Әуезхан ҚОДАР, ақын, аудармашы: ӘРБІР ХАЛЫҚ ӨЗ МҮДДЕСІН ҚОРҒАУҒА ҚҰҚЫЛЫ

1  Төл мерекеміз қарсаңында кездесіп отырғандықтан әңгімемізді сол Тәуелсіздігіміздің өзінен бастасақ... - Ия, бұл біздің басты мерекеміз! Біздің ата-бабаларымыз да азаттықты аңсап, соның жолында ғасырлар бойы күресіп келді. Осынау ұлан-байтақ жерімізді сырт жаулардан қорғап, келер ұрпаққа аманат етіп кеткен. Еркіндікке ұмтылу, қай ғасырларда болмасын бірінші мәселе болған, ол біздің ешқашан жауына бас иіп, намысын таптатып көрмеген қазақтың қанында бар қасиет. Біреулер тәуелсіздікті көктен түскендей көреді. Ол дұрыс емес. Тарихымыздың түп-тамырына үңілмей-ақ, 1986 жылдың Желтоқсанын алайықшы. Бұрынғы алпауыт мемлекет - Кеңестер одағында империялық билікке бірінші болып ашықтан-ашық бас көтердік емес пе? Енді біреулер тәуелсіздік күнін Желтоқсан көтерілісімен, жастарымыз құрбан болған қаралы күнмен қабаттастырып қойды деген қисынсыз ойлар айтады. Жоқ, қаралы, қайғылы болса да, ол  біздің тәлімі мол тарихымыз. Екінші жағынан, жалынды жастарымыздың еркіндік жолындағы теңдессіз ерлігі. Оны ұмытуға әсте болмайды. Тіпті, бүгінгі Тәуелсіздігіміздің басы  сол Желтоқсаннан басталды дегенді білдіреді дер едік. - Әлемнің әр жеріндегі түрлі саяси, әскери қақтығыстар орын алып жатады. Енді міне бұрынғы кеңестік одақтас елдің бірі– Украина да  сол оттың ортасында қалып отыр. Бұл жерде де сол тәуелсіздік үшін тайталас. Осы жайында қандай ой түйдіңіз? - Рас, бұл жерде де елдің егемендігі, тәуелсіздік мәселесі алдыңғы қатарда тұр. Біріншіден Украина Батыс пен Шығыстың саяси шекарасында қалып отыр. Ол өз тарихында Батыстағы елдермен аралас-құралас болғаны белгілі. Оның мәдениеті мен өзге де құндылықтарын жақсы сезінген. Соған байланысты Ресейдің империялық саясатына, ендігі жерде бұрынғы кеңестік кезеңдегідей қыспаққа төзе алмайтындарын көрсетіп, қарсы шығып отыр деп түсінемін. Оған да толық негіз бар, халықаралық қалыптасқан заң бойынша әр мемлекет, әр халық өз бағытын белгілеп, өз таңдауын жасап, қандай да бір шешім қабылдауға құқылы ғой. Ал, Ресейдің жүргізіп отырған саясаты сол бұрынғы кеңестік кезеңді аңсау, өзгелерге өз билігін жүргізу екенін қазір дүниежүзі біледі. - Сол себепті Ресей Еуроазиялық одақ құруға асығып, белсене кірісіп кетті. Бұл одақ бізге не береді? -Қазір Ресей әлемдік қауымдастықтан оқшауланып қалды. Батыс елдерінің санкциялары оларға үлкен экономикалық соққы болып отыр. Бүгінгі күнде әлем елдерінің бір-бірімен сауда-саттық байланысы ұлғайған, онсыз қай мемлекеттке болсын даму өте қиын. Ал атаулы одаққа келетін болсақ, маған ол о бастан онша ұнай қойған жоқ. Өйткені бұл жерде Ресей қалай да өз үстемдігін көрсетуге тырысатыны айтпаса да түсінікті. Тіпті, олардың ең жақын деп есептелетін одақтасы Беларусьтың да көзқарасы екіұштылау болып отыр. Ол туралы Беларусь президенті Александар Лукашенконың өзі талай рет мәлімдеп, ашық айтып та жүр. Сондықтан одаққа кірген соң алдымен өз Тәуелсіздігімізді сақтауды бірінші кезекке қойған дұрыс. Бұл туралы Елбасымыз да айтты. Жалпы біз алдымен өз мүддемізді ойлауымыз керек. Оның ешқандай ерсілігі жоқ. Бұл ойларымызды өзгелерге анық аңғартып, керек десе ашық айтып, батылырақ болғанымыз дұрыс. Кім де болса өз халқының мүддесін қорғауға құқылы, ешқандай заң оған тиым салмайды. - Сіз ақын, аудармашы ғана емес, елге танымал мәдениеттанушылардың бірісіз. Яғни, біздің рухани байлықтарымызды сақтауды, дамытуды көздеген санаулы топтың белсенді өкілісіз. Қазіргі кезде рухани байлығымыз материалдық байлыққа жол беріп алды. Оның соңы неге апарады? - Біз  Тәуелсіздігімізді қалай қорғасақ, өзіміздің рухани байлықтарымызды да дәп солай сақтап, дамытуымыз керек. Бір сөзбен айтқанда, рухани құндылықтарымыз  - біздің басты байлығымыз. Ол ғасырлар бойы қалыптасып атадан балаға мұра болып келе жатыр. Рухани құндылықтар дегеніміз мағынасы кең, ауқымды және күрделі мәселе. Мысалы, жоғалтқан материалдық байлықтарды төрт – бес жылда толтырып, қалпына келтіруге болады Ол үшін алыстан дәлел-дәйек іздеп керегі жоқ. Өзіміз бастан кешірген өткен тоқсаныншы жылдарды алайықшы. Еліміз экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан алғанда ең қиын кезеңдерді басынан өткізді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары біздің жас мемелекет үшін оңай болған жоқ. Тіпті зейнеткерлердің зейнетақысын айлап бере алмайтын күнге де тап болдық. Шүкір, қазір жағдай анағұрлым түзелді. Айтайын дегенім, материалдық жағдайды санаулы жылдарда, белгілі бір уақытта қалпына келтіруге, дамытуға болады. Ал, рухани байлығымыз жоғалса, оны қайта қалыптастыру үшін бір емес ондаған жылдар қажет етеді. Сондықтан да оның ауқымы мен маңызы зор. Рухани байлық – мәдениетіміз, өнеріміз, салт-дәстүріміз, әдет-ғұрпымыз, оқу-біліміміз, тәлім-тәрбиеміз.  Ол әрбір ұлттың, этностың ерекшелігі. Әлемдік қауымдастықта өз орнымыз, жиналған белгілі бір беделіміз бар халық болғандықтан біз рухани байлықтарымызды сақтап қана қоймай, оны тұрақты дамытып байыта түсуге міндеттіміз. Өйтпесек бүгінгі жаһандану көшінің соңында қалуымыз ғажап емес. Ең сорақы тұсы да осы. Ол театр тұрғызып немесе мәдени ошақтарды ашумен, жылына бір рет Мемлекеттік сыйлықты үлестірумен шектелмеуге тиісті.  Бұл жерде халықтың озық ойлылары осы бағытта белсенді жұмыс істеуі аса қажет. Мемлекет соған жағдай тудыруы керек. - Сонда нақты не істеуіміз керек? - Оның жолдары көп. Тек қана соған адал ниет жетіспейді. Біз болашағымыз жастар деп жатамыз. Дұрыс, ал оларға тәлімді тәрбие беріп жатырмыз ба? Мысалы, алдында айтқанымыздай тарихымызға үңілсек, үлгі аларлық соның жарқын мысалдары жетерлік. Сол тарихымыз арқылы да болашақ ұрпақты отансүйгіштікке, адалдыққа, әділдікке тәрбиелеуге болады ғой. Мәдениеттің, өнердің, әдебиеттің озық жақтарын, ұлттық құндылықтарды жастардың бойына сіңіру таптырмайтын тәрбие. Нақты мысал қашанда нәтиже береді. Бір ғана қазақ елі үшін жанын да қанын да аямаған Алаш арыстарының өмірінің өзі үлкен үлгі. Олар материалдық байлыққа қызықпай, елінің, жерінің қамын ойлап кетті. Ал, оларды біз қалай еске алып, құрмет көрсетіп жатырмыз? Рас, алғашқы жылдар бұл мәселе әжептәуір қолға алынған-ды. Кейін келе «мода» өтіп кеткендей күйде қалдық. Қазір сирек басылымдар ғана бұл тақырыпқа барып жүр. Жекелеген қоғамдық ұйымдардың ғана жанайқайын естіп қаламыз. Бұл бағытта бізде жүйелі жұмыс істеу мен тұрақты, тыңғылықты істер жоқ. -Бұл жерде ұлттық идеолеогия сұранып тұрған секілді... -Қай халыққа болсын ұлттық идология ауадай қажет, онсыз болмайды. Мысалы, қазақ халқының мемлекетілігі туралы қоғамда өткен пікір-таластарды алайық. Ресей президенті Путиннің бізде ешқандай мемелекетілік бұрын болмаған деген пайымдауының өзі неге тұрады? Бұны біздің мыңдаған жылдық тарихымызға жасалған қиянат деп бағаламасқа амалымыз жоқ. Қоғамда дүр сілкініс тудыруы да сондықтан. Өз тарихымызды таразылап, дұрыс бағаламасақ бізге ешкім сырттан келіп жөні бүтін жол сілтемейді. Қазір мемлекет тарапынан қазақ хандығының 550 жылдық мерекесін атап өту туралы шешім қабылданды. Өте орынды, оң ұйғарым болды. Бұл шетелдердегі шолақ ойлайтындардың қазақ тарихының тереңдігіне көзін жеткізу ғана емес, сонымен бірге бүгінгі жастарға берер тәрбиесі мол шара болмақшы. Неге біз тарихи шындықты ашық айтпауға, оны өзгеге де көрсетпеуге тиіспіз. Бұрынғыдай тарихымызды бұрмалау дәуірі өткен, сондықтан бұл жерде де батыл қадам жасағанымыз дұрыс болды.  Енді осыған байланысты тағы бір мәселе бар. Біз өткенді ғана дәріптеп қоймай, бүгінгі күнді де ұмытпағанымыз жөн. Дәлірек айтсақ дәп бүгінгі күніміз ертең-ақ тарихқа айналады. Сондықтан бүгінгі күнгі айтулы азаматтарымыз жайында жазып, ел алдында көрсете білсек. Әйтпесе ертең оларды тағы да тарих қойнауынан майшаммен іздеп әуре боларымыз анық. Сынағанның жөні осы екен деп қара күйе жаға бермей жақсы жақтарын көрсетіп, ойлы пікірлерін кәдеге жарата алсақ артық етпейді. -Бізде науқандық басым, басы жап-жақсы басталып, соңы сиырқұйымшақтанып кететіні бар. Кезінде «Алаш» секілді бірнеше сыйлықтар әдебиет пен өнердің өрістеуіне жол ашқанмен кейін тоқтап қалды. Сонда қолдаушы азаматтардың қалмағаны ма? - Болған, әлі де бар. Мысалы көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Иманғали Тасмағамбетовтың  өнер, әдебиет, мәдениет саласындағы адамдарға қол ұшын беріп, әлі де жанашырлық танытып жүргенін жақсы білемін. Басқаны айтпағанда, ұлы ақынымыз Абайды орысшаға аударып оны жарыққа шығаруға келгенде қиналған кезімде маған да үлкен көмек көрсетті, азаматтық танытты. Ал ондай демеушіліктің азайып кетуі саяси жағдайға, жүргізіліп отырған идеологияға да байланысты. Әйтпесе қалтасы қалық азаматтар соңғы жылдыр көбеймесе, азайған жоқ. Тағы да сол ниетке байланысты, тағы да сол ұстанған, дұрыс таңдаған бағытымызға байланысты дер едік. - Сіз сонау 1999 жылдан бері «Тамыр» журналын шығарып, бас сарапшысы болып келесіз. Әрбір басылымның көтерер жүгі ауыр екенін жақсы білеміз. Жақында сіз басқаратын «Тамыр» журналының мерейтойы өткен екен. Оған қандай нәтижелермен келдіңіздер? - Иә, жақында біз журналымыздың 15-жылдығын тойлап өттік. Зиялылар басылымы үшін осының өзі біраз нәтиже. Біздің елімізде мұндай басылымдардың ғұмыры 1-2 жылдан аспайды. Өйткені оларды биліктегі, немесе ақшасы бар адамдар ұйымдастырады да, кішкене кедергі кездессе жаба салады. Ал негізінде журнал деген белгілі ортаның туындысы. Мысалы ХХ ғасырдың басындағы Ресейде акмеизм, футуризм, имажинизм сияқты мәдени ағымдардың өз басылымдары болған. Одан бұрын Пушкин, Достоевский шығарған журналдар болған. Ал біз 1999 жылы журналымызды ашқанда әлемдегі басты ағым постмодернизм, посструктурализм болатын. Және бұл ағымдар еуроцентристтік емес, өте кең демократиялық бағыттағы ағымдар еді. Олардың ойынша әлем бір орталықтан басқарылмайды, жан-жақты бағытта дамиды және тек бұрын ешкімнің назарына ілікпеген, қатардағы құбылыстар ретінде қала берген дүниелерді көтереді. Сол сияқты біз де «тамыр» сөзінің үш мағынасына сүйеніп, басылымымызды үш бағытқа бөлдік «Өзгерістер бүлкілі», «Тамыр мен жапырақ» және «Әлеммен сұхбат» деген. Кезінде Асқар Сүлейменов айтқан ғой: «Қазақ ұлты, түркі ұлты, ислам ұлты, әлемдік ұлт – егер осының біреуі болмаса, қалғандары да кемшін», - деп. Міне біз өзімізге осындай талап қойдық. Біз елімізде алғаш рет ең маңыздысы деп философия мәселесін көтердік. Ал бізде ол кезде тек тарихи сана-сезім дамыған еді. Біз үшін таза ұлтшылдықтан гөрі жаһанданған әлемнің контексттеріне кіру маңыздырақ болды. Сонымен, 15 жылда біз қандай нәтижеге жеттік? Қазір қарасақ, журналда 262 автор басылған екен. Философиялық мақалалардың саны 206-ке жетіпті, 55 аударма жасаппыз. Тарихи тақырыпқа 86 мақала басылыпты. Сөйтіп, бізде біріншіден журналдың өз авторлар тобы қалыптасқан, екншіден, мәдениеттану бағыты тарихи тақырыптардан, ал философия көсемсөзден басым бола бастаған. Аударма мәселесін өзіміздің аудармашылар арқылы біраз деңгейге көтергенбіз. Сонымен қатар, кең кеңістікке танылған авторларды шығарғанбыз. Мысалы, қазіргі танымал орыс тілді жазушы Аслан Жақсылықов бізде бастап, кейін бөлек кітабын шығарған. Ресей жазушысы Сергей Кибальниктің шығармасы алдымен бізде шыққан. Сол сияқты ұлттық нақышта орыс тілінде жазатын Хақім Омар шығармалары бізде талқыланып, әдеби өмірге жолдама алған. 2011 жылдың қазан айында біз Мәскеуде, белгілі ғалым А.Ф. Лосевтың музейінде «Тамыр» журналының халықаралық тұсаукесерін жасағанбыз. Сонда журналымыздың қазіргі талапқа сай жұмысына Мәскеу және Петербор ғалымдары қол соқты. Сонымен қатар газеттеріңіздің бетіңізде мен журналымызды ежелден қолдап келе жатқан белгілі азаматтар Мұрат Әуезовке, Иманғали Тасмағанбетовке және қазіргі Евразэс төрағасы Тайыр Мансуровқа, әр кезде біздің басылымымызды қолдағандары үшін алғыс айтқым келеді. Біз осы күнге дейін ресми органдардан ешбір грант алған емеспіз. Сондықтан бұл журнал тек біздің жанкештілігіміз арқасында осынша уақыт шығып жатыр. Тағы бір айта кететін жайт біздің авторлардың бәрі мәдениет сахнасына тек егемендік алған жылдары шыққан жаңа буын өкілдері. Оларды осы уақытқа дейін марапаттап, тиісті бағасын беріп ешкім ескермеген. Осыған байланысты біз мерейтой қарсаңында «Алтын асық» деген халықаралық сыйлық тағайындап, ең үздік авторларымызды марапаттадық. Журналдың қазақ бөлімінен сыйлық алғандар ішінде марқұм Өтежан Нұрғалиевтың жолын жалғастырушы модернист жазушы Асылбек Ықсан, ұлттық тақырыптарға терең баратын Айгүл Кемелбаева, адуынды ақынымыз Асылзат Арыстанбек және көркем аудармадан Ахмет Кенжебай мен Мария Арыновалар бар. Мерейтойымыз «Арт-Самал» деген галереяда өтті. Ресми жағы да, ресми емес жағы да өте жақсы болды. Біз галерея иесі Мұрат Құдайбергеновқа және шараның өтуіне дәнекер болған «Алтын асық» сыйлығының иегері Хакім Омарға ризашылығымызды білдіреміз. - Мерейтоларыңыз құтты болсын, табысқа жете беріңіздер!   Сұхбаттасқан Зейнолла АБАЖАН