ШЕНЕУНІКТЕРГЕ НЕ ҮШІН ҚОСЫМША ЖЕҢІЛДІКТЕР ЖАСАЛУЫ КЕРЕК?

чин Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев мемлекеттік қызметкерлерге қосымша әлеуметтік пакет әзірлеу керектігін айтты деп жазыпты «Радиоточка» сайты. «Өткен жылы мемлекеттік істер жөніндегі Агенттік өткізген сауалнама нәтижесінде, әрбір екінші мемқызметкер (46%) өзінің жалақасына атқарған қызметімен сәйкес еместігін айтқан» депті әкім. Сауалнамаға жауап бергендердің 60 пайызы сыйа­қыны қосқанның өзінде жалақы отбасын асырауға жеткіліксіз деген пікірде. «Мемлекеттік қызметкерлер мен олардың отбасының 72 пайызы тегін медициналық тексерілуге, спорттық және мәдени кешендерге баруға жеңілдік алмаған. Мемқызметкерлердің 38 пайызы жеке секторға кетуді жоспарлауда» – деп жанашырлық білдіріпті Көшербаев Көшербаевтың беделді басшы екеніне дауымыз жоқ. Бірақ, бұл жолғы пікірі тым орынсыз екені көзге ұрып тұр. Шіркін, әкім Көшербаев осындай жанашырлықты қатардағы жұмыссыз жүрген қарапайым халыққа көрсетсе ғой. Олар екі қолға бір күрек табылса әкімге өмір бойы алғысын айтып, қосымша сыйақы да, жатып алып жеңілдік те сұрамас еді. Мемлекеттік қызметкерлерге ерекше жеңілдік берілетіндей олар күні-түні тас қопарып, болат балқытып жатыр ма? Дүниежүзін дүрліктірген дағдарыс кезінде ол не қылған жеңілдіктер? Елбасымыз әрбір тиынды үнемдеу керек деп жатқанда әкімдеріміз керісінше қаржы шашуға көшкені ме? Шынын айтсақ, сол шенеуніктердің көбі өздеріне тиесілі қызметтерін де дұрыс атқармайды. Онсыз да олардың қолында көптеген мүмкіндіктер мен жеңілдіктер жетерлік, жылайтындай реті жоқ. Бүйте берсек кеңестік кезеңдегідей әрбір тоқсан сайын сыйақы ретінде қомақты қаржы салынған конверт беру керек болар оларға. Сондықтан әкім мырза шенеуніктердің емес, алдымен қарапайым халықтың жағдайына көбірек көңіл аударса дейміз. Ал, ондай проблемалар аймақта жетіп артылады. Зейнолла АБАЖАН