«АҚ ЖОЛ» ПАРТИЯСЫНЫҢ АЛАШ ИДЕЯСЫНА БАЙЛАНЫСТЫ БАҒДАРЛАМАСЫ

Ақ жол Алаш

Алаш идеяларын бүгінгі және келер күндерге жаратуға бағытталған бағдарлама жобасы

2014 жылдың 13-інші желтоқсанында Астана қаласында «Ақ жол» ҚДП Орталық кеңесінің Пленумы болып өтті. Онда Қазақстанның «Ақ жол» Демократиялық партиясының жаңа Саяси бағдарламасы қабылданды. Бұл партия өміріндегі үлкен оқиға. Партияның Орталық кеңесі сондай-ақ тағы бір аса маңызды шешім қабылдады. Партияның Саяси бағдарламасының құрамдас бөлігі ретінде әзірленген «Ақ жол» демократиялық партиясының 2015-2020 жылдарға арналған Алаш қозғалысы қайраткерлерінің идеялық көзқарастарын зерделеу және тарату жөніндегі Бағдарламасының жобасы» негізге алынып, оның аса маңызды құжат екендігі ескеріліп, ол барлық партия ұйымдарында екі ай ішінде кеңінен талқыланып, Жыл басы - наурыз айының 22-і қарсаңында партияның жоғары басшы органдарының бірімен қабылдануы үшін ұсынылатын болды. Бұл іс жүзінде Партияның жаңа Саяси бағдарламасымен қатар Алаш тақырыбы бойынша жеке Бағдарлама қабылданатын болып отыр деген сөз. «Ақ жол» партиясы үшін атқарылуға тиіс шаралардың практикалық жағы маңызды. Біздің дәстүрге енген Жалпыұлтты байқауымыздың, оның қорытындыларымен шығып жатқан кітаптар сериясы тіпті де тегіннен тегін «ХХ1 ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» аталып отырған жоқ. Алаш біз үшін өткен шақ қана емес, ол біз үшін осы шақ және келер шақ. Бізге Алаш тарихына жаңаша көзқараспен қарап, атқарып жатқан істерімізді дамыта отырып, Алаш идеяларын, бастамаларын, құндылықтарын бүгінгі және келер күндердің кәдесіне жаратуға бағытталған, замана талабына сай кешенді іс-шаралардың жиынтығын қамтып тұжырымдау керек болды. Бағдарламада Алашорданы (2017 жылы құрылғанына 100 жыл толады), Әлихан Бөкейхан (2016 жылы туғанына 150 жыл толады) бастаған Алаш арыстарын лайықты ұлықтау бойынша нақты ұсыныстарымызды жария етіп, Алаш қайраткерлерінің ұстанымдары мен көзқарастарының қысқаша тұжырымдамалық негіздерін жасадық. Соған сәйкес бағдарламалық міндеттеріміз бен оны орындаудың тетіктерін белгілеуді жөн деп таптық. «Ақ жол» демократиялық партиясы, әрине, қолда бар мүмкіндіктер аясында әрекет етеді. Біздің қолымыздан тікелей келетін іс бар, біз ықпал етіп, атқарта алатын іс бар. Партия өзінің саяси-ағартушылық жұмыстарында - мемлекет пен қоғамды дамытудың келiсiмдi жолдарын қарастыру мақсатында тиісті мемлекеттiк органдармен, тарихи-ғылыми ортамен, қоғамдық бiрлестiктермен, өзге де Алаш тарихына бей-жай қарай алмайтын ұйымдармен өзара ынтымақтастығын дамытып, бiрлесiп iс-қимыл жасауға ұмтылады. Бағдарламада көрсетілген міндеттердің көпшілігін Қазақстан Республикасының үкіметінің қатысуынсыз шешу қиын. Сондықтан да «Ақ жол» партиясы өзінің Парламенттегі фракциясы арқылы Үкіметтің тарих, қазақ және қазақ елі болашағының алдындағы жауапкершілігін үнемі есіне салып, тиісті шаралар қабылдауды, қабылданған шешімдердің орындалуын талап ететін болады... «Ақ жол» ҚДП төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашевтың бастамасымен    Алашқа қатысты жеке Бағдарлама жасауға талпыныс жалпы, Қазақстан Республикасы партия құрылысы тарихында тұңғыш рет болып отырғандықтан Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университетінің алаштанушы ғалымдарын бірлесіп жұмыс істеудеміз. Маңызы зор құжатты дайындауға аталған университеттің елімізге танымал алаштанушы ғалымдары Дихан Қамзабекұлы, Зиябек Қабылдинов, Сұлтанхан Аққұлы кеңестерімен, нақты ұсыныстарымен атсалысты.  Алаш десе «ішкен астарын жерге қойып», «жарғақ құлақтары жастыққа тимей» еңбек етіп жүрген осы абзал азаматтарға ынта-ықыластары мен нақты қолдаулары үшін зор алғысымызды білдіреміз. Сондай-ақ, Бағдарламаны өзі басқаратын, бүгінде бар қазақтың үніне айналған – «Қазақ үні» газетіне басып, жұртшылық талқысына ұсынуға мүмкіндік жасап отырған Алаштың ардақты азаматы, арқалы ақыны, әріптесіміз Қазыбек Исаға ризашылық сезімімізді білдіреміз. «Қазақ үні» газеті мен qazaquni.kz  ұлттық порталы оқырмандарына, жалпы осы тақырыпқа қызығушылық танытып, ой-пікірлерімен бөлісушілерге, Сіздер көтерген өзекті мәселелер мен құнды ұсыныстарыңыздың Бағдарламаның соңғы нұсқасында ескерілетінін хабарлаймыз. Қазақ хандығының 550 жылдығы өтетін 2015 жылдың ұлттық тарихымызды ұлықтап, ұлтты әлемге танытуда және қазақ елі азаматтарының патриоттық сезімдерін арттыруда үлкен рөл атқаратын, ұрпақтар эстафетасының сипатын иеленіп, қазақ тарихының кезеңдік белестері болып саналатын Әлихан Бөкейханның 150 жылдығы мен «Алаш» қозғалысының 100 жылдығын атап өтуге байланысты мемлекеттік деңгейдегі іс-шараларды байыптап, тиянақтайтын жыл болуын тілейміз!

                                                                                    Сәбит Байдалы, «Ақ жол»  партиясы ОК хатшысы

«АҚ ЖОЛ» ПАРТИЯСЫНЫҢ АЛАШ ИДЕЯСЫНА БАЙЛАНЫСТЫ БАҒДАРЛАМАСЫ

                          Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясының

             2015-2020 жылдарға арналған Алаш қозғалысы қайраткерлерінің

                   идеялық көзқарастарын зерделеу және тарату жөніндегі

                                                    БАҒДАРЛАМАСЫ   (жоба)

 

                     Бағдарлама қабылдаудың мақсаты және қажеттілігі

        Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан елеулі табыстарға жетіп, зор мүмкіндіктерге ие болды. Тұрақты нарықтық экономика орнықтырылды, тиімді мемлекеттік институттар құрылды, азаматтық қоғам дамып келеді. Қазақстандықтардың жаңа буыны өсіп жетіліп, өскелең өмірге қадам басты. Еліміздің экономикалық келбетіне елеулі өзгерістер енгізу үшін шикізат ресурстарын экспорттауға тәуелділікті азайту, отандық өндірістің және жоғары технологиялық секторлардың үлесін арттыру мақсатында мемлекеттік бағдарламалар қабылданып, жүзеге асырылуда. Әлеуметтік жаңару саясаты республика азаматтарының әл-ауқатын көтеруге және әлеуметтік көңіл күйін жақсартуға бағытталуда. Қазақ халқы рухани құндылықтарын, тілін және мәдениетін қалпына келтіріп, дамытуға мүмкіндіктер алды. Бұған ел ішіндегі саяси тұрақтылық, ұлтаралық келісім оң ықпалын тигізуде. Еуропа мен Азияның тоғысқан жерінде орналасуымыздың, орнықты сыртқы саяси бағытты ұстануымыздың арқасында Қазақстан жаһандық дүниеде лайықты орнын ала бастады. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясында еліміз басшылыққа алатын жаңа саяси бағытын жариялады. Ежелгі ата-бабаларымыз – түркі жұрты қағандарының «Мәңгілік ел» манифесінде «түнде ұйықтамай, күндіз отырмай, қара терін төгіп, қызыл қанын ағызып»; ХХ ғасырдың басындағы Алаш арыстарының Алаш әнұранында «Енді Алашты ешкімнің Қорлығына бермейміз, Алаш туы астында Күн сөнгенше сөнбейміз!» деп қалдырған «Мәңгілік ел» идеясы тарихи сабақтастықта қарастырылып, көне мемлекеттілік дәстүрлер жалғастырылып, жаңғыртылып, елдің болашағына қызмет ететін ұлттық-мемлекеттік идеяның іргетасына айнала бастады. Тұңғыш жалпыұлттық «Қазақ» газетінің алғашқы сандарының бірінде (1913 жыл) ұлт-азаттық «Алаш» қозғалысының көшбасшысы, Алашорда үкіметінің төрағасы Ә.Н. Бөкейхан: «Өзінің тарихын жоғалтқан жұрт, өзінің тарихын ұмытқан ел – қайда жүріп, қайда тұрғандығын, не істеп не қойғандығын білмейді, келешекте басына қандай күн туатынына көзі жетпейді» деп жазса, Алаш көшбасшыларының бірі, ұлы ағартушы Ахмет Байтұрсынов: «Бүгінгі қоғам кешегі күннің бауырынан туады» деген екен. Қазақтың қасиетті Ұлытауында Елбасымыз «Тарихын білмеген ұлттың болашағы бұлыңғыр» деп Ата тарихқа деген салиқалы ұстанымын айтса, оның артынша бастама көтеріп, елімізде 2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдығы тойланатын болып, оған арналған іс-шаралар жоспары Үкіметтің тиісті қаулысымен бекітілді. Мұның өзі тарихшылар және басқа да ұлттық тарихты зерттеушілер алдына қазақ мемлекеттілігінің бастау көздеріне қайта оралуға,  деректерді қайта саралауға шақырып отыр. Бүгінгі Қазақстан республикасы аталатын мемлекетіміз – ХY ғасырда өмірге келген Қазақ хандығының тарихи жалғасы. Бабаларымыздың ұлы істерін ХХ ғасырда жалғастыруды ниет еткен Алаш зиялыларының өз өмірін арнаған асыл армандарының орындалғанының көрінісі. 2017 жылы – «Алаш» қозғалысының 100 жылдығы, ал одан бір жыл бұрын, 2016 жылы – сол қозғалыстың көшбасшысы Әлихан Бөкейханның 150 жылдығы. «Алаш» қозғалысының қызметі, оның ұстанған жолы және бағдарламасы ұлттық мемлекеттілікті қалыптастыруда іргелі негіз қалағаны ақиқат. Жұртшылық Алаш идеясы – сол кезеңнің мемлекетшілдік идеясы болғанын, Алаш қозғалысы – жаңашыл жасампаздықтың, түп негізден ажырамай Еуропалық бағдарда дамудың көшбасшы бағыты ретінде қалыптасқанын байыптап келеді. Алаш ұғымының өзі бұрынғысынша «Керегеміз – ағаш, ұранымыз - Алаш» деген елдік ұстаным болған кездегідей ұғынылып, қазақ этнонимінің синонимі ретінде ұлттық құндылық болып орныға бастады. ХХ ғасырдың басындағы Ә.Бөкейхан бастаған ұлт қайраткерлерінің Алаш атын партияға да, үкіметке (ұлт кеңесі) де беруі – тарихқа адалдықтың, сол уақыттағы және болашақ бағдарды анықтаудың жолы еді. Кез келген халықтың тарихында гуманизм идеялары әйтеуір бір кезеңде алдыңғы қатарға шығып, ұлттың жаңғыру дәуірін жасайды. Оны Еуропада «Ренессанс» деп атап, ол азаматтық тарихта да, әдебиет, өнер, мәдениет тарихында да арнайы тарау ретінде зерттеудің тұрақты нысанына айналған. Абай дәуірінде «Бас-басына би болған» қазақ, Алаш тұсында бас біріктірді, ой біріктірді, қимыл біріктірді, елді бірлікке шақырды, еркіндікке сендіре алды. Оның негізінде Отанына, халқына, ұрпағына деген ұлы жанашырлық жатты. Алаш зиялыларының гуманизмі – олардың қайраткерлік әрекеттерінің де өзегі. Алаш қозғалысының  нағыз ұлттық жаңғыруды туғызған ренессанстық сипатынының тамыры да осында. Қазақ әлеміне шоқ жұлдыздай жарқырай шыққан, ұлтының мәңгілігін ойлаған Алаш қайраткерлерінің жүріп өткен жолын, ерлікке баларлық еңбектерін бағалау – бүгінгі ұрпақ үшін, ұлтымыз үшін ең қымбатты құндылық. Сондықтан, Қазақстанның «АҚ ЖОЛ» демократиялық партиясы осы екі мерейтойды да, тарихи заманалық аса маңызды оқиға ретінде бағалап, мемлекеттілік дәстүрдің сабақтастығын одан әрі бекіте түсу үшін, мемлекеттік деңгейде атап өту қажет деп санайды. Қазақ хандығының 550 жылдығы тойланып, ұлттық тарихымызды ұлықтап, ұлтты әлемге танытуда және қазақ елі азаматтарының патриоттық сезімдерін арттыруда үлкен рөл атқаратын 2015-ші жылдың – сондай-ақ, ұрпақтар эстафетасының сипатын иеленіп, қазақ тарихының кезеңдік белесін бейнелейтін 2016 – «Әлихан Бөкейхан», 2017 - «Алаш» жылдарының іс-шараларын байыптауға даярлық жылы ретінде есте қалғаны тіпті абзал болар еді. «Ақ жол» партиясы ұлттық мүдделерімізді әлемдік өркениеттің үздік жетістіктерімен ұштастыру негізінде, қазақ қоғамын еуропалық жолмен  жаңғыртуды өзінің мақсаты еткен «Алаш» ұлт-азаттық қозғалысының ізбасары болып табылатынын жариялаған партия. Алаш құндылықтары біздің партиямыз үшін басты саяси бағыт болып қызмет етеді. Бұл туралы сайлауалды тұғырнамамызда мәлімделген, бұл бағытты «Ақ жол» парламент қабырғасында да және одан тыс жерлерде берік ұстанып жүр және бұл жолдан таймайды. «Алаштың» базалық құндылықтары – ұлттық дербестік, либерализм, демократия, жеке тұлғаның құқықтары мен бостандықтары, өнімді нарықты экономика, этностар мен діндердің теңқұқықтылығы: Партияның Саяси бағдарламасында көрсетілген негізгі мақсатын орындауға, яғни әрбір азаматтың еркін дамуына, оның құқықтары және бостандықтарының сақталуына, барлық қазақстандықтардың өмір сүру деңгейі мен сапасының ұдайы көтерілуіне, сондай-ақ қазақстан қоғамы мен мемлекетінің экономикалық, әлеуметтік және саяси өрлеуіне жету үшін  қажетті жағдайлар жасауға қызмет етуі тиіс. Біз, Алаш аманатына адалдық танытып, Алаш идеяларының іске асырылуының тәуелсіздігімізді нығайта түсуге қызмет ететіне қоғамдық пікір туғыза беруіміз керек. Яғни, біз үшін бұл теориялық ғана емес, ең алдымен, қоғамымыздың жаңғыруына, ұлт игілігіне қызмет етуі тиіс практикалық мәселе.  Алаш қозғалысының, Алаш қайраткерлерінің мемлекеттің құрылысына, әлеуметтік-экономикалық, саяси-құқықтық мәселелерге, демократиялық, ұлттық-мәдени құндылықтарға қатысты көзқарастарының бүгініміз үшін де, ертеңіміз үшін де қажеттілігі еш күмән тудырмайды. Бүгінгі «Мәңгілік ел» мұраты да Алаш жолын зерделей түссек, баянды болмақ. Алаштың дүниетанымын өткен шақпен ғана байланыстыру олардың рухтарына жасаған қиянат деп есептеу керек. Сондықтан да «Ақ жол» демократиялық партиясы «Алаш» қозғалысы қайраткерлерінің идеялық көзқарастарын зерделеу және көпшілікке, соның ішінде орыстілді аудиторияларға да тарату және олардың ХХ1 ғасырда да, әсіресе қазақстандық қоғамды еуропалық жолмен әлеуметтік, саяси және экономикалық жаңғыртуға қажеттілігі жөнінде 2015 жылдан 2020 жылға дейінгі аралықты қамтыған ортамерзімдік Бағдарлама (әрі қарай Бағдарлама) қабылдайды. Онда Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің жұртшылыққа танымал алаштанушы ғалымдарының ойлары мен ұсыныстары ескерілді. Алаш мұрасы – тым ауқымды мұра. Сондықтан да біз Алашорданы, Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш арыстарын лайықты ұлықтау бойынша нақты ұсыныстарымызды жария етіп, Алаш қайраткерлерінің ұстанымдары мен көзқарастарын негізінен үш бағытқа бөліп, оның тұжырымдамалық негіздерін жасай отырып, соған сәйкес бағдарламалық міндеттеріміз бен оны орындаудың тетіктерін белгілеуді жөн деп таптық.          БАҒДАРЛАМАНЫҢ ТҰЖЫРЫМДАМАЛЫҚ НЕГІЗДЕРІ 1.«Алаш» қозғалысы идеяларының мемлекет құрылысындағы, демократиялық құндылықтардағы және қазіргі Қазақстан қоғамының еуропалық жолды таңдаудағы сабақтастығы. Кез келген ұлт үшін мемлекеттілік басты құндылық болып табылады. Әлихан Бөкейхан айтқандай, мемлекеттілігі жоқ халық – жетім халық. Алаш идеясының өзегі де ұлттық мемлекеттік дербестік. Алаш көшбасшылары қазақ қоғамын біртіндеп Еуропалық деңгейдегі өркениеттің озық жетістіктерімен ақылға қонымды ұштастыру негізінде сол замандағы нақты жағдайларға бейімдеуді өздерінің анық та айқын мақсаты тұтты. Қазақтың белгілі тарихшысы Манаш Қозыбаевтың сөзімен айтсақ «ХХ ғасырда ұлт-азаттық қозғалысының жаңа сатысы басталды. Оның басы-қасында «Оян, қазақ» ұранымен шыққан, демократиялық Ресейдің құрамында қазақ елін еуропалық жолмен дамытуды, жаңғыртуды көксеген реформаторлар (Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мұстафа Шоқай) бастаған ұрпақ жүрген еді» («Егемен Қазақстан», 1996 жылдың 6-ыншы желтоқсаны). Түркістан автономиясын жариялаған Алаш қайраткерлерінің жапондықтарды үлгі тұтқан шығыстық (Мұстафа Шоқай) бағыттағы ұстанымдары да маңызды. Жапонияның өзі Еуропадан үйрене отырып, ілгері дамудың жолына шыққанын ескерсек, олардың ұстанымдарында алшақтықтар көп емес. Сол себепті де «Ақ жол» партиясы тәуелсіз Қазақстанның сыртқы саясатының негізгі басымдықтарының бірі – Еуропалық Одақпен ынтымақтастық болуы тиіс деп санайды. Қазіргі таңда егемен еліміз Еуропаның жетекші елдерімен үнқатысудың деңгейін едәуір көтеруге қол жеткізді. Еуропа мемлекеттері, олардың жоғары деңгейдегі технологиялық дамуын ескерсек, Қазақстанның үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын іске асыруда біздің басты экономикалық серіктесіміз, Қазақстанның басты сауда және инвестициялық әріптесі болып қала беруі аса қажет. Сол себепті елде біздің азаматтарымыз үшін визалық режімді либераландыру жөнінде дәйекті жұмыстар атқарылғаны жөн. Қытай мен Ресей секілді екі алып елдің ортасында отырған бізге Еуроодақпен де сенімді серіктес болу өте маңызды. Сонымен қатар тағы бір маңызды бағыт – Түркі тілдес мемлекеттердің өзара ынтымақтастығынан, мәдени, рухани, саяси және экономикалық қарым-қатынасын нығайтудың қажеттілігінен туындайды. Тегі бір, тілі бір, тарихы ортақ түркі халықтарының тұтастығын Алаш қайраткерлері де аңсаған. Мағжан жырлап, арман еткен Ер түріктің рухы оянып, түбі тектес, тереңге тамыр тартқан мәдениетімізді, тарихымызды түгелдеп қана қоймай, жаhандану дәуірінің иіріміне төтеп беру үшін, әлем халықтары арасынан ойып тұрып өз орнымызды алу үшін ағайын түркі халқы болып тұтастануымызға жұмыс жасау керек. «Ақ жол» партиясы осы асыл арманды жүзеге асыруда түркі халықтарының атажұрты саналатын Қазақстан мемлекеті көп күш-жігер жұмсауы керек деп есептейді. Бұл бағытта Түркі тілдес халықтарының ұзақ мерзімді өзара қарым-қатынасының стратегиясының жасалуына Қазақ елінің бастамашылдық танытып отырғанын біздің партиямыз қолдайды. Дүрбелеңге толы дүниеде елдің ешбір сына қағылмастай тұтас болуы айрықша маңызды. Ол үшін, ең алдымен қазақтың бірлігі, қазақтың маңына топтасқан  барша этностардың бірлігі керек. Ешкімді ұлтына, дініне, тіліне қарап бөлмеу, кемсітпеу – зайырлы, мәдениетті елдің белгісі. Алаш көшбасшыларының ұлылығы да сонда, олардың таптық жіктелуге де, ұлтшылдық томаға-тұйықтыққа да ұрынбауында. Олар қазақтың жоғын жабайы ұлтшылдық сарынмен жоқтамаған. Өзге азшылықтағы ұлттар өкілдерінің құқығын шектемейтін қазақ ұлтының елді біріктірушілік идеясын Алашорда үкіметін сайлаған съездің өзінде жария еткен. «Алашорда» Уақытша Ұлттық Кеңесінің құрамы 25 адам болып бекітіліп, 10 орынның қазақтар арасындағы орыс және басқа ұлттардың өкілдеріне қалдырылуының өзі көп жәйтті аңғартады. Ал бізде күні кешеге дейін Алашордалықтарды тек ұлтшылдық тұрғысынан қарастыру белең алғаны рас. Содан да Алаш дегенде басқа ұлттың өкілдері осы қозғалысты ұлтшылдық бағытта деп қана пайымдау кездеседі. Бізге Алаш идеясын біржолата ысырып тастауды көздеген кеңестік жүйеде өмір сүрген кездегі ойлау жүйесінен, сол кездегі психологиялық пиғылдан тұтастай арылуға күш жұмсауға тура келеді. КСРО-ның үйіндісі астынан шығып тәуелсіздігін алған Қазақстанда ұлттық негіздердің, қағидаттардың жылт етіп көрінуіне секемдікпен қарау әлі де жалғасып келеді. Елбасының жұртшылыққа еліміздің атауын Қазақстан емес, Қазақ елі деп атауды ойластыруымыз керек дегенін «Ақ жол» партиясы қолдайды. Өркениет әлемінде мемлекеттің атауы мен азаматтық жігі ажырамас ұғым. Қазақстанның азаматы – «қазақстандық» емес, қазақ. Жаңа ұлт саясатын қалыптастыру және оны іске асыру барысында бүгінгі Қазақстан халқының 65 пайыздан астамын қазақтар құрайтыны, халықаралық құқықтық нормаға сәйкес, бір этностық топтың үлес-салмағы 67 пайызды құраған жағдайда ол ұлттық мемлекет болып танылатыны басшылыққа алынуға тиіс. Осы тұрғыдан келгенде,  Қазақстан көпұлтты емес, әртүрлі этностардың диаспорасы бар, мемлекет және жүйеқұрушы қазақ этносы басым ұлттық мемлекет болып табылады және халықаралық деңгейде оны ұлттық мемлекет деп көрсету заңды. Және оған барлық этникалық қауымдастықтар мүдделі болуға тиісті. Алаш идеясын әрбір қазақстандық үшін елді ажырататын емес, біріктіруші мақсатқа пайдалануымыз керек. Әлихан Бөкейхан «Бостандыққа апаратын жалғыз жол – ұлттық ынтымақ қана» екенін, «бірліктен айырылған елдің қаңғып қалатынын» айтқан. Алаш қайраткерлерінің саяси-қоғамдық қызметтерінен тағылым алу біздің дамуымыздың басты құндылықтарының бірі. Олар Президенттің билігін «Алаш» партиясының бағдарламасы бойынша: «Үкімет басында Құрылтай жиналысы, оның арасында Құрылтай жиналысы мен Мемлекеттік Дума белгілі бір мерзімге сайлаған Президент тұрады»,- деп анықтаған. ХХ ғасырдың басында Президенттік басқарудағы мемлекеттердің санаулы болғандығын ескерсек, Алаш арыстарының мемлекет басқару ісінде құқықтық мемлекет құрудың алғышарттарын жасағандығы көрініп тұр. Партия Қазақстанда Президенттік билік бір формациядан екінші формацияға өтіп, тәуелсіздіктің іргетасын орнықтыру бағытындағы стратегиялық басты міндеттеріне жауап бере алғанын атап өте отырып, Қазақстан қоғамы елімізде кезең-кезеңмен саяси жаңғыруды жүзеге асырып, Конституциялық реформалар арқылы Қазақстанды президенттік республикадан президенттік-парламенттік республикаға іс жүзіндегі түрлендіруге (трансформациялауға) пісіп жетілді деп санайды. Демократияның шынайылығына дәлел бола алатын «күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беруші Үкімет» саяси жүйесіне кезең-кезеңмен көшуге кірісуді тым алысқа созбай бастау қажет. Мемлекеттік басқарудың бұл үлгісін алудың қажетті келесі шарттары: күшті көшбасшы, саналы азаматтық қоғам және дамып келе жатқан партиялық сегмент біздің елде бар. Алаш көсемдері сол кездің өзінде жергілікті өзін-өзі басқару идеясын қозғаған. Жергілікті биліктің міндеттеріне  - білім беру, денсаулық сақтау және шаруашылық жүргізуді жатқызған, жергілікті биліктің  экономикалық мәселелерді өздері шешулеріне қабілеттілігі және мүмкіндіктері барлығына ерекше көңіл аударған. Мемлекеттің бастауы – демократиялық бостандықтар мен адам құқықтарын қорғауда да Алаштықтар ұлтына, дініне, тіліне, нәсіліне, жынысына қарамай барлық азаматтардың құқының теңдігін, сөз, баспасөз бостандығын, саяси партия, қоғамдық ұйым немесе қауым құру еркіндігін, өкімет орындарының ешкімді заңсыз жолмен ұстамауын т.б. мәселелерді қозғап, қазіргі таңда да өзекті болып табылатын, озық ойлы идеяларымен ерекшеленеді. Қазіргі заманда азаматтардың құқығы мен бостандығына нақты кепілдікті тек қана заңдары мен тәртібі, құқық қорғау жүйесі жетілген қуатты мемлекет қана бере алады. Біз барлық мемлекеттік органдар мен олардың кез келген деңгейдегі басшылары тарапынан әрбір қазақстан азаматының жеке басының қадір-қасиетін, құқықтары мен заңды мүдделерін құрметтеуді талап етеміз және соған қол жеткізуге ұмтыламыз. «Ақ жол» партиясы ХХ ғасырдың басындағы Әлихан Бөкейхан бастаған озық ойлы қазақ зиялылары құрған «Алаш» партиясының бағдарламасындағы «Әділдікке жақ болу, нашарларға жолдас, жебірлерге жау болу» қағидатын өзінің бағдарларының бірі ретінде қарастырады. Заңсыздыққа, сыбайлас жемқорлыққа, жүгенсіздікке және шектен шығушылыққа әрдайым қарсы шығатын болады. Егемендігіне ие болған ел үшін территориясының тұтастығын қалыптастыру қандай маңызды болса, табиғи байлығы мен қоғамдық игілігін қорғап, экономиканы жаңғырту да сондай маңызға ие. Алаш қайраткерлерімен қазақ жерін сақтауда, қазақтардың автономиялық мемлекеттігін, тұрақты әскерінің, экономикасының, ұлттық мәдениетінің және тілінің негіздерін қалауда орасан зор саяси, заң шығарушылық, ғылыми жұмыстар жүргізілді. Олар тарихи деректермен республикамыздың шекарасын негіздей және қорғай алды, елдің жалпы дамуының бағытын анықтады және т.б. Жаhандану дәуірінде бұл идеялар мен бастамалардың баға жеткісіз құндылық болып табылатынына күмән жоқ.   2.«Алаш» қозғалысы көшбасшыларының еңбектеріндегі экономикалық көзқарастарының өзектілігі, қоғамды әлеуметтік  жаңғыртудың мәселелері және осы идеяларды қазіргі заманғы Қазақстанда дамыту. Алаш партиясының, сол партияның негізінде құрылған Алашорда үкіметінің бағдарламасының интеллектуалдық-саяси деңгейінің жоғарылығы бұл мәселелерге де бүгінгі күннің биігінен, ертеңгі алар асуларымыздың талаптары тұрғысынан келгенді қалайды. Сол кезеңдегі беделді саяси партиялардың бағдарламаларынан бірде кем емес «Алаш» партиясының бағдарламасы, біріншіден, қазақ елін өзінің бөлінбейтін территориясы бар, отарлық тәуелділіктен азат елге айналдыруды, екіншіден, қазақ халқының өмірін жаңа сапаға көтеруді көздеді. Алашордалықтар бірінші мақсатын: халықтың арманы болған өзін-өзі билеу идеясын қазақтың алғашқы заманауи үкіметі – Алашорданы құрып, аз уақытқа болса да іске асырды. Алашорда көшбасшылары екінші мақсатын орындауға күш салып, елде пәрменді реформалық шараларды іске асырғылары келді. Кез келген мемлекеттің тұрақты және тиімді өмірлік қызметі үшін сол елдің экономикалық дамуын қамтамасыз етудің маңызы зор екенін Алаш қайраткерлері жете түсінді. Оны ұлттық басымдықтардың бірі ретінде қарастырды. Алашорда үкіметінің төрағасы Әлихан Бөкейхан «қазақтың қойының жүні тоқылып, үстіне киім болып, әрбір темірі өзіне түйме болуы тиіс» деп, сол заманның өзінде нарықтық экономикаға, ұлттық бизнестің дамуына үндеді. Алаш білімдарлары елдің шикізат базасы болып шектеліп қалуына қарсылықтар білдіріп, шикізатты сыртқа шығармай, қазақ жерінде өңдеудің қажеттігін айтқан, ал бұл мақсатқа фабрик-зауыттар, шойын жол салып қана жетуге болады. Олар қазақ шаруашылығында өнеркәсіптің маңыздылығына мән беріп, басқа салалармен салыстырғанда оның алатын орнының қаншалықты екенін бағамдай білген. Қазақстан экономикасының шикізаттық бағдарын барынша азайтып, оның орнықты өсімін қамтамасыз ететін құрылымдық реформалар жүргізіп, индустриялық салаларды белсенді дамыту бағыты Алаш ұстанымдарына сай іс-шаралар болып табылады. Алаш арыстары ұлттық өндірісті дамытуды табиғи жолмен жүргізуді дұрыс деп тауып, өндірістік қатынастарды кооперация арқылы жүзеге асыруға ұмтылды, барлық субъектілердің құқықтары тең дәрежеде қорғалып, адал, ашық жұмыс істеуі шарт деп есептеді. Бірінші кезекте дәстүрлі мал шаруашылығын дамыту мен егіншілікпен айналысу арқылы ауыл шаруашылығы саласын көтеріп, жетекші де қуатты агроөнеркәсіптік мемлекет қалыптастыруды жақтады. Жер көлемі бойынша әлемде тоғызыншы орында тұрған Қазақстанның ауылшаруашылық өнімдерін өндіруді еселеп ұлғайтуға әлеуеті жеткілікті. Ол үшін ауыл шаруашылығында өндірісті жедел индустриялық-инновациялық технологияларға ауыстыру қажет. Алашордалықтар жерге ең алдымен  қазақ ие  болып, жердің асты-үстіңгі байлығын қазақ пайдаланса деген ниетте болып, бұл мәселені «қазақтың тірі я өлі болу мәселесі» деп қазақ қоғамы алдына өткір қойған. Олар жер, жеке меншік және кәсіпкерлік мәселелерін ел экономикасынан бөліп қарамаған, оны экономикалық өсудің негізі деп санаған.  Алаш жолын ұстанған «Ақ жол» партиясы әрдайым Қазақстанда бәсекеге қабілетті және нарықтық экономиканы құрудың, жеке меншік, ең алдымен, шағын және орта бизнесті барынша қолдаудың табанды жақтаушысы болып келеді және бұл жолынан таймақ емес. Негізгі ұстанымдарының бірі ретінде шағын және орта бизнес саласына, кәсіпкерлікке қолайлы жағдайлар туғызып, оны дамыту тұрғысында, олардың құқығын қорғау бағытында белсенді қимылдар жасаудың шараларын ұсынған. Партия қазіргі заманның басты міндеті – елімізді өркендету мақсатында орта таптың қалыптасуына және нығаюына жәрдемдесуді өзінің тарихи миссиясы деп санайды. Қазақстанның табысты бәсекелестік қабілеттілігінің кепілі болып табылатын интеллектуалды ұлт құру аса маңызды. «Ақ жол» партиясы адам капиталының сапалы өсуі Қазақстанды дамытудағы жоғары басымдылық болуы тиіс деп санайды. Экономика салаларының бәсекеге қабілеттілігі, бірінші кезекте, өнімділікке, сапаға және адами ресурстардың икемділігіне қатысты. Ең дамыған отыздыққа кірудің негізгі шарты да елімізде адами капиталды дамыту. Адам әлеуетін дамыту индексіне сәйкес (БҰҰ ДБ) Қазақстан 2007 жылы 73 орыннан (177 ел арасынан) 2013 жылы 70 орынға (187 елдің ішінен) орналасқан. Бұдан да жоғары деңгейлі елдерінің тобына ену үшін экономиканың өнімділігіне жағдай туғызатын, Қазақстан болашағының флагманы – барлық деңгейдегі білім беруді және оны қолданудың аясын кеңейте беру қажет. Ахмет Байтұрсынұлы 1913 жылы «Қазақ» газетіндегі «Қазақша оқу жайынан» атты мақаласында: «Біз әуелі елді түзетуді бала оқыту ісін түзетуден бастауымыз керек. Неге десек, болыстық та, билік те, халықтық та оқумен түзеледі» - деп жазса, ал Халел Досмұхамедов: «Шын азаттықты білім береді» деп санады. Сондықтан да Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының басты формуласы: білім – ғылым - өндіріс болуы тиіс. Адами капиталдың мүмкіндігін көтеруге сондай-ақ денсаулық сақтау, жұмыспен қамту және халықты әлеуметтік қорғау жүйесі де ықпал етеді. Білімі мен білігі мықты отандық кадрларды даярлап, олардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру үлкен маңызға ие. «Ақ жол» партиясы экономиканы әлеуметтік дамудың міндеттерін тиімді шешудің құралы ретінде қарастырады. Қазақ қоғамын бірте-бірте өзгертіп, заманға бейімдеуді мақсат еткен «Алаштың» асыл мұраттары біздің қазіргі жедел жаңғыру, модернизация бағытымызбен үндес келеді. Партия экономикалық мәселелерге, әлеуметтік салаларға ерекше көңіл бөліп, әлеуметтік инфрақұрылымдарды дамыту бағытындағы жұмыстарын жалғастыра беретін болады. Әлеуметтік жаңғырту қоғамның рухани өмірінде болып жатқан үдерістермен санасуға, ұлттың сана-сезімінің, мемлекеттің зайырлы сипаты мен білім жүйесінің нығаюына кепілдік беруге ықпал етеді, сондай-ақ, өкінішке орай, жастарымызды алғашқы құрбандықтарына ұшыратқан экстремизм мен діни радикализмнің пайда болуына алып келетін әлеуметтік себептерді барынша азайтуға тиісті. Рухани сана, білім, діни сенім сапалы болған кезде біздің қоғам қандай да бір ішкі-сыртқы біздің елге қарсы әрекеттерге дайын тұра алады. Бізге «Алаш» партиясының толерантты либералдық қозғалыс ретіндегі әлеуетін, ішкі генезисін барлық азаматтарға, әсіресе жас ұрпаққа, ашып көрсету ісіне ғылыми ортаны тартып, оларды осы партияның прогрессивті әлеуметтік-экономикалық идеяларын қалпына келтіруге жұмылдыруға ықпал етуге ұмтылу керек болады. Қазақстанның экономикалық, әлеуметтік ресурстары, ең алдымен, ұлттық мүддеге қызмет етуге тиіс. Бұл кез келген одақта, ұйымдарда Қазақстан өнімінің және Қазақстан кәсіпорындарының басымдығы үшін күресуіміз керек деген сөз. Алаш мұрасын жалпыадамзаттық құндылықтар және ілгерішіл экономикалық ойдың үлгілері ретінде халықаралық деңгейге шығару және насихаттауға күш жұмсау қажет.  
  1. Алаштың рухани-мәдени тәжірибесінің, ұлттық құндылықтарға көзқарастарының қазіргі заманғы Қазақстан үшін өзектілігі.
Рухани және мәдени даму – өркениет өлшемдерінің бірі. Қазіргі әлемдегі елдің беделі тек саясат пен экономикаға ғана емес, сондай-ақ, мәдени тартымдылығына да байланысты. Ұрпақтардың рухани-мәдени тәжірибесінің сабақтастығы Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігін нығайтудың басты негіздерінің бірі болып табылады. Ұлттық тарихымызды, өзіміздің төл бастауларымызды, қайнар көздерімізді, ерекшеліктерімізді тиянақты ұғыну қоғамды рухани және идеялық нығайтуға қызмет етеді. Алаш қайраткерлері қазақ мемлекеттігінің, ұлттық дамуының тарихымен шұғылданған, олардың көпшілігі қазақтың көне тарихына үңілген. Қазақ халқының түркілік негіздерін дәлелдеуге тырысқан, ежелден сонда мекендеген халықтар негізінде қазақ ұлтының қалыптасқаны туралы мәліметтер қалдырған. Ғылымдық та, саяси да мәні бар сол деректерді терең зерттеудің қажеттігі анық. Кеңес заманында халықтың рухани сана-сезімі және ұлттық ерекшелікті сақтау инстинкті болып табылатын ұлтшылдықтың классикалық мәні мен мағынасы өрескел бұрмаланды. Ұлтшылдыққа интернационализм деп аталған ұғымды қарама-қарсы қойды. Кеңестік «интернационализмнің» астарында – өзгенің ұлттық ерекшеліктерін жойып, үстемдік жүргізу саясатын жалғастыру мүддесі жатқаны ешқандай құпия емес. Өркениетті әлемде ұлтшылдық («АҚШ сөздігі; Британ және Жапон энциклопедияларында) – өз ұлтына адалдық, ұлттық бірлік пен тәуелсіздікті қорғайтын табиғи құбылыс ретінде сипатталады. Алаш  ардақтысы Жүсіпбек Аймауытовтың  ұлтшылдық туралы айтқан келесі пікірлері керемет әсер қалдырады: «Ұлты үшін құрбан болуға шыдағандық - ұлтшылдықтың осы күнде ең берік ережесі» дей келе: «Ұлты үшін құрмет қылмай, бас қамын ойлап жүрген азаматтардың елі артта қалып отыр. Ұлтшыл жұрттар, әне, Германия, Жапония, Англия, Түркиялар, олардың баласы жасынан «ұлтым» деп өседі», - дей келе, одан әрі ол «Естеріңізде болсын: қара халықтың мәдениетті болуынан мәдениетті кісінің қазақ болуы қиын, баласына осы бастан ұлт рухын сіңіріп, қазақ өміріне жақындатып тәрбиелеу керек». Қазақтың «Алаш» ұлттық идеясы өзінің болмысында классикалық ұлтшылдықтың аясынан бір адым аттап шыққан емес. Большевиктер партиясы құрған Кеңес өкіметі ұлттық-мемлекеттік құрылыс мәселесін шешудің негізіне қазіргі заманғы әлемде күні әбден өткен таптық жіктелу қағидасын басшылыққа алса, Алаш арыстары керісінше қазіргі заманда дұрыстығына ешкім де шүбә келтірмейтін өміршең қағида – мемлекет пен халық бірлігін қамтамасыз етудің, топтасқан қоғам қалыптастырудың, рухани-мәдени бірегейлікті нығайтудың, әлеуметтік және діни бітімнің, қоғамдық құндылықтардың, айналып келгенде, ұлттың рухын көтеретін, Қазақстанның шешуші әлеуеті болып табылатын - ұлттық бірлік саясатын таңдап алды. «Ақ жол» партиясының ұстанымы – өз мемлекеттілігімізді, рухани дүниемізді, мәдениет пен тілімізді, дініміз бен ділімізді, дәстүріміз бен тарихи мұрамызды жаңғыртуымыз тарихи заңдылық болып табылады. Сол арқылы тарихи жадыға, бабалар аманатына, Алаш аманатына адалдық танытып, ұлттық тарихымызды жаңаша көзқараспен зерделеп, ұрпақтар сабақтастығын жалғастырып, қазақ ұлтын отарсыздандыруды біртіндеп жүргізіп, ұлттық санаға сілкініс туғызу - Партия міндеттерінің бірі. Идеологияның негізгі жүргізушісі ретінде қазақ елінің бұқаралық ақпарат құралдарын әлемдік медиа-империялармен бәсекелестікке түсуге даярлай беру үшін түбегейлі трансформациялауды күн тәртібіне қоятын кез де жетті. Қазақ елінің рухани және материалдық игіліктерін қорғау үшін ақпараттық-мәдени орта құру қажет.  Ұлттық мәдени мұраны сақтау және дамыту, балалар мен жастарды ұлттық құндылықтарды құрметтеу, патриотизм рухында тәрбиелеу біздің бағытымыз болып қала береді.  Біз қазақ мәдениеті мен өнерінің түрлі салаларының: театрлардың, кітапханалардың, мұражайлардың, киноның, филармониялардың, орындаушылық ұжымдардың, цирктердің, қолөнердің, шығармашылық одақтардың, мәдени-тарихи орталықтардың және басқа да мәдениет ұйымдарының ел ішінде лайықты қызмет көрсетуін ғана емес, әлемдік мәдениет кеңістігіне кірігу үдерісін де жіті қадағалағанымыз жөн. ЮНЕСКО-ның қазақтың киіз үйі мен дәстүрлі күйін адамзат қазынасы қатарына қосуы секілді шешімдерінің көбейе түскені абзал. Мәдениеттер үйлесімі – өркениеттің алтын қазығы. Сонымен қатар дәстүрлі мәдени мұраның тарихи миссиясы қоғамның рухани-танымдық тұрақтылығын сақтау, оның негізгі моральдық құндылықтарының шайылып кетуіне жол бермеуге бағытталатынын естен шығармауымыз керек. Мәдениет пен өнер саласы мекемелері қызметкерлерінің әлеуметтік-экономикалық, еңбек құқықтарының сақталуы мен қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударуымыз қажет. Қоғамды біріктірудің келесі аспектісі этносаралық қарым-қатынаста шешуші факторлардың бірін бейнелейтін тіл мәселесі болып табылады. Кейбір полиэтностық мемлекеттер үшін түйткілге айналған проблеманың Қазақстанда орыс тілді азаматтар үшін барлық мүмкіндіктерді сақтау арқылы шиеленіспей шешіліп отырғанын құптаймыз. Дегенмен, «Ақ жол» партиясы қазақ тілін пайдалану көлемін бұрын болмаған жоғары деңгейге көтеру қажет деп есептейді. Алаш арыстарының ана тіліне деген жауапкершілігі мен оның беделін көтеруге жұмсаған күш-жігері, жанкештілігі ғаламат болатын. Сонау 1905 жылы Әлихан Бөкейханның Мәскеуде земство және қала қайраткерлері съезінде сөз сөйлеп, сол кездегі 5 миллион қазақ халқының тең құқығын үзілді-кесілді талап еткенін еш ұмытуға болмайды. Ол өз сөзінде әлеуметтік мәселелермен қатар тіл, сайлау еркіндігі проблемасын да көтерген: «...қазақтардың жуық арадағы мұқтажы, әсіресе алдағы сайлау үгітіне байланысты қажет болатын ана тілін қолданудағы еркіндік болып табылады және мен съезде жергілікті тілдер құқықтарына орай барлық шектеулерді дереу жоюды жақтап пікір айтылуын өтінген жолдастардың ұсыныстарына қосыламын». Алаштың саяси көсемінің осыдан 110 жылға жуық уақыт бұрын айтқан «қазақтардың жуық арадағы мұқтажына» - ана тілінің еркіндігіне әлі күнге дейін толықтай қол жеткізе алмай келе жатқанымыз шындық. Туған тілді тума тілдің жетегінде өне бойы қалдыруға болмайды. Ұлтты танудың да басты шарты – туған тіліңнің әлеуетін арттыру, керегесін кеңейту. Халқының саны бізден аз  Бельгия мемлекеті  (10 млн 379 мың) өз тілінен өзге тілге қадам баспайды. Ұлтымыздың дәрежесі көбіне-көп тілімен бағаланатынын естен шығармауымыз керек. Тұтастай алғанда, мемлекет құрушы қазақ халқының рухани жағынан түлеп, мәдениетінің өсіп-өркендеуі – қоғам алдында тұрған аса күрделі міндеттерді шешудің, Қазақстанның адымдап дамуының негізгі кепілдерінің бірі. Сондықтан да мемлекеттің мәдени саясатының өзекті проблемаларын мәдениеттің  қоғам мен мемлекет тіршілігінің барлық маңызды  аспектілері дамуының сапалық өлшемі болып табылатынын ұдайы есте ұстай отырып шешу керек.                                  БАҒДАРЛАМАЛЫҚ МІНДЕТТЕР  Қазақстан қоғамын жаңғыртуда «Алаш» қозғалысының шығармашылық мұрасын және принциптік көзқарастарын тарату және оны бүгінгі күннің кәдесіне жарату бағытында «Ақ жол» демократиялық партиясы бастамашылдық жасаған және атқарған істерін одан әрі жалғастыру және атқарылуға тиіс мынадай міндеттерді шешу жолында жұмыс істейді: - Премьер-министрге жолданған «Ақ жол» парламенттік фракциясы өзінің депутаттық сауалдарында көтергеніндей, Әлихан Бөкейханның 150 және Алаш қозғалысының 100 жылдығы мерейтойларын мемлекеттік және жалпыұлттық дәрежеде атап өту үшін, 2015 жылдың бірінші жартысынан кешіктірмей, Үкімет жанынан Мемлекеттік комиссия (үкімет мүшелері, парламент депутаттары, ғалымдар, қоғам қайраткерлері енген) құру, оған жалпымемлекеттік және аймақтық кешенді бағдарламалар даярлау ісін жүктеу, осы мерейтойларды елімізде және шет елдерде ЮНЕСКО аясында ұлықтауға күш салу; - Жас ұрпақты Алаш идеясымен кең ауқымда және жүйелі түрде таныстырып, оны отаншылдық рухта тәрбиелеу мақсатында Алаш қозғалысына қатысты архив құжаттарын, бірінші кезекте 1928-1938 жылдарға тиесілі ғасыр құжаты аталған «Алаш ісі» сот процестері материалдарын көп томдық жинақ ретінде шығару; - Осы «Алаш ісі» сот процесімен тікелей байланысы бар келесі мәселе ол ХХ ғасырдың 20-50-ші жылдарында жүргізілген саяси репрессия материалдарын, Қазақстандағы репрессия тарихын, ресейлік ғалымдарды араластырмай, отандық тарихшы-ғалымдардың күшімен қорытып, көп томдық түрінде жариялауды қолға алу; - Қазақстан тарихындағы осы бір қайғылы оқиғаларға жұртшылықтың назарын аудару үшін ғылыми конференциялар өткізу; Бұл жұмысқа зұлымдықтың терең, тамырлы мәнін, геноцидтің империялық саясатының, саяси қуғын-сүргіннің опасыздық сипатын ашуға қабілетті тарихшы-ғалымдар, саясаттанушылар, қоғамтанушылар; жаппай аштық және ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы саяси қуғын-сүргін жылдарында қазақ халқына қатысты кеңес өкіметінің келтірген зардабын әшкерелеп, мәселенің құқықтық жағын жан-жақты ашу үшін заңгер-ғалымдар, құқық қорғаушылар тартылуға тиіс. Сондай-ақ ашаршылықтың қазақ ұлтына сандық және сапалық өсуін ұзақ мерзімге тежеген генефондық зиянын анықтайтын генетик, демограф, әлеуметші т.б. салалардағы ғалымдар, қажет жағдайда халықаралық сарапшылар қатысуы тиіс деп санаймыз. Оларға Қазақстанның ғана емес, Ресейдің көптеген қалалары мен Өзбекстанның (Ташкент), өзге де шет елдердің мұрағат қазыналарын ақтаруына толық мүмкіндіктер тудыру керек. - Аштық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алатын мемлекеттік деңгейдегі күнтізбеге енетін ұлттық аза тұту күнін белгілеу; - Қазақ халқының жартысына жуығын жалмап кеткен қолдан жасалған Ашаршылық пен Саяси қуғын-сүргін  құрбандарына арналған Алматыдағы тастұғырды ескерткіш-мемориалдық кешенге айналдыру; - Қазіргі таңда жыл сайын 3 кезеңмен өтіп, дәстүрге енген, 18-ден 35 жасқа дейінгі ғылыми ізденушілер арасындағы «ХХ1 ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» атты Жалпыұлттық байқауын өткізіп, финалдық сатысын ғылыми-практикалық конференциямен қорытындылап, оның материалдарын негізге ала отырып, ғылыми жинақ шығарып тұру; Онда негізінен Бағдарламаның алдына қойған мақсаты мен тұжырымдамалық негіздері басшылыққа алынады. Алаш қозғалысы тарихындағы белгісіз оқиғалар мен жаңа есімдерді шығаруға, орыс тіліндегі және басқа этностар тілдеріндегі зерттеулерге назар аударылады. - Партияішілік ағарту жұмысын дамыту мақсатында «Ақ жол» партиясы парламенттік фракциясының апта сайын өтетін онлайн бейнеконференциясының аясында, ай сайын ашық есік жағдайындағы барлық партия филиалдары қатысатын «Алаш тағылымдары» дәрістерін өткізу; Оны елімізге белгілі алаштанушы ғалымдар, зерттеушілер жүргізеді. - Жыл сайын 5-13 желтоқсан аралығында республика көлемінде «Алаш апталығын» өткізу тәжірибесін дәстүрге айналдыру; 2014 жылы біз бұл шараның пилоттық жобасын Астанада Орталық аппарат, Шығыс Қазақстан (Семей), Маңғыстау, Оңтүстік Қазақстан филиалдары өткізді. - Жыл сайын желтоқсан айында оқу орындарында, мемлекеттік органдар мен әскери бөлімшелерде, мұрағаттар мен кітапханаларда «Алаш тағылымдары» тақырыбына Алаш оқуларын: бұқаралық лекциялар, сабақтар, дәрістер, конференциялар, жиналыстар, көрмелер т.б. шаралар өткізу; - Бірінші заманауи, демократиялық қазақ үкіметінің құрылған күніне маңыз беру мақсатында Тұңғыш Ұлт кеңесі – Алашорда үкіметі құрылған тарихи күн: 1917 жылдың 13 желтоқсаны құрметіне жыл сайынғы 13 желтоқсанды ресми түрде «Алашорда» күні деп атау; - Астанада қаланың ең көрікті жерінен Алаш қайраткерлерінің монументалды ескерткіші орнатылған «Алашорда» аллеясын ашу. Алаш қайраткерлерінің ескерткіштерін Алматыда, барлық облыс орталықтарында орнату; - Республикалық және жергілікті жерлердегі ономастика комиссияларына Қазақстанның барлық облыс, аудан орталықтарындағы, әсіресе Алашқа қатысы бар жерлердегі көше, мекеме т.б. ұлт қайраткерлері атын (белгілі оқиғалардың атауын) беру; - ҚР сыртқы министрлігі арқылы Ресейдің Мәскеу, С.-Петербор, Омбы, Самара, Орынбор қалаларындағы, бауырлас Түркия, Әзірбайжан, Қырғызстан, Өзбекстан астаналарындағы көшелерге Алаш қайраткерлерінің атын ұсыну, - Алаш қозғалысына тікелей қатысы бар Ресейдің Петербор, Омбы, Орынбор, Өзбекстанның Ташкент, Қоқан қалаларында, еліміздегі Семей, Торғай, Жымпиты т.б. қала-кенттерінде Алаш қайраткерлерінің тарихи істеріне байланысты белгі, ескерткіш тақталар орнату, мұражайлар ашу жұмысын ұйымдастыру; - Тілдік бағыттарына қарамай мектептерде Алаш ұғымын, Алаш идеясын, Алаш қозғалысын және Алаш қайраткерлерінің өмір жолын отаншылдық аясында кеңінен ұғындыру. «Қазақстан тарихы» оқулығына жеткілікті көлем беру. Жоғары оқу орындарында Алаш идеяларын оқытудың тиімді жүйесін құру. Білім және ғылым министрлігінің тарих пәнін оқытудың бүгінгі, болашақ дамуымызға сай жаңа мазмұны мен жүйесін енгізуіне қоғамдық бақылау орнату; - Алаш мұрасы мен тарихы, Алаш қайраткерлері туралы ғылыми-зерттеу монографияларын, әдебиет пен өнер шығармаларын, деректі және көркем фильмдер және теледидар туындыларын мемлекеттік тапсырыспен шығару; - Алашорда өмірінен, 1937 жылғы саяси-қуғын сүргіннің құрбаны Мұқтызар Титақұлы жазған «Мұрат үшін майдан» пьесасының қойылымын осы драма-пьесаның негізгі кейіпкерлерінің бірі, Әлихан Бөкейханның туғанына 150 жылдығы қарсаңында шығару; Мұның жауапкершілігін, тиісті өнер майталмандарымен: драматург-жазушы мен театр режиссерімен келісім-шартқа отырған, «Ақ жол» партиясы өз мойнына алады. - «Ақ жол» қызметкерлері тауып, «ХХ1 ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» ғылыми жинағына енгізілген «Алаш әнұранының», «Алаш маршының» 10 нұсқасының ноталарын іздестіріп, соларды насихаттайтын орындаушылар тауып, Қазақ радиосының Алтын қорына, Қазақстан телеарнасының бейнеқорына енгізу жұмыстарын жүргізу; - Алаш қозғалысының тарихын терең және жан-жақты зерттеу үшін Қазақстанның ғана емес, Ресей, Түркияның, Қытайдың, Францияның, Германияның, Өзбекстан, Қырғыз, Түркмен және басқа мемлекеттердің мұрағаттарында ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге қаражаттар бөлу мәселесін қарастыру; - Облыстық және аудандық әкімдіктерімен ғылыми және қоғамдық мекемелермен бірлесіп Алаш тарихына қатысты жерлерге экспедициялар ұйымдастыру; - 1917 жылдың желтоқсанынан 1920 жылға дейін Алаштың ордасы болып, Алашқала атанған Семей қаласын «Алаш» деп атауды Республикалық ономастикалық комиссиядан сұрау. Қаладағы «Алаш үйіне» ескерткіш тақта орнату. Семей қаласындағы «Алаш арыстары - Әуезов» мұражай-үйінің негізінде «Алаш» ұлттық мұражайын ашуды қолға алу; - Отарсыздану саясатын тиімді жүргізу мақсатында қазіргі қолданыстағы альфавитті латын харпіне ауыстыру процесін бастап, осы әліппеге өткен басқа түркітілдес елдердің тәжірибелерін саралай отырып, оған өтудің кезең-кезеңге бөлінген жүйелі шараларын жасау; - Тұрғын елді мекендердің, географиялық объектілердің атауларындағы тарихи әділеттілікті қалпына келтіру жөнінде жұмыс жүргізу; Бүкіл тарих және рухани мәні бар қазақ атауларының бәрі еліміз бен халқымызға қайтарылуы тиіс. - Қазақ тілінің мәртебесін арттыру және қолданылу аясын кеңейту, мәңгілік тәуелсіз ел болудың басты шарттарының бірі – тілімізді дамытып, мәңгілік тіл етіп, оны ұлттың ұйытқысына айналдыру; - Жас ұрпақты тәрбиелеу ісін Қазақстанның ұлттық тарихына, Алаш тарихына, қазақ тіліне және қазақ мәдениетіне, сол сияқты басқа этностардың тарихына, мәдениеті мен тіліне құрметпен қарау рухында жүргізу.            Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхан ХХ ғасыр басындағы қазақтың ұлт-азаттық Алаш қозғалысының негізін қалаушы әрі саяси жетекшісі ретінде Қазақ мемлекеттігін қалпына келтіру ісінде шешуші рөл атқарды және қазіргі Қазақстанның қалыптасуы мен тәуелсіздігін нығайту үшін де тарихи маңызды жұмыстар істеді. Ә.Н.Бөкейханның 150 жылдығына байланысты «АҚ ЖОЛ» партиясы мыналарды қажет деп есептейді:   - Жетекші жоғары оқу мекемелерінің біріне (ұлттық дәрежелі университетке) және ғылыми-зерттеу институттарының біріне (Мемлекет тарихы, экономикалық зерттеулер, ауылшаруашылығы және мал шаруашылығы бағытындағы) Ә.Н. Бөкейханның есімі беру; - Бурабай кентіндегі Орман шаруашылығы училищесіне Ә.Н. Бөкейханның есімін беру; (училище әлі Омбыдан көшпей тұрған 1895-1897 жылдары Ә.Н. Бөкейхан осында математика пәнінен сабақ берген). - Саясат пен экономиканы дамытуға және ғылымға қосқан зор үлесі мен жетістіктері үшін берілетін «Әлихан Бөкейхан ұлттық сыйлығын» тағайындау; - Астана және Алматы қалаларында Ә.Н. Бөкейханның 150 жылдық мерейтойына арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік және ғылыми-теориялық конференциялар ұйымдастырып өткізу; - Ә.Н.Бөкейханның 16 томдық толық шығармалар жинағын құрастырып қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде 50 мың данамен басып шығару; Мұны Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ «Алаш» мәдениет және рухани даму институтына Үкімет тарапынан тиісті қаржылық көмектер көрсете отырып, жүктеуге болады; - Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ «Алаш» мәдениет және рухани даму институты, БҒМ ҒК Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты және Мемлекет тарихы институты бірлесіп Ә.Н.Бөкейхан энциклопедиясын құрастырып қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде 10 мың данамен басып шығару; - Ә.Н.Бөкейханның өміріне және Алаш қозғалысы тақырыбына қатысты зерттеулер мен көркем шығармаларға мемлекеттік гранттар жариялау; - Ә.Н. Бөкейханның өмірі мен қызметі және оның ұлт-азаттық Алаш қозғалысы бойынша үзеңгілестері туралы құжатты, фотосуретті альбом құрастырып, 10 мың данамен басып шығару; - Ә.Н. Бөкейханның және оның үзеңгілестері туралы: телехикая, көркем және деректі фильмдер түсіру; - Қазпоштаға Ә.Н.Бөкейханның 150 жылдығына арналған мерейтойлық пошта маркасын шығаруды, Ұлттық банкке – Алаш көсемі бейнеленген арнайы монета басып шығаруды жүктеу; - Астанадағы Ұлттық мұражайдан Ә.Н.Бөкейханға арналған зал ашу; - Ә.Бөкейхан сынды халықаралық деңгейдегі ұлы тұлғаға оның қайраткерлік қызметіне қатысы бар орындардың (шетелдердегі де) бәріне дерлік ескерткіш-белгі (тақта) орнату. Тұтастай алғанда, Әлихан Бөкейханның 150 жылдығы мен «Алаш» қозғалысының 100 жылдығын бір-бірінен бөліп алып қараудың өзі қисынға келе бермейді. Ұсынылған кешенді шаралардың жиынтығын орындаудың алғышарттары 2015 жылдан басталып жасалуы тиіс. 2016-2017 жылдары алға қойылған міндеттерді орындай отырып, Алаш арыстарын ардақтаудың биік деңгейіне қол жеткізу керек. Ал осы іс-шаралардың түпкілікті орындалуын 2018-2019 жылдары тиянақтап, Алаш идеяларының қоғамның жаңғыруы мен жасампаздыққа қызмет жасай бастағанын азаматтық қоғам бақылауға алуы тиіс.      БАҒДАРЛАМАЛЫҚ МІНДЕТТЕРДІ ОРЫНДАУ ТЕТІКТЕРІ   «Ақ жол» демократиялық партиясы, әрине, қолда бар мүмкіндіктер аясында әрекет етеді. Партия тарихи зерттеулер үшін құрылған қор немесе тарихшылар Кеңесі емес. Біз үшін аталған шаралардың практикалық жағы маңызды. Бізге «Алаш» қайраткерлеріне лайықты құрмет көрсетіп қана қою емес, сонымен қатар олардың идеяларын, бастамаларын, құндылықтарын заманауи өмірге енгізудің маңызы зор. Жоғары да көрсетілген міндеттердің көпшілігін Қазақстан Республикасының үкіметінің қатысуынсыз шеше алмаймыз. Сондықтан да «Ақ жол» партиясы өзінің Парламенттегі фракциясы арқылы Үкіметтің тарих, қазақ және қазақ елі болашағының алдындағы жауапкершілігін үнемі есіне салып, тиісті шаралар қабылдауды, қабылданған шешімдердің орындалуын талап ететін болады. Партия өзінің саяси-ағартушылық жұмыстарында - мемлекет пен қоғамды дамытудың келiсiмдi жолдарын қарастыру мақсатында тиісті мемлекеттiк органдармен, тарихи-ғылыми ортамен, қоғамдық бiрлестiктермен, өзге де Алаш тарихына бей-жай қарай алмайтын ұйымдармен өзара ынтымақтастығын дамытып, бiрлесiп iс-қимыл жасауға ұмтылады Қазақстанның “АҚ ЖОЛ” Демократиялық партиясы өзінің осы Бағдарламасында белгiлеген мақсаты мен мiндеттерiн жүзеге асыру үшiн: - Партияның сайлауалды тұғырнамасында, жаңа саяси Бағдарламасында және осы Бағдарламада белгіленген, «Алаш» қозғалысының ізбасары ретіндегі міндеттерін, алған міндеттемелері мен уәделерін мүлтіксіз орындауға тырысады; - Қазақстан дамуының өзекті мәселелері жөнінде заң жобаларын, балама бағдарламалар, тұжырымдамалар, ұсынымдар мен ұсыныстар әзірлейді және оларды жария етеді; - Парламенттегі заң шығарушылық қызметін белсенді атқарады, Үкіметке, басқа да мемлекеттік органдарға депутаттық сауалдар жолдап, нақты жауаптар алуға қол жеткізеді; - «Алаш» қозғалысының, оның көрнекті қайраткерлерінің идеялық мұраларын насихаттау және тарату, тарихи-ағарту сипатындағы арнайы жобалар, орталықта ғана емес, жер-жерлерде конференциялар, семинарлар және дөңгелек үстелдер (оның ішінде тұрақты жұмыс істейтін), республикалық және өңірлік семинарлар, тренингтер, қоғамдық тыңдаулар өткізуді ұйымдастырады; - Партияның және филиалдардың басшыларын, депутаттық фракция мүшелерін, партия активін қатыстыру арқылы идеологиялық кадрларды қамтып, қоғам мен мемлекеттің өзекті проблемалары бойынша жергiлiктi жерлерде, аймақтарда Алаш ұстанымдары бойынша үгiт-насихат және ағартушылық жұмыстарын жүргiзедi. Жаңа бастамалардың, заң жобаларының, Партияның парламенттік фракциясы мүшелерінің депутаттық сауалдарын және оған берілген жауаптарды, Партияның басқа да бастамалары мен істерінің мәнін тұрғындарға түсіндіреді; - жылына үш рет ҚР Парламенті Мәжілісіндегі «Ақ жол» партиясының депутаттық фракциясының «Депутаттық сауалдар және оларға жауаптар» кітапшасын шығарады; - Партия ұсынған бастамалар, бағдарламалар, заң жобалары бойынша кері байланыс орнатады, қоғамдық пікірді, халықтың әртүрлі жіктерінің сауалдарын зерделейді. (Филиалдар жанындағы қоғамдық қабылдау, социологиялық зерттеулер, телефонмен және анкеталық сауалнамалар жүргізу, сараптамалық сауалнамалар, фокус-топтар, жекелеген бағыттар бойынша сұхбаттасу). Партияның Орталық аппараты мен филиалдарында барлық тілек білдірген азаматтардың өздерін қызықтырған мәселелер бойынша Партияның орталық және өңірлік органдары өкілдерінің қабылдау күндері мен сағаттарын енгізеді. «Ақ жол» ҚДП парламенттік Фракциясы мүшелері Партияның қоғамдық қабылдау жұмысына белсене қатысады. - ЕҰУ-мен, оның «Алаш» мәдениет және рухани даму институтымен және «Еуразия» ғылыми-зерттеу орталығымен, Мемлекет тарихы, Шоқан Уәлихан атындағы тарих және этнология институттарымен, Халықаралық Бизнес Академиясымен т.б. бірлескен ғылыми-практикалық, мәдени және өзге де іс-шаралар мен акциялар өткізу тәжірибесін жалғастырады; - Алаш тақырыбына жарияланымдарды көбейтеді (Партия белсенділерінің мақалаларын ұйымдастыру және БАҚ үшін материалдар әзірлеуге тікелей қатысу); Бұқаралық ақпарат құралдарында, электрондықты қоса алғанда, сондай-ақ мемлекеттік БАҚ арқылы да Бағдарламаның тұжырымдамалық негіздерінде көрсетілген және басқа тақырыптар (бағыттар) бойынша партияның позицияларын жариялап көрсетуді қамтамасыз етеді; - Жедел ақпараттық хабарламалар жасап, оларды кейін барлық БАҚ-ына жіберу есебінен Партияның баспасөз қызметінің жұмысын, Партияның өңірлік филиалдарындағы баспасөз қызметін күшейтеді; - Партияның орталықтағы және өңірлердегі басшылық органдарының, Партияның баспасөз қызметі мен оның өкілдерінің республикалық, өңірлік және жергілікті баспа және электрондық БАҚ-пен, Интернет-сайттармен, олардың басшыларымен және журналистермен жүйелі түрде өзара әрекеттестігін орнату және қолдау жөніндегі жұмысын жандандырып, партияның Алаш жөніндегі қызметіне бұхаралық ақпарат құралдары арқылы ақпараттық қолдауды кеңінен ұйымдастырады.        «Ақ жол» ҚДП Орталық кеңесінің идеологиялық жұмыс бойынша хатшысы Сәбит Байдалының жетекшілігімен алаштанушы ғалымдардың тобы әзірлеген Бағдарлама жобасы «Ақ жол» Қазақстан Демократиялық партиясының 2014 жылдың 13 желтоқсанында өткен Орталық кеңестің Пленумында қаралып, барлық партия ұйымдарында өңірлердегі алаштанушы ғалымдар, жұртшылық өкілдерінің қатысуымен кеңінен талқылау үшін ұсынылды. qazaquni.kz