Түп-тамыр

12-сәуір ғарышкенрлер күні

Ғарышкерлер күні - алғаш адамның ғарышқа аттануына байланысты 12 сәуірде ғарышкерлер күні аталып өтіледі. Осынау мереке қарсаңында қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров туралы осынау дүниені оқырман назарына ұсынғанды жөн санадық.

Токтар-Аубакиров-1

Ұлт мақтанышы Тоқтар Әубәкіровтің нендей істерге бейім екенін оның өмірбаян беттерінен-ақ аңғарып, біле беруге болатындай.

Және әкесі Оңғар­байдың ұзақ жылдар – ұста, ал анасы Кәмиланың сол дүкенде балға соғушы болып еңбек етуі Тоқтар ғұмырына қатысты әжептәуір қызықты парақтар секілденеді. Ал сынақшы-ұшқыш ре­тінде алғаш Совет Одағының ең жоғары атағын иеленген тұң­ғыш ғарышкер қазақ комбайнер көмекшілігі жұмысына он жасында-ақ орналасқан екен. Он беске келгенде Темір­таудағы ДОСААФ-тың пара­шют­шілер үйірмесіне жа­зы­лып, осы қаладағы құю-ме­ханикалық зауытына токарь­лыққа кіреді. Одан темір жонушылық кә­сіпті жалғастыра жүре, Қара­ғандыдағы ұшқыш­тар секциясына ауысады. Негізі, болашақ ғарыш­кердің зеңгір аспанға құмартуы бес жасынан басталыпты. Бірде ауылға келіп қонған санитарлық «АН-2» қатты қызықтырып, сол ұшақ макетін қолдан жасап алады. Балауса балғын шақтарды сонша бір қимастық сезіммен еске алатын әйгілі жерлесіміздің біртіндеп көк кеңістігіне шырқауымен қатар, туған елінің де даңқын әуелете бастайтын жолдары осындай «ұсақ-түйек» арқылы өрбігенін байқаймыз. Жалпы, бүгінге дейін Тоқтар Әубәкіров туралы бірқатар еңбектер жазылса да, оның өмірінің көптеген қалтарыс-қырлары толық ашылмай жатқаны жасырын емес. Әсіресе, Тоқаңның қай істе де «қазақ» деген қастерлі атты ту қылып көтеруге ұмтылатын қасиеті терең қаузала қоймайтындай көрінеді. Қайта, ұшқыштың «ұлтшылдығына» ұзақ жылдар қанаттасып қатар жүрген сырт елдердегі әріптестері жітірек мән бергендей. Мәселен, «Моя небесная жизнь» деп аталатын кітабының бір бөлімін біздің атақты бауырымызға арнаған Совет Одағының Батыры Валерий Меницкий: «Тоқтар өзінің қазақ екенін керемет мақтан тұтатын және өз халқына байланысты жәйттерді ылғи шабыттана әңгімелейтін» деп жазады. Сөз арасында қыран қазақ мінезінің аздап «қиындау» болғанына да тоқтала кетіпті. Бірақ оның сырын нақты ұғындырып бере алмайды. Дегенмен, мұның мәнісі бізге түсініктірек. Тоқаң шығыс халықтары өкілдеріне үнемі мұрын шүйіре қарап, тұқыртуға тырысатын кейбіреулерге ешқашан кеуде бастырмаған. Керісінше, өзінің олардан әлде­қайда алғыр әрі батыл, ұшқыр екенін еріксіз мойындатқан. Былайша айтқанда, намысты қолдан бермеген. Күні қазірге дейін «Жаным арымның садағасы» деген қағиданы берік ұстанатынын өзі де айтады... Иә, халқын шексіз қадір­лейтін азамат ұлт атына қашанда қылау түсірмеуге ұмтылады. Әм оның кейінде, мүмкіндігінше, ата-баба салтына оралуға тырысатынын аңғарамыз. Ғарышкердің бұдан бірталай бұрын: – Зейнетке шыққанда, ай, бір демалармын-ау деп ойлаушы ем. Қайдағы! Міне, көрдіңдер ме, қап-қара болып келе жатқанымды. Таңертеңнен бері бір тыным тапқан жоқпын, – деген кескіні көз алдымызда тұр. Бұл – оның шағын жылқы фермасын ашқан кезде айтқан сөзі еді. Әйткенмен, атқұмар Тоқаң қылқұйрықтарын жарыстарға шығарып, жүлде алуды жоспарламапты. – Бәйгеге қоспаймын, – деді, – Жануарларды отыз-қырық шақырымға созылатын ұзаққа салып қинағым келмейді. Маған да, есейген ұлдарым үшін де құлыншақтардың құйрықтарын тіктеп алып ерсілі-қарсылы шауып ойнақтағаны, құлдыраңдап жүгіргені – қуаныш. Содан-ақ рахат табамыз. Осыдан артық шаттықтың қажеті де жоқ-ау... Волейболдан спорт шебері Тоқтардың тау шаңғысынан да осал емесін білетін ек. Ұшқырлығы дыбыстан да жылдам жойғыш ұшақтарды тізгіндеген әбжіл адам бір сәт биік құздардан құлдырай жүйткуге де аңсары ауатын сияқты. Сондай-ақ оның аэрошанамен заулап, аң қағуға әуестенетіні бірталай елге мәлім. Тіпті, кей басылымдар ғарышкердің Қарағанды облысында бір-екі қыста қасқыр атуға жәрдемдескенін жазғаны есімізде. Киік саны азайыңқырап, түз тағысы көбейіңкіреп, олардың мал шаруашылығына зияны қатты тиіңкіреп тұрған кезең еді... Тегінде, ежелгі кәсіп – аңшылықтың, саятшылықтың табиғатпен қауыштыратыны, тынысыңды ашып, рахаттандыратыны өз алдына, мұның да ұлт мәдениетінің елеулі бөлігі екені аян. Тоқтар Оңғарбайұлының да қалт еткенде дала қойнауына асығатыны сол халықтық дәстүрлерге деген құштарлығынан туындап жататын секілденеді. Осындайда даңқты Джек Лондонның хайуан екеш хайуанның өзі нешеқилы арпалысты бастан өткере келе, ақыр соңында ғасырлардан тартқан негізіне оралуы баяндалатын «Тектік сарын» атты хикаяты еске түседі. Яғни, жеті қат көкке шыр­қап кеткеніңмен, түп-тамырың тартпай тұрмайды екен. Өзі, расында да, барлық тіршіліктің заңдылығы, бәлкім, бүкіл ғұ­мыр­дың мәні де осында шығар. Құлтөлеу МҰҚАШ