Мамытбеков Қазақстанның Ресей астығына мұқтаж еместігін айтты

Қазақстан шет елдерде астық сақтау терминалдарының құрылысын тоқтатуы тиіс. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков мәлімдеді деп хабарлайдыАстана арнасы.

Мамытбеков Қазақстанның Ресей астығына мұқтаж еместігін айтты Асылжан Мамытбеков

Ведомство басшысының сөзінше, тасымалдау шығынына кететін бюджеттің қыруар қаражатын отандық фермерлерді қолдауға бағыттау қажет. "Біз Грузияның Поти порты мен Владивостоктағы астық терминалы құрылысынан бас тартуымыз керек. Астық тасымалын субсидиялауға бюджеттен жылына 15 миллиард теңгеден астам қаражат жұмсалып келеді. Одан да бұл ақшаны отандық фермерлерді қолдауға, тұқым алуға, техника лизингінің субсидиясына жұмсайық", - дейді  Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков.

Бұл Ресей логистикасына ақша төккеннен әлдеқайда артық, өйткені Астанадан Новороссийскке дейін жол шығындары 120 долларды құрайды.

Ал вице-министр Сапархан Омаров  Қазақстан Ресейден астық импорттайды деген ақпараттың шындыққа жанаспайтынын, мәлімдеді. Егін орағы кезінде астықтың біраз бөлігі қар астында қалғанымен, қолда бар бидай қоры ішкі сұранысты қамтамасыз етуге, тіпті экспорттауға да жететін көрінеді. "Ресейден астықты импорттау жоспары жоқ. Біздің өзіміздің өсірген астығымыз өзіміздің ішкі сұранысты толығымен жабуға және 7 миллиондай астықты сыртқа шығаруға мүмкіндік береді", - деді Ауыл шаруашылығы вице-министрі Сапархан Омаров. Сондай-ақ, биыл бидай мен күріш алқаптарының аумағы айтарлықтай қысқарады деп хабарлайды КТК арнасы. Ауыл шаруашылығы министрлігі оның орнына басқа дәнді дақылдардың көлемін арттырғалы отыр. Ал бидай алқаптарын азайту себебін министр Асылжан Мамытбеков былтырғы ысырап болған өніммен түсіндірді. Өйткені, өткен жылы шаруалар егіндерін еш жерге өткізе алмай шаш етектен шығынға батқан болатын.Оның үстіне соңғы уақытта мал басы айтарлықтай өсуде. Сәйкесінше, жем-шөпке сұраныс артқан.

Сондықтан, бидай мен күріш орнына биыл министрлік басқа дәнді дақылдардың көлемін арттыру жоспарлапты.

Бұған бюджеттен 60 миллиард теңге бөлінбек. Қаржы тұқым шаруашылығын дамытуға, техника сатып алуға, лизингтiк субсидиялауға бағытталады деді еліміздің бас агрономы. "Егістік алқабы 2009-шы жылмен салыстырғанда 2,4 миллион гектарға қысқарды. Оның орнына басқа шаруашылықты ұлғайттық. Дәнді дақылдар мен мал шаруашылығын дамыту үшін егістік алқабын қысқартуға тура келді", - дейді Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков.

Источник: NUR.KZ