қазақ тілінің құндылықтары мен тарихи маңызын танытуда толағай істер атқарылуда. Тәуелсіздік тірегі, елдік пен егемендік өзегі – ана тілді ардақтау, құнды қазынамыздың қадір-қасиетін қашырмай, қастерлеу құзырлы мекемелер міндеті емес, кез келген азаматтың адамдық борышы екенін естен шығармаған жөн.

Голрох ЖЕМЕНЕЙ,

qazaquni.kz