БҰҰ штаб-пәтерінің Астанаға көшірілуі ғажап емес

1 Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Нью-Йоркке БҰҰ Бас Ассамблеясы 70-сессиясының жұмысына қатысқан сапарын ел қазір аңыз қылып айтып жүр. БҰҰ саммиті барысында бір сәт төрткүл дүние серкелерін таң қалдырып, қазақша саңқылдаған Елбасы 2015 жылдан кейінгі кезеңдегі даму саласы турасындағы күн тәртібі бойынша сөйлеген сөзінде әртүрлі елдердің даму деңгейлерінің біркелкі емес екеніне тоқталды. Жалпы әлемдік қоғамдастыққа ортақ мәселелерді көтерді, ұтқыр ұсыныстарын ортаға салды. «Кереғар көріністер Таяу Шығыс, Африка және Азия елдеріндегі жанжалдар салдарынан одан бетер тереңдей түсуде. Қазіргі көші-қон дағдарысы тек соғыс қимылдарымен ғана байланысты емес, ол сонымен қатар даму тепе-теңдігінің болмауынан да туындап отыр. XXI ғасыр мемлекеттердің табысты болғанын олардағы қару-жарақ қорының көптігінен емес, елдердің озық ойларды жүзеге асыру қабілеттері мен өзіне жұртты тарту кеңістігін жасай алуынан көрінеді», – деді Назарбаев. «Стокгольмнің әлем проблемаларын зерттеу институтының дерегіне сәйкес, 2014 жылы барлық мемлекеттер әскери шығындарының жиынтық мөлшері 1,7 триллион долларды құраған немесе әлемдік жалпы ішкі өнімнің 2,3 пайызына тең болған», – деді Елбасы. Осыған байланысты Қазақстан лидері жыл сайын әрбір мемлекеттің өз қорғаныс бюджетінің 1 пайыздық мөлшерін БҰҰ-ның тұрақты даму мақсаты үшін құрған арнайы қорына аударып тұруы жөнінде ұсыныс білдірді. Сонымен қатар, Қазақстан Президенті бүгінгі күнгі шаралардың баршаға ортақ болашақ үшін бірігуге үлкен мүмкіндіктер беретінін атап өтті. «Біздің қолымыздан келетіні – адамдардың үміттерін қазіргі заманғы қауіп-қатерлер мен түрлі шақыруларға соқтықтырып, құртып алмау», – деп сөзін қорытты ол. Қиын болса да, шешуі табылатын мәселе «Біріккен Ұлттар Ұйымының штаб-пәтерін Астанаға да көшіруге болады». Қазақстан журналистеріне сұхбат берген мемлекет басшысы осылай деді. «Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысының шақыруымен мен ұйымның 70 жылдығына арналған саммитіне қатыстым. Негізгі сессияда, пікірталастар барысында Қазақстанның барлық саяси және экономикалық мәселелердегі ұстанымын айттым. Мұнан бөлек, тағы 2 саммитке қатыстым. Оның бірі – экстремизммен, лаңкестікпен күрес мәселелері жөнінде, екіншісінде 2015-2030 жылдар кезеңіне арналған БҰҰ бағдарламасы бекітілді. Барлық үш талқылауға қатыстым. Мұнан бөлек, көптеген елдердің басшыларымен кездесу мүмкіндігі болды. Оның ішінде қазір ғана мен Америка президенті Барак Обамамен сұхбаттастым», – деді Елбасы. Президент жалпы пікірталас барысында Біріккен Ұлттар Ұйымының Экономикалық және әлеуметтік кеңесін Жаһандық даму кеңесіне айналдыру, Ұйымының жүз жылдығына Жаһандық Стратегиялық Бастама – 2045 жоспарын әзірлеу бастамаларын ұсынғанын атап өтті. Сондай-ақ, Біріккен Ұлттар Ұйымының штаб-пәтерін Азияға көшіру мәселесін ойластыруды ұсынғанын айтты. «Егер көшіру туралы ше­шім қабылданар болса, онда Біріккен Ұлттар Ұйымында 40 мың шенеунік жұмыс істейді. Олардың қайда жұмыс істейтіндігін, немен айна­лысатындығын қазір ешкім білмейді. Тек жалақыға ғана 5,5 млрд. доллар шығын­далады. Олардың елорданы Алматыдан Астанаға көшіру барысындағыдай серпілуі үшін мен (штаб-пәтерін) Азияға көшіруді ұсындым. Азияда дамып келе жатқан Шанхай, Сингапур, Сеул, Астана бар. Қай қалаға көшірілетіндігін, әрине, ойластыратын, талқылайтын болады. Бұл қарапайым мәселе емес», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. АҚШ Президентімен кездесудегі келелі ойлар Сонымен қатар, Қазақстан Президенті Нью-Йоркте АҚШ Президенті Барак Обамамен кездесті. Нұрсұлтан Назарбаев пен Барак Обама өңір дамуы тұрақтылығы мен қауіпсіздігіндегі Қазақстан мен АҚШ әріптестігінің маңызын атап өтті. Кездесу барысында мемлекеттер басшылары сауда-экономика, инвестиция және отын-энергетика салаларындағы ынтымақтастықты нығайту жолдарын талқылады. Барак Обама өзінің президенттігі кезінде АҚШ пен Ресейдің арасындағы қалыпты қарым-қатынасты қалыптастырып кеткісі келеді. Бұл туралы Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ Бас Ассамблеясы аясындағы Зорлық-зомбылық экстремизміне қарсы күрес жөніндегі саммиті барысындағы брифингінде мәлімдеді. «Маған Ресей президенті мен Құрама Штаттар президентінің кездесіп, өткір мәселелерді талқылағаны ұнайды. Обама мырза мені өздерінің Украина мәселелері, Сирия мәселелері бойынша жүргізген әңгімелерінің қорытындысымен таныстырды. Әңгімеміз барынша ашық болды, деді ол. Қалай дегенде де, маған Обама мырзаның айтқанындай, кездесудегі ашық, адал жүрген әңгімеге риза болған. Ол: «Мен Ресейдің позициясын түсіне бастадым, енді біз бірге жұмыс жасайтын боламыз», – деді. Оның президенттік уақытының аяқталуына бір жарым жыл қалды, осы аралықта Құрама Штаттардың Ресеймен қалыпты қарым-қатынас орнатуға күш салатыны мен үшін қуанышты жағдай. Барак Обамамен барлық жеті жыл бойында өткен диалог жемісті болды. АҚШ біздің республикамыздың ДСҰ-ға кіруіне атсалысты, барлық бастамаларымызды әрдайым қолдап келеді. Қазақстанда 500-ге жуық америкалық компания жұмыс істейді, АҚШ-тың тікелей инвестицияларының көлемі 30 миллиард доллардың шамасында. Мен біздің еліміз өз талпыныстары мен экономикалық бағдарламалары АҚШ тарапынан қолдау табады деп сенетінін атап өттім», – деді Назарбаев. Лаңкестерге қарсы күрес ережесі Әлемге лаңкестер мен экстремистерге қарсы іс-қимылдың әмбебап әрі міндетті ережелері қажет. Бұл туралы БҰҰ Бас Ассамблеясы аясындағы Зорлық-зомбылық экстремизміне қарсы күрес жөніндегі саммитінде сөз сөйлеген Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев мәлімдеді. «Әлемге лаңкестер мен экстремистерге қарсы іс-қимылдың барлық мемлекеттер үшін әмбебап әрі міндетті нормалары мен ережелері қажет. БҰҰ аясында экстремистік және лаңкестік құрылымдар түсінігін біріздендіру, оларды әлемдік заңнан тысқары деп жариялау құқығын тек Қауіпсіздік кеңесіне беру керек. Лаңкестік ұйымдардың бірыңғай тізбесін құру маңызды», – деді Президент. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы халықаралық лаңкестік пен экстремизм қылмыстарына қатысы бар тұлғаларды іздеу және экстрадициялаудың бірыңғай механизмі қажет екендігін атап өтті. Оларға қолдау көрсететіндерге қатысты дәл сондай қатаң санкция қолданылатындығын нақты бекіту керектігін баса айтты. «Зорлық-зомбылық экстремизміне қарсы іс-қимылда тек оның салдарымен ғана күреспей оның бастапқы себептерін жою қажет», – деді Мемлекет басшысы. Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде әлем елдері өздерінің біріккен күш-жігерін жұмсауы тиісті бірқатар бағытты атады. «Біріншіден, терроризмді жаһандық қатер ретінде тану қажет. БҰҰ-ның лаңкестікке қарсы коалициясын құру, Зорлық-зомбылық экстремизмі мен лаңкестік қылмыстарын жасауға қатысы бар тұлғаларды іздеу, ұстау және эстрадициялау іс-қимылының бірыңғай тетігін әзірлеу керек», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Екіншіден, Қазақстан Президенті БҰҰ аясында Зорлық-зомбылық экстремизміне қарсы тұруға бағытталған барлық қарарлар мен шешімдерді ұсыныс сипатынан міндеттейтін сипатқа көшіру қажеттігін баса айтты. «Олар Қауіпсіздік Кеңесі деңгейінде қаралып, бекітілуі тиіс. 2006 жылы қабылданған БҰҰ-ның террорға қарсы Жаһандық стратегиясының негізгі ережелерін Қауіпсіздік Кеңесінің қарарымен бекіту қажет», – деді ол. «Вашингтон мен Мәскеу адамзат өркениетіне қауіп төндіретін лаңкестікке қарсы күресте біріге алатындығына үміт артамыз», – деді келесі кезекте Қазақстан басшысы. «Зорлық-зомбылық экстремизмі халықаралық лаңкестіктің өсіміне себепші бола отырып, әлемдегі барынша қатерлі қауіптің біріне айналды. Біздерге жаңа әлемдік бәтуаластық қажет. Мемлекет саяси ерік-жігер танытып, ортақ қауіп-қатерге қарсы күш біріктіруі тиіс. Әлем мұны Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде жасай алған еді», – деді Президент. Елбасы әлем елдері өздерінің бірлігін 2001 жылдың 11 қыркүйегінен кейін паш еткенін, 2013 жылы Сириядағы химиялық қару-жарақты жою жөнінде ынтымақтастыққа уағдаласқан Вашингтон мен Мәс­кеудің жаһандық жауапкер­шілігіне куә болғанын атап өтті. «Биылғы жылдың шілдесінде Иранның ядролық бағдарламасы бойынша тағдырлы келісімге қол жеткізілді. Жетекші державалар өздерінің ағымдық алауыздықтарынан жоғары тұра алды. Бүгінгі күні де біз олар барша адамзат өркениетіне күрделі қатер төндіретін лаңкестікке қарсы күресте біріге алатындығына үміт артамыз», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Жалпы, Мемлекет басшы­сының айтуынша, адамзат 2045 жылға қарай барлық негізгі мәселелерді, әсіресе, қақтығыс ошақтарындағы проблемаларды шешуі тиіс. – Жер бетіндегі кедейшілік деңгейі өте жоғары, миллиардқа тарта халық тоя тамақ ішпейді, миллиондаған адам сауатсыз, балалар арасындағы өлім-жітім жыл сайын 40 миллионды құрайды. Бай елдер кедейлерге көмектесуі тиіс. Осыған байланысты мен барлық мемлекеттердің әскери шығыстарының 1 пайызын мыңжылдық мақсаттарын жүзеге асыру ісіне бөлуді ұсындым, бұл зор көмек болар еді. Біздің еліміз көтерген барлық мәселелер тиісті қолдау тапты деп есептеймін, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ Бас ассамблеясының мінберінен еліміздің мемлекеттік тілінде алғаш рет сөз сөйленгеніне тоқталды. – Менің мемлекеттік тілдегі сөзім, оның ұйымдағы барлық ресми алты тілге ілеспе аударылуы да жақсы нышан болды, – деді ол.  

Сейілбек АСАН

"Қазақ үні" газеті