Сыры терең, бірлігі ерен Сүткент

NUR_5414 Сүткент атауы IX-X ғасырлардан бастау алады. Тарихи деректерге жүгінсек, Сырдария өзенінің орта тұсы мен Ұлы Жібек жолының бойына қоныс тепкен өте батыл, еңбекқор отырықшы халық оғыз тайпасының мекені, үлкен сауда орталығы болған шаһар. Зерттеулерге қарағанда, оғыз ескі сөздіктен аударғанда «қаймақ» немесе «ұю» деген мағына береді екен. Яғни, бұл «сүт бетіндегі қаймақ» деп аталған тайпаның сол кездегі беделін, әлде сүттей ұйыған бірлігі берік мекен екенін суреттеу арқылы «қаймақ» та, «ұю» да сүтке қатысты болғандықтан, «Сүткент» атауы шыққан болуы мүмкін. Аңыз-әпсаналар мен көнекөз қариялардың сөздеріне сүйенер болсақ, Сүткент – Ұлы Тұран даласында аты мәлім ірі-ірі сауда орындары болған жеті кенттің бірі. Жеті рет күйреп, жеті рет қайта бой түзеген қала тұрпаты осында мекендеген халықтың ауызбірлігі мықты, өте еңбекқор ел болғанын дәлелдеп тұрғандай. Бірақ біздің айтарымыз бұл емес, бұл мәселені зерттеу, зерделеу. Тарихшыларымызға тиесілі дүние болғандықтан, тарихи қазба жұмыстарын қажет ететін мекен туралы емес, бертінгі уақытта шаң басқан мұражайларда сақталған деректерді сөйлету ғана. Аудан орталығы Шардара қаласының батыс бетінде жетпіс шақырым қашықтықта, ежелгі көне шаһар Сүткенттің жүз гектар жерді алып жатқан ескі жұрты мен жиырма сегіз ұлт өкілдері ұйып, бірлігі жарасып ғұмыр кешіп отырған шаһар атымен аттас шағын ғана елдімекен бар. Біздің әңгімеміз осы ауылдың өткені мен бүгіні жайлы болмақ. Бұл ауылға алғашында Қызылқұм (қазіргі Отырар) ауданы «Көксу» мал шаруашылығының екі фермасы мен Арыс ауданының «Байырқұм» қой шаруашылығының екі фермасын біріктіріп 1944 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің бұйрығы бойынша «Сүткент» қаракөл қой шаруашылығын құрып, Арыс ауданының құрамына енгізіп, басшылыққа Ф.А.Кузнецовты тағайындайды. Соғыстың әлі аяқталмаған кезеңі, ер-азаматтардың басым көпшілігі майданда болғандықтан, бронь беріліп әскерден қалдырылған азаматтар мен әйел-аналарымыз, жас балалар құрамға алынып, 1943 жылы 14-қазандағы КСРО Халықтық Кеңестік комиссариаттың №1118-342 қаулысы бойынша Солтүстік Кавказ жерінен қоныс аудару арқылы 400 отбасы Арыс ауданына қоныстанған, соның 50 отбасы ауылдың қазығын алғашқы қаққан негізгі жұмысшы күші болған. Бірте-бірте шаруашылықтың тасы өрге домалап, жыл жаңалап қоныс аударған өзге ұлт өкілдері тұрмысқа төселіп, жер сіңіп, шаруашылыққа маманданып, өздеріне тиесілі істі ойдағыдай меңгеріп, дөңгелетіп әкетті. Өздерін жатырқамай, қонақжайлылық көрсетіп қарсы алған қазақ ұлтының ерекше пейіліне ерекше ықыласпен жауап қайтарып, шаруашылықтың өрлеуіне үлкен үлес қосты. 1950 жылға дейін мемлекеттің негізгі тапсырыстарының бірі ретінде беріліп келген ет, жүн, ірімшік, сүзбе дайындау артығымен орындалған. Сондықтан да кеңшар 1945 жылы КСРО қорғаныс халық комиссариаты мен Сыртқы сауда комиссариатының ауыспалы Қызыл Туын, 1945-47 жылдардың маусым, тамыз айларында КСРО Сыртқы сауда халық комиссариаты мен ВЦСПС-тің ауыспалы Қызыл Туын жеңіп алуына әуелі қоныс аударған кавказдық ұлт өкілдерінің қосқан үлесінің зор екенін айта кеткеніміз жөн. Ауыспалы Қызыл Туды уыстан шығармай ұстаған Арыс ауданының «Овцевод» пен «Сүткент» кеңшары еңбеккерлерінің жетістіктері жоғары бағаланып отырды. Ол кезде басшылардың қызметтік көлік түрі жылқы малы болғандығы анық. Бірақ 1947 жылы облыс бойынша аталмыш екі кеңшардың директорына американдық «Студ-Бекер» қызметтік автокөлігін берген. Тапжылмай еткен еңбектің жемісі 1949 жылы көрінді. Бір емес, қатарынан төрт бірдей азамат жыл сайын елтірі, ет өнімдерін өндірген жетістіктері үшін озат аға шопандар Қаныбек Жанболатов, Самат Көшенов, Құдайберген Күнтаев, Шерімбет Жұмабековтер Социалистік Еңбек Ері атанды. Кеңшарда алғашқылардың бірі болып 1955 жылы №4 ферма меңгерушісі Ж.Асылбеков, аға шопан С.Игісінов 1956 жылы инжинер-механик В.Д.Жильцов, шопан А.Жанқожаев сол кездегі ел астанасы Мәскеу қаласына барып, Бүкілодақтық Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесіне қатысып қайтқан. Бұған дейін Арыс ауданының енші­сінде болған шаруашылық 1961 жылы респуб­ликалық «ГосПлемсовхоз» тресінің қарамағына өткізіліп, Қызылқұм аумақтық басқармасына қаратылды. 1968 жылы КСРО Халық шаруашылығы Министрлігі мен ВЦСПС-тің ауыспалы Қызыл Туын жеңіп алуы, Одақтың Халықаралық шаруашылығы Жетістіктері Көрмесінің I дәрежелі дипломымен, Кәсіподақтың республикалық Советінің Құрмет грамотасымен марапатталады. Сонымен қатар, 1972 жылы мал тұқымын асылдандыру ісі бойынша Республикалық конкурста екінші орынды иемденіп, I дәрежелі дипломмен марапатталады. NUR_5659 Кеңшар директоры К.Есімбеков КПСС-тің XXIV съезінің делегаты аға шопан «Ленин» және «Еңбек Қызыл Ту» орденінің иегері П.Батырбеков, Қазақстан Компартиясының XIII съезіне, аға шопандар Қ.Қырқиев пен Ө.Қалдыбаевтар озат қой өсірушілердің Республикалық Слетіне делегат болып қатысқаны үлкен дәреже. 1969 жылы жаңадан құрылған Шардара ауданының құрамына өтіп, КСРО Ауылшаруашылығы Министрлігі Қаракөл шаруашылығы басқармасына қарасты Сүткент «Мемлекеттік асыл тұқымды қой зауыты» деп аталды. 1975-1984 жылдар аралығында Зауыт өсірген асыл тұқымды қошқарлар Мәскеудегі Бүкілодақтық Көрмеде талай мәрте жоғары бағаланып, бірнеше рет I,II,III дәрежелі дипломдары мен аға шопан, асыл тұқымды қошқар өсіруші М.Магамади – бірнеше рет Бүкілодақтық, республикалық көрмелердің I дәрежелі дипломдары мен алтын медальдің иегері атанған азамат Солтүстік Кавказдан 1943 жылы қоныс аударған иран ұлтының өкілі. Әсіресе, соғыс аяқталған соң жаңа құрылған кеңшарға жан-жақтан майданнан оралған көптеген азаматтар әртүрлі салада қызмет атқарды. Жалпы, Ұлы Отан соғысының алпыс бір ардагері осы ауылда ғұмыр кешкен. Олардың ішінде кеңшар директорлары Саттар Тұрлыбеков пен Әбдеш Тоқсанбаевты, Ауылдық кеңесті басқарған Әбдуәлі Назарбеков, ферма меңгерушісі Тойшыбек Исмайылов, шаруашылық меңгерушісі Мәдіхан Бимырзаевтардың және басқа да батыр аталарымыздың есімдері ел есінде мәңгі сақталары сөзсіз. Олардың екеуі Молдақияс Әшенов пен Қалшабек Мамаев Шардара ауданының «Құрметті азаматтары» атанды. Кеңшар жүз аналықтан 120-дан аса қозы өргізіп, жоспарды асыра орындап отырған. Үздік аға шопандар «Ленин» орденінің иегерлері Бөгенбай Байқошқаров пен Садырбай Сейітжановтың және де «Еңбек Қызыл Ту» орденінің иегері, Сауда ісінің үздігі Шарипа Тұрғанбаевалардың еңбектері мен есімдерін ерекше атауға тұрарлық. Совхозға құрылғаннан тарқатылғанша он төрт директор басшылық жасаған екен. Атап айтар болсақ, Ф.А.Кузнецовтан кейін Әбіш Мырзақожаев, Камал Шарафудинов, Ұлы Отан соғысының ардагері Әбдеш Тоқсанбаев, Қазақ ССР-нің Еңбек сіңірген зоотехнигі Саттар Тұрлыбеков, Қалдарбек Есімбеков, Омар Бижігітов, Сейіл Романов, Әбжаппар Оңалбаев, Рақымжан Кенбаев, Жаппар Каримов, Өсербай Әлімбеков, Сапарқұл Алтынбеков, Асқарбек Тәженов секілді азаматтар басқарды. Соңғы жылдары шаруашылық Қаракөл өндірістік бірлестігіне қарап, 1996 жылы жекешеленді. Қазіргі таңда Сүткент ауылдық округі болып қайта құрылымдалды. Халық саны 2956 адам 470 отбасынан тұрады. 67 мың гектар мал жайылымы мен 2,5 мың гектар суармалы жері бар. 272 шаруа қожалығы жұмыс атқаруда. Әкімшілік, мектеп, балабақша, отбасылық амбулатория бар. Шағын және орта бизнес күн санап өсіп отыр. Аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері академик Т.Тәжібаев осы «Сүткент» топырағының төл перзенті. Ауылдағы он бір жылдық орта мектеп қазіргі таңда сол кісінің есімімен аталады. Бұдан басқа бұл ауылдан Сенат депутаты С.Сейдуалиев, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Г.Еркебаева, экономика ғылымының кандитаты Д.Үсіпбаев, ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы Б.Зиябеков, облыстық ауылшаруашылық басқармасы бастығының орынбасары Т.Оспанов, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, республикалық «Серпер» жастар сыйлығының лауреаты Ә.Шегебай, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Н.Сейданұлы, «Гидромаш-орион» инвестициялық компаниясының бас директоры Ә.Омаров секілді елімізге белгілі азаматтар шыққан. Сайын даласы толқынды тарих қойнауы­нан сыр шертетін Сүткент – Сырдың ұлы қонысы болғанына, ақиқаттың аңызға айналып бізге жеткеніне мың жылдан асқанымен, күйреген орны қайта түлеп, тіршіліктің тынысы қайта жанданғанына биыл – 70 жыл. Жанәділ Сейдан, Сүткент ауылы Шардара ауданы Оңтүстік Қазақстан облысы