Абыл АЯШ, бард ақын Табыл Досымовтың ұлы:  ӘКЕМ ГИТАРАСЫНА АТ ҚОЙҒАНМЕН, МЕНІ ЕРКЕЛЕТІП АТАҒАН ЕМЕС...

Табылдың ұлы Абыл

Өткенде әнші-сазгер Елена Әбдіхалықованың кешінде Табылды Досымовтың ұлын көрдік. Кеш иесімен бірге «Тәтті мұң» атты ән орындады. Әкесінің әні. Қолына гитарасын ұстап шыққанда-ақ, «әкесінен аумайды екен» дестік. Асылдың сынығымен танысқымыз келді. Редакциямызға шақырып, әңгімесін тыңдадық. Жас болса да, мақсаты айқын, ойы терең. Әке атына кір келтірмесіне сеніммен қарадық. Мен әкемнен 14 жасымда қалдым. Қазір 18-демін. Оқушы күнімде «әкемнің жолын қумаймын, өнерге бармаймын» дейтінмін. Әкем де мені өнерге баулып, сахнаға жетелеген емес. Сенсеңіздер, бірде-бір рет әкемнің алдында ән айтып, гитара тартқан емеспін. Музыкалық аспаптарда ойнауды өз бетімше үйрендім. Әкемнің репертуарындағы барлық әнді жаттап алғанмын, орындай аламын. Бірақ, көзінің тірісінде сахнаға шықпадым, ән айтпадым. Ел алдына шықсам, тек әкемнің шығармаларын ғана орындайтын боламын. Музыка мен үшін тек хобби іспеттес еді. Өрт сөндіруші, құрылысшы мамандықтарын оқығым келетін. Өзім электр тогынан қорықпайтын адаммын. Үйдегі ток желілерін өзім-ақ жүргізе беремін. Техникаға да жақынмын. Техникалық сала ерге тән жұмыс деп санайтынмын. Үйде үш қыздың ортасында өскендіктен бе екен, сондай ойда жүрдім. Ақбаян, Айнамкөз есімді әпкелерім, Әйгерім есімді қарындасым бар. Ақбаян әпкем өнерге біртабан жақын болатын. Өлең жазады. Қазір тұрмысқа шыққалы аса қолы босамай жүр-ау деймін. Ол оқыған кітаптарын әкеммен пікірлесіп, талдап отыратын. Екі әпкем тұрмыста, қарындасым Алматыда, колледжде оқып жүр. Әкем мені өнерге жетелеген емес Әкем қайтқан соң ғана оның әндерін айта бастадым. 11-сыныпта оқып жүргенімде қазақ-түрік тілдерінде өткен патриоттық әндер байқауына қатыстым. Республикалық, халықаралық деңгейге жеттім. Жүлделі орынға ие болмасам да, сахнаға деген сүйіспеншілігім артты. Өзіме, өнеріме деген сенім оянды. Облыстық түрлі шараларға қатыса бастадым. Зәмзән Дәуітов деген кісі бар, Нұрлан Өнербаевтың гитарадан алғашқы ұстазы болған. Сол Зәмзән ағай кезінде «Ақ жайық» деген аспаптық ансамбль құрған екен. Кеңес өкіметі құлағаннан кейін ансамбль жабы-лып қалған. Соны қайта жаңғырту мақсатында Айдар есімді туыс бауырым екеуміз осы ансамбльді қайта құрдық. Бүгінгі таңда «Ақ жайық» ансамблі республика көлемінде өнер көрсетіп жүр. Содан ынталанып, өнер жолына түсуді жөн көрдім. «Табылды – бүгінгі күннің жырауы» дейтін 10464054_685432404858268_4158749980349363483_nӘкемді қазақтан шыққан алғашқы бард дейді ғой. Бардизм – синкретті өнер. Өлеңін де, әуенін де өзі жазып, сол шығарманы өзі гитарада орындаушыларды бард дейді. Қазақшалап айтқанда – жырау. Әкемнің группаласы, журналист Серік Жанболат ағамыз: «Мен Табылдыны бард деп есептемеймін, ол – бүгінгінің жырауы», – дейтін. Әкемнің әндерін еліміздің түкпір-түкпірінде жатқа біліп, орындап жүр, кең таралған деп ойламаймын. Менің мақсатым – әкемнің шығармашылығын жоқтатпай, кейінгіге өз түпнұсқасында жеткізу, сақтау. Сол мақсатымның негізінде кәсіби музыкант болуым керек деп шештім. Қазір Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясының эстрада-вокал бөлімінде II курста оқимын. Грант негізіндегі оқуға іліге алмай қалдым. Оқуымның ақшасын Атырау облысының Мәдениет басқармасы төлеп келеді. «Сүлікқара» ауылда қалды Иманғали Тасмағамбетов Атыраудың әкімі болғанда әкеме гитара сыйлаған. Гитараның отаны саналатын Испаниядан әкеліпті. Бағасы нақты қанша тұратынын білмеймін, әйтеуір қымбат дейді. Әкем оған «Сүлікқара» деп ат қойған. Әзірге ол гитара ауылдағы үйде тұр. Кейін үлкен кештерде сол гитараны алып шығармын. Гитарасына ат қойғанымен, мені ерекше еркелетіп атаған емес. Тура атыммен атайтын. Атымды өзі қойған. Көпшілік өз атына ұқсастырып қойған екен деп ойлайды. Шын мәнінде, Адайда Абыл есімді күшті күйші болған екен. «Егер ұлым болса, атын міндетті түрде Абыл деп қоямын» деп, 20 жасында-ақ айтқан екен. Мені «братишкем» деп таныстыратын Мені «кемпір-шалдың баласы» деп, әке-шешем өздеріне меншіктеген емес. Өз әке-шешемді аға, жеңге дедім. Әкем мені үнемі қасынан тастамай ертіп жүретін. «Братишкем ғой» дейтін. Айтпақшы, 13 жасымнан бастап көлік жүргіздім. Әкемнің жеке шопыры болдым (күліп). Жора-жолдастары кездесіп қалса, «ойпырым-ай, сенің осындай інің бар ма еді» десе, «иә, Абыл екеуміз қызға ғана бірге барған жоқпыз, қалған жердің бәріне бірге барамыз» деп әзілдейтін. Әкем сияқты өлең, ән жазуға жоқпын. Мен тек орындаушымын. Өлең жазбасам да, поэзияны өте жақсы көремін. Сағат Әбдуғалиев сынды ақындардың шығармаларын сүйіп оқимын. Ол 24 жасында өмірден озған талайлы тағдыр иесінің бірі. Кезінде әкем оның шығармашылығының жоқтаушысы болып, өлеңдерін жинап, кітабын шығарып еді. Өткенде Елена апамызбен осы ақынның өлеңіне жазылған әкемнің әнін орындадық. Әкем қазақ шежіресін жатқа білетін Фото1403Менің әкеме ұқсаған тағы бір қасиетім – қазағымның өткеніне қызығамын. Тарихи орындарға барғанды ұнатамын. Аңыздарды сүйсіне тыңдаймын. Әкем қазақ шежіресін жатқа білгендердің бірі дей аламын. Кез келген қазақтың арғы атасын атап бере алатын. Индерден 30 шақырым жерде Қараой деген Махамбет бабамыз жатқан жер бар. Әкем Махамбет қорының директоры болды. Махамбеттің мазарын салуға үлес қосқандардың бірі. Сол мазардың қалай салынғанын көріп өскен баламын. Махамбетке қатысты деректерді мен де жақсы білемін. Жырларын жатқа оқимын. Әкем үйде бізге батырлар жөнінде де көп мәлімет айтып отыратын. Тойда ән айтқанын көрген емеспін Жылына екі мәрте концертке барса барды, болмаса ол да жоқ. Алматы, Астана сияқты үлкен қалада тұрмағандықтан да шығар, бәлкім, ауылдағы күйкі тірліктің әсерінен де болар, алысқа ұзап кете бермейтін. Ал тойда ән айтқанын көрген емеспін. Өзі кітапты көп оқитын. Үйдің бір бөлмесі кітапқа толы. «Мына кітаптарды бала күнімнен жиғанмын» дейтін. Өмірінің соңғы жылдарында Индер аудандық Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімін басқарды. Ауданға келген барлық зиялы қауым өкілдері біздің үйге келетін. Мәдениет саласында жүргендіктен, қонақтарды күтіп алу, шығарып салу әкемнің мойнында болатын. Фариза Оңғарсынова апамыз, Әбіш Кекілбаев атамыз жиі келетін. Өтежан Нұрғалиев, Ерсайын Жапақ сынды кісілер үйімізге қонақ болып кететін. Табылдының ұлы екенімді айтпаппын Қасымдағы бірге оқитын достарым Табылды Досымовтың ұлы екенімді енді біліп жатыр. «Тау алыстаған сайын биіктейді» дейді. Ол кісінің көзі тірісінде шығармашылығы аса насихаттала қойған жоқ. Өмірден қайтқан соң іздеп келушілер болды. Қандай да бір жетістікке жету жолында әкемнің атын пайдалануды ойламаймын. Қазір әкемнің шығармашылығын насихаттап жүрген азаматтар баршылық. Жерлес Тәуірбек Бозекенов, эстрада әншісі Жігер Ауыпбаев әкемнің әндерін орындап жүр. Ризамын. Әрине, кейбіреулер бұзып, сәл өзгертіп айтып жүр. Оған реніш айтпаймын. Кейін бәрін өзім қолға алып, түзетіп аламын. Ақтауда Есенбек Құлиев дейтін сазгер кісі бар, сол кісіге кезінде әкем әндерін үйреткен екен. Әкемнің көзі тірісінде әндеріне «жиендік» жасап кеткен жағдайлар көп болыпты. Радио мен теледидардан Табылдының әні деп беріліп жатса, еңбегі еленіп жатқанына жүрегім жарылардай қуанамын. Жарыққа шықпаған әндерін архивімде сақтап жүрмін Әкемнің жарыққа шықпай қалған біраз әні бар. Оларды келешекте жарыққа шығару менің мойнымдағы парыз деп санаймын. Мысалы, «Жамбының әні», «Ештеңе де керек емес», «Ақынның дауысы» дейтін әндерін көпшілік тыңдарман әлі білмейді. Барлық шығармасы менің архивімде сақтаулы тұр. Маған үйренетін нәрсе әлі де көп. Үлкен сахнаға әбден дайын болған кезде ғана шыққым келеді. Ол үшін көп күту керек болар, асықпаймын. Әйткенмен, шақырған концерттерге барып, өнер көрсетіп жүрмін. Алдында Елена Әбдіхалықова апамыз елеп, шақырғанына қатты қуанып қалдым. Концертінде көп көрерменнің бірі болып отырсам да, еш ренжімес едім. Бірақ, мен үшін 18 жасымда үлкен сахнаға шығу үлкен белес болды. Ағаштан түйін түйіп, сурет салатын Әкем жасөспірім шағында спорт шеберлігіне үміткер болыпты. Күреспен айналысқан. Бозбала шағында Қазақстанның намысын қорғап, Ресейдегі халықаралық жарыстарға да барыпты. Сондай-ақ, керемет қолөнер шебері еді. Ағаштан ою оятын. Қырдан, даладан қылыш сынды ескі бұйымдар-ды тауып келіп, соның сабын қайтадан жаңартып жасап алатын. Суретті де жақсы салатын. Қызметін асыра пайдаланған емес Әкемнің «шығармашылық кешімді өткізсем» деген арманы есімде. Өзі аудандық Мәдениет бөлімін басқарды, былайша айтқанда, бәрі де қолында тұрды. Дегенмен, қызметімді асыра пайдаланған боламын деп, ауданымызда кешін жасамады. Атыраудағы облыс сахнасында концерт берсем деп ойлап жүріпті. Бірақ, ол тілегі орындалмай кетті. Тіпті, жоспардағы кешінің бүкіл сценарийін, сахнаның көркемделуіне дейін сызып, жазып кеткен. Ол қағаз үйде сақтаулы тұр. Ал мен әке тілегін орындау үшін үлкен дайындықты бастап кеттім. Дәл қай жылы екенін білмеймін, бірақ бір күні, Алла амандық берсе, Табылдыны еске алу кешіне бәріңізді шақырамын. Әңгімелескен Қарлығаш ДОСАНОВА («Ұлан», №50 16.12.2014), zhasopken.kz