Артық қыламыз деп тыртық қылмайық

Арыстанбек Соңғы кезде белсенділігімен көзге түсіп жүрген Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлына көпшіліктің іші жылып қалғаны рас. Министрдің ұтымды ұсыныстар айтып, көптің көңілінен шыға бастағаны қуантады. Алдында ғана лотерея ойындарынан түскен қаржыны халық игілігіне жарату туралы ұсынысын көпшілік қолдаған болатын. Одан кейін латын әрпін енгізуге асықпай, тыңғылықты дайындық жасайық деген салмақты пікір білдіріп, Қазақстанда Диснейлэндтің жеке аналогын құру қажеттігін алға тартты. Арыстан Мұхамедиұлы «Қазақфильм» аясында анимациялық және деректі фильмдердің жеке студиясын құру жоспарларын ұсынып отыр. Бұл да бағалы бастама деуге болады. «Сіздер Францияда, Австрия мен Германияда, және көптеген белді мемлекеттерде ұлттық пантеон барлығын білесіздер, Қазақстан да ұлттық пантеон салатын деңгейге жетті, себебі пантеон адами қарым-қатынас саласының негізі болып табылады» - деді Арыстан Мұхамедиұлы жақында өткен брифингте. Оның ойынша бұл жерге атақты, еңбегі сіңген адамдар жерленуі керек. Соңғы ұсынысын қарапайым халық онша түсіне алмай қалғанын ашық айтуымыз керек. Біздің қоғам қазірдің өзінде бай мен кедейге, жоғары және төменгі сұрыптыларға қақ бөлініп отырғаны белгілі. Оған біз көпұлтты мемлекет екенімізді қосыңыз. Тірісінде қақ айырылған қазақты енді көрге кіргенде де алалағанымыз қалай болады? Бұл халық санасына қалай әсер етеді? Басшыларымыздың белсенді болғаны дұрыс, бірақ артық қыламыз деп тыртық қылудың қажеті жоқ. Оған мысал іздеп әуре болмай-ақ білім саласын алайықшы. Қаншама бағдарламалар басталмай жатып жоқ болды, қаншама қаржы желге ұшты. Сондықтан кез келген ұсынысты алдымен халықтың пікірін біліп алып іске асырғанымыз жөн. Зейнолла АБАЖАН