ҚОСТАНАЙ ҚОБЫЛАНДЫ БАТЫРДЫ ҚАБЫЛДАМАДЫ

кобыланды Қостанай билігі Қобыланды батырдың ескерткішін қоятын жер таппай, ұн шығаратын зауыттың ауласына лақтырып тастапты. Бұл туралы жаңалықты жұрттан бұрын білетін КТК телеарнасы хабарлады. Қаланың көркін ашып, еңсесін көтереді деген қара қыпшақ Қобыландының ескерткіші сөйтіп қажетсіз темір-терсектердің арасында жатқан көрінеді. Аты аңызға айналған атақты батырдың мүсінін жергілікті билік Шымкентте 18 миллион теңге жұмсап, арнайы жасатқан екен. Алайда Қостанайға келген Қобыландыға орын табылмай, шенеуніктер оны қала сыртына шығарып тастаған. Қазақ тарихы мен халқына үш қайнаса сорпасы қосылмайтындардың мүсіні жетіп-артылатын Қостанай қаласында Қобыланды батырға ұлтарақтай жер бұйырмағаны естір құлақтан ұят болды. Ең өкініштісі, қала билігі тарапынан елін, жерін қорғаған батырға құрмет көрсететіндей талпыныс та байқалмайды.