Болат Өтемұратов ITF мүшесі болып сайланды

Қазақстан теннис федерациясының президенті Болат Өтемұратов Халықаралық теннис федерациясы (ITF) директорлар кеңесінің мүшесі болып сайланды.

болат утемуратов

Бұл туралы Қазақстан теннис федерациясының баспасөз қызметі хабарлады.

Мұндай шешім Чилидің астанасы – Сантьяго қаласында өткен Халықаралық теннис федерациясының президенті мен ITF директорлар кеңесінің мүшелерін сайлаудың қорытындысында белгілі болды.

Жаңа директорлар кеңесінің құрамына әртүрлі елдерден келген 24 үміткердің арасынан 13 функционер мүше болып өтті. Бұған қоса, жыл сайынғы дәстүрлі сайлаудың бұл жолғы кезегінде федерация президенті де жаңарды. Енді ұйымға америкалық Дэвид Хэггерти басшылық етеді. Ол федерацияны 16 жыл басқарған Франческо Риччи-Биттиді алмастырды.

Халықаралық теннис федерациясы – әлем теннисінің басқарушы құрылымы. Бүгінде ол 250 ұлттық ұйымның басын біріктіріп отыр. Ұйым теннис ойынының ережесін қайта қарап, өзгерте алады, спорттың бұл түрін Халықаралық олимпиялық комитетке ұдайы таныстыра отырып, оның түрлі жарыстарын ұйымдастырады, сондай-ақ теннисті дамытумен және күллі әлемге таратумен айналысады.

Дереккөз: Егемен Қазақстан